Сондай шаралардың бірі, Астана қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Әлем» волонтерлік орталығы» ЗТБ-ы ағымдағы жылдың сәуір және қараша аралығында «Қыздардың өнегелі тәрбиесіне бағытталған кездесулер өткізу»жобасын өткізген болатын.
Бұл жоба елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.
Аталмыш жоба аясында елордадағы жоғары оқу орындары мен колледждерде кездесулер өткізілді. Онда еліміздегі бойжеткендердің тағдыры, өнегелік тәрбиесі және гендірлік саясатқа қатысты тақырыптар мен қатар өзге де өзекті мәселелер талқыланған болатын.
Сәуір айынан бастап 19 кездесу ұйымдастырылды. Олар Елордада орналасқан «Тұран» колледжінде және «Көлік және коммуникация», «Көпсалалы колледж» МКҚК, «Гуманитарлық колледж» МКҚК, «Шипагер» Медициналық колледж мекемесі және тағы да басқа оқу орындарындағы қыздарға арнап ұйымдастырылды.
Кездесулер барысында қыздар білікті психологтар мен түрлі ұйымдардың басшыларымен жүздесіп, кеңестер тыңдады.
Атап айтар болсақ, 21 қыркүйек күні «Көпсалалы колледждің» 1-2 курс қыздарымен болған кездесуге тәжірибелі психологтар Ольга Яковенко мен Миляуша Рустамқызы шақырылып, мамандар бұл кездесуде қыздарға отбасы құндылықтарын, ұнату мен ұнатпаушылықтың арасын, қандай қадамдар қыздардың болашақ отбасылық өмірін бұзатынын және әйел денсаулығының қауіпсіздігін қалай сақтау керек екендіктері туралы сөз қозғап, түсіндіру жұмыстарын жүргізген болатын.
Сонымен қатар, әрбір кездесуде жас қыздарға махаббат сезімі мен оның түрлері туралы айтылып, жасөспірім қыздардың неліктен жұптық қатынасқа ерте түсетіндігі пікір тудырып, одан сақтану дағдылары түсіндірілді.
Бұдан басқа өткен шараларға психолог Марина Мұхамбетқызы, «Асыл бала» Республикалық Ассоциациясының атқарушы директоры Гүлзат Ерғазынқызы, «Мое возрождение» психологиялық орталығының психологы Альбина Фахразқызы, «Замандас 21» ҚҚ-ның атқарушы директоры Ксения Радионова, “Аққу” Әйелдер дамыту орталығының басшысы Ақгүл Абдалиева, сынды өз ісінің белгілі мамандары шақырылған болатын. Әрбір кездесуде спикерлер тындармандарға қыздардың тәрбиесі, ер азаматтармен қатынастың қандай болу керектігі, әйел гигиенасы мен аурулары туралы ақпараттармен сусындатуға тырысты.
Бұл жобаның негізгі мақсаты, елбасымыз «Қазақстан-2050» стратегиясында айтқандай «Бәрінен бұрын біз қыздардың тәрбиесіне көңіл бөлуіміз керек. Себебі олар-болашақ әйел, болашақ ана және отбасының қамқоршысы» деп айтқандай ұлт болашағы саналатын қыздардың келешегі үшін жасалып жатқан игі шара.
Осыны ұғына білген Астана қаласының әкімдігіне шараға қатысқан қыздардың алғысы шексіз. Өйткені өзіміз білетіндей қыздардың көбі жасөспірім шақта туындайтын мәселерді ешкімге айтпайды және кеңес сұрамайды.
Осы орайда, олар психологтардың көмегіне зәру деп айтсақ қателеспейміз. Ұйымдастырушылар жоба аясында 29 кездесу өткізу көздеп отыр. Сондықтан осы айда болатын 11 кездесуге елордалық сұлулар барып қатыса алады.
Қарашаш Есенбай