Құрылысы енді басталған кездегі қарапайым алаңнан бүгінде «Қазақмыс» корпорациясының қаржыландыруымен еңсе тіктеп, ішкі әрлеуі мен абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын, 3 000 адамға шақталған зәулім де заманауи облыстық мешітке айналды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Нысанның құрылысы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның қаржыландыруымен жүзеге асырылуда. Таяуда мешіттің ашылу салтанаты болады.
Жаңа мешіт қазірдің өзінде қала тұрғындарының назарын аударуда. Жезқазғандықтар нысанның ашылуын асыға күтіп, әлеуметтік желілерде мешіттің фотосуреттерімен және видеосымен бөлісуде. Қала тұрғындары мешіттің шаһар келбетінде ерекше орын алатынын атап өтуде.
Құрылыстың бастапқы кезеңі мен қазіргі келбетін салыстыру:


Жаңа мешіт қаланың орталық бөлігінде, Кеңгір су қоймасының жағалауына жақын жерде орналасқан. Қазіргі уақытта нысандағы ішкі әрлеу, инженерлік жүйелерді монтаждау және іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары аяқталу сатысында.
Мешіт бір мезгілде 3 000 адамға дейін қабылдай алады және Ұлытау облысындағы ең ірі діни нысандардың біріне айналады.
Жобаны іске асыру Қазақмыстың Жезқазған қаласы мен өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесінің бір бөлігі болып табылады. Компания қалалық ортаны дамытуға және қоғам үшін маңызды нысандарды салуға бағытталған жобаларды қолдайды.