Қарапайым күзетші ағамыздың әңгімесі де қарапайым болатын. Бұған дейінгі кездесуімізде ағамыз өзінің Алматыдағы үлкен бір емханаға күзетші болып ауысқанын айтқан еді. Оның алдында шағын бір кәсіпорының өндірістік базасында қарауыл болып қызмет атқарған-ды. Әлгі мекеме мен ағамыз жұмыс істейтін күзет фирмасының арасындағы келсім-шарты аяқталғаннан кейін, жамағайын ағамыз емханаға қарауыл болуға ауысқан-ды.
Жақында туыс ағаймыз үйге келіп, тағыда әңгіме-дүкен құрдық.
– Аға қалыңыз қалай? Емхандағы жұмысыңыз қалай? Үйреністіңіз бе? – дедім.
– Емханасы бар болсын. Күні-түні адам арылмайды. Өте мазасыз жер екен. Жұмыс та ауыр. Емхананың бас дәрігері, одан кейінгі бастықтары бәрі-бәрі есіктің көзінде тұрған күзетшіге "әңгіме" айтуға құмар. Жасы үлкен кісі екен деп сыйлауды білмейді. Шені мен қызметін алға тартып, орынсыз сөйлейді. Содан кейін күзет фирмасындағы жігіттерге айтып, басқа тыныштау бір мекемемеге аусып кеттім, – деді ағамыз.
– Сонда олар не деп жүйкеңізге тиді?
– Емханаға ауысқаннан кейін екінші рет кезекшілікке түскен едім. Жұмыстың барысымен, яғни, емахана әкімшілігі берген нұсқаулықпен жақсылып таныстым. Қай жерге көліктің тұруы керек, қай жерге тұрмауы керек бәрін-бәрін жаттап алдым. Сол күні емхананың ауласына айғырдай кара "Ленд Крузер" мінген біреу екпіндей келіп тоқтады. Емхана әкімшілігі берген нұсқаулық бойынша ол жерге көлік мүлде тоқтауға болмайтын. Содан әлгі мықтыға "Бауырым, мұнда көлікті қоюға болмайды" деп айқай салдым. Ол мені кісі деп елеген жоқ. Бұдан кейін тағы да ескерту жасадым. Бір уақытта қолын бұлғап мені шақырды. Сыртқа шығып, көлікке қарай беттедім. Өзімнің осы емхананың қарауылы екенімді білдіріп, "бауырым, мұнда көлік қоюға болмайды" деп өзіме тапсырылған міндетті ескертіп келемін. Бірақ "Ленд Крузердегі" мықты менің сөзімді елең қылар емес. Қайта маған "аяғыңды тез-тез бассаңшы, жүгір" деп доқ көрсетпесі бар ма? Мен де сыр бермей "Бауырым, саған емпеңдеп жүгіретін жас бала емеспін ғой. Көлігіңді әкет! Емхананың бастығы көрсе бізге қызметтеріңді дұрыс атқармадыңдар деп ескерту жасайды" деп қоямын. Осылайша сөзбен арбасып, есік пен төрдей джип мінген мықтының жанына бардым.
Мықты: "Мені танисың ба?" деді. Мен: "Жоқ танмаймын, көлігіңізді сыртқа шығарыңыз" деп езеуреп қоймады. Ол: "Мен осы жердің Құдайымын ғой. Қалай білмейсің? Осы емхананың Бәлен Түгенович деген бас дәрігері мен боламын. Журналдарыңда менің көлігімнің нөмері жазулы тұр емес пе? Неге қармайсың?" деп дүрсе қою бермесі бар ма?
Жазық жерде сүрінгенімді білдім. Олардың өзі орнатқан тәртібі олар үшін көк тиындық құны жоқ қой. Содан "Кешіріңіз, бұл жерге жақында ауысып келіп едім. Енді қайталанбайды" деп мұрнымның астымнан міңгірлеп ақталғандай болдым. Бәлен Түгенович болса, менің ақталған сөзімді тыңдаған да жоқ. Көлігінен түсіп, жұмысына кіріп кетті. Емханада жүргенде радцияға да тыным жоқ. Бас дәрігердің орынбасары "Бастықтың келгенін маған бірден неге ескертпейсіңдер! Мен ол кісіні қарса алуым керек қой" деп орынсыз әңгіме айтқаннан кейін емханда ұзақ жұмыс істей алмайтынымды түсіндім. Жоқ жерден жазықты бола бергенше, ың-шыңсыз басқа жерге ауысқанды жөн санадым. Осылайша емхандағы күзетішілік қызметімінің ғұмыры қысқа болды, – деді ағамыз.
– Енді қайда жұмыс істеп жүрсіз?
– Қазір үйіме жақын жерде бір кәсіпкердің өндірістік базасында күзетіп жүрмін.
– Қалай, ол жердің "Құдайы" жүйкеңізге тиіп жүрген жоқ па? – дедім.
– Жоқ. Қазіргі жұмыс орыным тыныш. Өткендегі бас дәрігердің әңгімесінен кейін бастықтармен "дұрыстап" сөйлесетін болдық қой. Бірақ кәсіпкер жігіт өте қарапайым, кішпейіл. Ол жұмысқа келгенде қарамағындағы жұмысшылардың қоғадай жапырылып, "құрмет" көрсетуін талап етпейді. Қайта ол әрқайсымызбен қол алысып амандасып, жұмысымызды, жағдайымызды сұрайды. Бас дәрігер секілді басы-артық қошеметке мұқтаж емес. Қазіргі бастығымыз үшін әрқайсымыздың өзімізге жүктелген міндетті адал атқарғанымыз ғана қажет, – деді ағамыз.
Осы бір жайттан нені аңғаруға болады? Бұдан мемлекеттік мекемені басқарған басшылардың мемлекет мүддесі үшін тиімсіз жұмыс істеп жүргенін байқауға болады. Қазір мемлекеттік мекемені басқарып жүрген ағаларымыз өзін жарты Құдай сезінетіні жасырын емес. Бұл ащыда болса шындық.
Олар қарамағындағы қызметкерлерінің алдында құрдай жорғалағанын қалайды. Жұртты ашса алқанында, жұмса жұдырығында ұстағысы келеді. Олардың басты мақсаты қызметін, қызметтік көлігін сақтап қалу ғана. Сол үшін өзінен үлкен бағынышты адамдардың алдында жалбақтап, құрақ ұшады. Ал өзінен төмен қызметкерлерге тырнақ батырып, оларды қорқыныш пен үрейдің құшағында ұстағанды жөн санайды.
Мұндай басшыдан халыққа, мемлекетке не қайыр, не үміт?
Ал бизнеспен айналысып (адал еңбегімен кәсіпкерлікпен айналысып жүрген туралы атып тұрымын), қандайда бір жетістікке жеткен азаматтар үшін қарамағындағылардың өзіне жүктелген міндетті адал атқарғаны ғана керек. Орынсыз қолпаштау, орынсыз құрметті олар үшін түк те қажеті жоқ. Міне, Қазақстанның болашағын осындай адамдармен байланыстыруымыз керек. Күзетші ағамыздың әдепкі әңгімесі менің осындай байлам жасауыма әсер етті.
Нұрлан Жұмахан, журналист