2013 жылы Алматыда бастау алған форум бүгінгі күні республика деңгейінде жүзеге асырылуда. 4 жыл ішінде форум 5 мыңнан астам білімді, белсенді, талантты, дарынды жастардың басын біріктіріп ғана қоймай, студенттердің жасампаз еңбектерін қолдауға бағытталған бірден-бір алаң. Жаңа таланттарды ашып, әр қатысушының өміріндегі маңызды кезең және олардың кәсіби өсуі мен шығармашылық өрлеуінде рөлі орасан зор.
Жалынды жастардың басын қосқан айтулы байқау жиналған жұртшылықты да жай қалдырмай, көрерменге рухани ләззат сыйлады. Патриоттық форумның гала-концертінде мемлекеттік туымыз көкке көтеріліп, Қазақстан Республикасының Әнұранымен бастау алды. ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанұлы сөз сөйлеп, байқаудың маңыздылығын атап өтті. «Бұл шынымен де республика бойынша жастарға арналған ірі жоба деп айтуға болады. Жобаның мақсаты- біздің болашаққа деген сенімімізді нығайту. Биыл ел Тәуелсіздігіне 25 жыл толып отыр. Әрқайсымызды мемлекет азаматы, патриот ретінде «Мен елім үшін не істей аламын?», «Мемлекет дамуында қосар үлесім қандай?» деген ой толғандыратынын білемін. Осы тұрғыда бүгінгі байқау жастардың ой-толғамын шынайы дәлелдеуі үшін жүзеге асырып отыр.Өйткені, Елбасы айтқандай, Қазақстан Мәңгілік ел болып қалу үшін біз жастарға сенуіміз керек!»,-деді өз сөзінде Ғ.Мұтанов.
Гала-концертке өнер жұлдыздары мен ҚазҰУ жастары белсенді ат салысты. ҚазҰУ жастары «Менің Қазақстаным» әнін, «Ұлытау» тобы «Адай» күйін орындап, студенттер мен қалың қауымды одан әрі шабыттандыра түсті. Әнші Мадина Сәдуақасова әсем әнімен тербетіп, «Бақыт» би ансамблі мың бұралған биін тарту етті. Сондай-ақ, ән байқауының жеңімпаздары «Көк тудың желбірегені» әнімен көпшіліктің патриоттық сезімін арттыра түскені рас.
Бір ай көлемінде республикамыздың 63 жоғары оқу орындарынан 1,5 мыңнан астам жұмыстар келіп түсіп, олардың ішінен оқ бойы оза шапқан 281 автор гала-форумға қатысты.
Белгілі қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар күні бүгінге шейін келіп түскен жұмыстардың тұжырымдылығы мен шығармашылық әлеуетіне қарап саралап, сараптады. Қатысушылар шығармашылығына баға берген әділқазылар құрамында "Ақиқат" ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы, ақын Аманхан Әлім, жазушы-журналист, “Қазақ газеттері” жеке шаруашылық серіктестігінің Бас директоры - редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин, белгілі композитор Владимир Питерцев, Қазақстандық арнайы экономикалық аймақ Комитетінің «инновациялық технология Паркі» жобасының бастығы Марат Сариев, Алматы қалалық «Жас Отан» жастар қанаты филиалының төрағасы Айдана Сыдықова және Қазақстан Ұлттық телеарнасының продюсері Жаңыл Асылбекова болды.
Қазылар байқау қатысушыларын арнайы номинациялармен мадақтап , бағалы сыйлықтар табыстады. Ал бас жүлде иегерлеріне ҚазҰУ-да бір жыл тегін оқу гранты бұйырды. Сонымен, «Еліміздің инновациялық дамуына менің қосқан нақты үлесім» атты инновациялық жоба байқауында М.Х. Дулати атындағы ТарГУ студенті Каршева Ксения жеңімпаз атанып, өз әсерімен бөлісті.
- Қуанышымда шек жоқ. Біздерге осындай мүмкіндіктер жасаған ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Мен еліміздің ииновациялық дамуына қосқан нақты үлесім» атты инновациялық жобалар байқауы бойынша жеңімпаз атанып отырмын. Маған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де 1 жыл тегін оқу гранты беріліп отыр. Мүмкіндік болса, магистратурамды осы ЖОО-да жалғастырғым келеді, - деді ол.
Ал «Мен жастарға сенемін!» поэзиялық шығармалар байқауында М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Ғилымжанов Мәрлен ақындар арасынан мықты деп танылды. Мәрлен байқау барысында қиындық болмағанымен, аталмыш жарыстың жастар үшін керектігін айта кетті.
«Мен мемлекетімнің гүлденуі үшін не істей аламын?» атты эсселер байқауында «Нархоз» университетінің студенті Негізбаева Саида, «Мәңгілік ел мұратым!» атты патриоттық әндер байқауында Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің студенті Тулеев Айдар жеңімпаз атанып, жастардың рухани кемелденуіндегі байқаудың рөлін атап өтіп, ұйымдастыруышыларға алғыстарын білдірді.
Жазерке Каратаева