Қазақстанда вагондарды тексеретін ЖИ жүйесі енгізіледі

Қазақстанда вагондарды тексеретін ЖИ жүйесі енгізіледі
UKIMET

Қазақстанда теміржол вагондарының техникалық жағдайын автоматты түрде анықтайтын интеллектуалды диагностикалау жүйесі енгізіліп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Үкімет отырысында «Қазақстан темір жолы» басқарма төрағасы Елжас Отыншиев баяндады.

ҚТЖ тасымалдау процесін толық цифрландыруды жоспарлап отыр. Жаңа тәсіл жүк және жолаушылар тасымалын, теміржол инфрақұрылымын, қозғалысты басқаруды және цифрлық сервистерді бірыңғай жүйеге біріктіруге бағытталған.

«Біздің міндетіміз – әр процесті жеке-жеке цифрландыру емес, олардың барлығын тасымалды басқарудың бірыңғай цифрлық жүйесіне біріктіру», – деді Елжас Отыншиев.

Цифрлық жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін магистральдық желіде LTE-R негізіндегі ҚТЖ-ның жеке Private 4G технологиялық байланыс желісін құру жоспарланып отыр. Ол 16 мың шақырымнан астам магистральдық теміржол желісін қамтиды.

Осы инфрақұрылым негізінде заманауи басқару жүйелері мен жасанды интеллект технологияларын енгізу көзделген. ҚТЖ бұл шешімдер тасымалдау процесінің тиімділігін 10–15 пайызға арттыруға мүмкіндік береді деп күтеді.

Жобалардың бірі – Smart Диагностика. Жүйе теміржол жолдарындағы ақаулар мен ықтимал тәуекелдерді алдын ала анықтап, жағдай күрделене қоймай қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді. Жобаның 2030 жылға дейінгі экономикалық тиімділігі 100 млрд теңгеден асады деп бағаланып отыр.

Сонымен қатар жылжымалы құрамды интеллектуалды диагностикалау үшін KinetiX жүйесі енгізілуде. Бұған дейін вагондардың техникалық жағдайын негізінен мамандар қолмен тексерсе, жаңа жүйе бұл процесті автоматтандырады.

Камералар мен машиналық көру технологиялары қозғалыстағы пойыздарды автоматты түрде тексеріп, вагондардағы ақауларды анықтайды. Техникалық тексеруді қажет ететін вагондар алдын ала белгіленеді.

Сегіз ай ішінде жүйе арқылы 1 млн-нан астам вагон диагностикаланған. Нәтижесінде 17,6 мыңнан астам ақау анықталды, оның 448-і қауіпті деп танылған.

Жаңа технология пойыздарды техникалық тексеру уақытын 30 пайызға, ал қол еңбегін 70 пайызға қысқартуға мүмкіндік береді.

ҚТЖ-ның цифрлық трансформациясы жолаушылар тасымалын да қамтиды. Қазірдің өзінде 1 500-ден астам вагон интернетпен жабдықталған. Starlink спутниктік байланысы 51 бағыттағы 108 пойыз құрамында іске қосылған.

Осылайша Қазақстан ішінде қатынайтын барлық жолаушылар пойыздары интернетке қосылған. Бұл қызметті жыл сайын 11 млн-нан астам жолаушы пайдалана алады.

Қазіргі уақытта ҚТЖ «Транстелеком» АҚ-мен бірлесіп жолаушыларға интернет қызметін ұсыну шарттарын пысықтап жатыр.