Әкімнің айтуынша Ақтөбе қаласындағы Жер кодексінің мәні мен мазмұнын түсіндіретін 4 қабылдау бөліміне 415 сұрақ келіп түскен. Оның 200-ден астамы баспана салуға жер телімін сұрау, 41-і жер телімін жалға алу және тағы 40-ы кәсіп ашу туралы ұсыныстар екен. Сонымен қатар, 40 адам жұмысқа орналасудың жолдарын біліпті.
«Биліктің кемшілігі – халықпен сирек кездесуі. Біз неғұрлым халықпен жиі кездессек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, біріншіден, өзіміздің мәселеміз шешіліп, екіншіден, халықты толғандырып жүрген мәселелерді жылдам шешіп, жағдайының жақсаруына көмектесе аламыз. Сондықтан бәрін ескере келе, құрылған топтар жұмыстарын әрі қалай жалғастырады деген шешім шығарылды»,- деді халықпен жүздесу кезінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Жиынға жиналған тұрғындар да өз кезегінде мұндай жұмыстың тұрақты түрде жүргізілуі қажет деген ұсыныс айтты және бұл ұсыныс қолдау тапты. Енді мемлекеттік қызметкерлер мен қоғамдық ұйым өкілдері алдағы 2-3 айда Қазақстан халқы ассамблеясы ғимараты, облыстық филармония мен драма театрда қабылдау өткізеді. Қабылдау нүктелеріне арнайы телефон қондырылып, жауапты қызметкер бекітіледі.
Облыс әкімдігінде өткен жиын кезінде өңір басшысы әлеуметтік желі арқылы халықты сабырға шақырып, митингтен бас тартуға үгіттеген бірқатар қоғам белсенділеріне ризашылығын білдірді.