Мейрамбек неге елеусіз қалды?

Dalanews 24 нау. 2016 21:54 1694

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ өнері дегенде кімдердің есімін атауға болады. Дәл бір осы өліара шақта кімдер өнерге қызмет етіп, қиындыққа шыдады? Рас, тоқырау жылдары кино мен театр жұмыс істеуін толықтай тоқтатқан жоқ. Бірақ олар халықтың мейірімін қандыратындай бұқаралық сипат ала алмағанын мойындауымыз керек. Театр мен «Қазақфильм» ілдебайлап өмір сүргенін бәріміз білеміз. Тек қана қазақ эстрадасының өрендері ғана қазақ өнерінің отын өшірмеді.

 

Өліара кезеңнің жұлдыздары

Мейрамбек дырду.01Бұл кезеңде өнердің ыстығына күйіп, аязына арқасын тосқан саусақпен санарлық әншілеріміз бар. Олар – Мейрамбек Беспаев, Саят Медеуов, Тоқтар Серіков, Сәкен Майғазиев, Қыдырәлі Болманов және Медеу Арынбаев.

Бүгінде біздер осы аты аталған азаматтардың қазақ ән өнеріндегі буын жалғастығын сақтап қалудағы еңбегін өз деңгейінде бағалай алмай жүрміз. Олардың еңбегін бағалау үшін сонау тоқсаныншы жылдардағы қиындықтарды еске алсақ жетіп жатыр.

Қазіргі таңда Мейрамбекті барша қазақ таниды. Бәріміз оны төбемізге көтереміз. Мейрамбек оған толықтай лайықты азамат.

Біздер Мейрамбек Алтынбек Қоразбаевтың қамқорлығында болғанын білеміз. Иә, Алтекең Мейрамбектің көпшілікке көрінуіне көмек жасады. Өз кезегінде Мейрамбек те Алтынбек ағамыздың халық арасына кеңінен танылуына жол ашқанын мойындауымыз керек. Егер «Бозторғай» әнін бала Мейрамбек орындамағанда, Қоразбаев қазіргідей танымалдыққа ие болмас еді.

 

«Азия даусы» кімге қызмет етті?

dalanews02Тоқсаныншы жылдары Мейрамбек, Тоқтар, Саят ән салып, өнердегі жолын бастағанда ән айту пайданың көзі болмады. Бір тойда ән айтып, қалтаны ақшаға толтырып шығу деген атымен жоқ болатын. Ән айтқаннан гөрі базарға шығып, сауда-саттықпен айналысқан пайдалы еді. Оның ішінде қазақ тілінде ән салу – зейнетінен гөрі бейнеті көп іс болғаны жасырын емес.

Тоқсаныншы жылдары қазақ әнін телерадиодан халыққа насихаттау мехнат тірлікке толы шаруа болатын. Ал орыс тілінде ән салған қазақ әншілері мұндай қиыншылықпен бетпе-бет келмеді. Қазақ, орыс тілдерінде қатар ән салатын әншілер жұртшылыққа танылып, амалдап өмір сүргенін білеміз.

Соны түсінген Қыдырәлі, Медеу және Ерландар сол кезде «АБК» тобының құрамында орысша да ән салғанын көзіміз көрді. Кейіннен «АБК» тарқап, Ерлан Көкеев орысша аудиторияға түбегейлі бетбұрды. Ал Қыдырәлі мен Медеу қазақша ән айтуларын жалғастырды.

Сол кезде «Азия дауысы» ән байқауында қазақ тілінде ән айтылғанымен, бұл байқау қазақ эстрадасының дамуына қызмет етті деп айта алмаймыз. Қазақ тілін білмейтін Мұрат Ерғалиев ұйымдастырған сол байқаулардың қазір ешкімнің есінде жоқ.

Сол байқаудан түлеп ұшқан мықты әнші мынау еді деп көрсететін өнер иесін де таппайсың. Жалпы, «Азия дауысы» мен «Жас қанат» Қазақстанда орыс тілінде ән салатын топтың амалдай тұруы үшін ұйымдастырылған шарасы еді. Бүгінгі «Супер стар» сияқты болмашы дүние болғанын мойындайтын кез жетті.

Қазақ өнеріне пайдасы жоқ «Азия дауысы» тоқтаған кезде оған ұлтжанашыры Иманғали Тасмағамбетовті кінәлағанын да білеміз. Бұл жерде Имекеңнің түк қатысы жоқ.

«Азия дауысын» қазақ өнеріне икемдей алмаған ұйымдастырушылардың кесірінен ән байқауы жұмысын тоқтатты.

 

Өнер үшін өмір сүрген

dalanews03Енді бастапқы әңгімемізге қайта оралсақ, тәуелсіздік жылдарындағы қиын кезеңде бұл буынның жоғары деңгейде музыкалық білім алуына мүмкіндік болмады. Мейрамбектің Тараз қаласындағы «Глинка» атындағы музыкалық мектептің Қобыз сыныбын оқып бітіргенін. 1994-1998 жылдары Т.Жүргенов атындағы театр академиясының «Актер, драма, кино» факультетінде білім алғанын білеміз.

Ал Саят, Тоқтардың қандай білім алғанын білмейміз. Бірақ олар Құдай берген талантының арқасында қазақ эстрадасының көшін өрге сүйреді, әлі де болса сүйреп келеді. Бұл үшін олардың алдындағы ағалары сияқты атақ та, сыйлық та сұраған жоқ.

Бұлардың алдында өнер көгінде қалықтаған ағалары бақытты. Нұрғиса Тілендиев, Кеңес Дүйсекеев, Нұрғали Нүсіпжанов сынды ағалары мемлекеттің қамқорлығын сезінді. Олар баспанаға қайтсем қол жеткізем деп басын ауыртқан жоқ. Олардың бірі тұтас оркестрді тізгіндесе, енді бірі радио мен телеарнада музыкалық редакцияны басқарып, қызметтің дәмін татты. Керек десеңіз, халық олардың еркелігін де бір кісідей көтерді. Сол кезде ел арасында «өнер адамы ерке келеді, оны түсіне білу керек» деген ұғым-түсінік қалыптасты.

Ал Мейрамбектердің буынын ешкім маңдайынан сипап еркелеткен жоқ. Оларға ешкім қызмет те, атақ та, сыйлық та берген жоқ. Олар да ештеңе дәметпеді. Әнін салып, әнсүйер қауымның құлақ құрышын қандырып келеді.

 

Олар жас емес

dalanews05Өмірі өнерге айналған Мейрамбек Беспаевты «Қазақфильмнің» режиссерлері неге бағаламай келді деген заңды сұрақ туындайды.

Күні кеше ғана қазақ шоу-бизнесінде батыл әрекетке баратын Баян Есентаева «Ғашық жүрек» фильмінде Мейрамбектің өмірін фильмде арқау етіп, талантты әншінің актерлік шеберлігін барша қазаққа паш етті.

Мәдениет министрлігіне Мейрамбек, Саят, Тоқтар сынды азаматтарды сайлау кезіндегі үгіт-насихат жұмыстарына ғана іздейді. Министрлік оларға халықтың ықыласы ерекше екенін жақсы біледі.

dalanews06Талай қиындыққа шыдап, өнер жолынан бір сәт те айнымаған Мейрамбек Беспаевқа «Қазақфильмді» басқармаса да, алып киностудияның бір саласын сеніп тапсырып, өнер ордасы халыққа бір табан жақындай түсер еді ғой. Мейрамбектің «Қазақфильмде» қызмет етуі бірінші кезекте «Қазақфильмге» қажет дүние. Ал Беспаев болса, қазақ өнері үшін «Қазақфильмде» қызмет етуден қашпас еді.

Күні кеше ғана «Қазақконцерт» ұжымы қысқартуға түскенін бәріміз куә болдық. Басты себеп, мемлекет тарапынан қолдау болмаған соң, өнер ұжымы жұмыс істеуін тоқтатты. Іргелі ұжымды ұзақ жылдар бойы басқарған Алтынбек Қоразбаевтың өзі мұны мойындады. Бұл ақталу ма?

Қазір біз нарықтық заманда өмір сүреміз. Сондықтан әрбір мекеме мемлекетке алақан жаймай өз бетінше өмір сүруге бейімделуі керек. Тәуелсіздік жылдары «Қазақконцерттің» көптеген концерт өткізіп, қыруар ақша тапқанын естімедік. Әйтеуір ілдебайлаған өмірді бастан кешті. Сондықтан мемлекетке арқа сүйеп өнер ұжымын басқарған Алтынбек Қоразбаевтың жаңа заманға бейімделе алмағандықтан жабылды деп байлам жасауға болады.

Мәдениет министрлігі «Қазақконцертті» кеңестік жүйенің психологиясын бойына әбден сіңірген dalanews07А.Қоразбаевтың қолынан алып, Тоқтар Серіковке тапсырғанда, өнер ұжымы мұндай пұшайман күйге түспес еді. Өйткені ол – жаңа заманға бейімделіп, әншілер арасында кәсіпкерлікпен айналысып жүрген бірден-бір азамат. Тоқтар «Қазақконцертті» басқарса, мемлекеттен қолдау күтіп отыра бермей, өзінше әрекет етер еді. Амал не, Мәдениет министрлігі тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезеңінде өнер көгінде самғаған мықты жігіттерімізге мүмкіндік бермей келеді.

Таяуда Ескендір Хасанғалиевтың ұлы Біржан П.Чайковский атындағы музыка колледжінің директоры болып тағайындалды. Ал мен бұл орынға Саят Медеуовті лайық көрер едім.

Мейрамбек, Тоқтар, Саяттар қазақ өнерінің өрісін кеңейтіп жүре беретіні анық. Олар бұл үшін мемлекеттен атақ та, қызмет те дәметпейді. Бірақ тұтас қазақ өнерінің қазақы реңк беретін арыстандай жігіттердің іргелі өнер ұжымдарын басқарып, жаңа қырынан танылатын кезі келді. Олар қашанғы ән айтып, тойларда жүре береді. Олар ұлттық мүдденің нағыз жоқтаушылары емес пе?

Иә, олар ескінің соңы, жаңаның басы болып тарихта қалатыны даусыз. Бірақ олардың өмірлік тәжірибелерін де пайдалануды ұмытпайық.

Нұрлан ЖҰМАХАН 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар