Ең әуелі, Үкімет басшысы Алтай қаласының ауданаралық ауруханасының инсульттік және кардио орталықтарының жұмысын бақылады. Соңғы бірнеше жыл ішінде аталмыш аурухана заманауи медициналық орталыққа айналғаны белгілі. Емдеу нысандағы медицина қызметкерлері инсульт, жүрек және басқа да қатар жүретін аурулармен тиімді күресіп келеді. Аурухананы модернизациялау Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен жүзеге асқанын айта кетуіміз керек. Бұл үшін облыстық бюджеттен қажетті қаражаттар уақытында бөлініп келеді.
Аурухана ғимараттарының бір қабатында инсульт орталығы жұмыс істейді. Оны жабдықтауға 600 миллионға жуық теңге бөлінген. Жалпы, орталықты құруға шамамен 800 миллион теңге жұмсалғаны белгілі.
Бүгінде Алтай қалайсы аймағынан немесе оған жақын орналасқан елді мекендерден инсультпен ауырған кез келген науқас білікті мамандардан ем алып, өмірін сақтап қалу мүмкіндігі туып отыр. Бұрын инсульт алған пациенттерді облыс орталығына апаруға тура келетін. Енді мұндағы жұрт Өскеменге шабылмайды.
Орталық жылына 400-ден астам пациентке қызмет көрсететін мүмкіндікке ие. Осылайша орталық Шығыстағы үш бірдей ауданның (Алтай, Күршім және Катонқарағай) халқына қызмет көрсетіп, адам өмірін сақтап отырған жай бар.
Бүгінде жергілікті перзентхана да жаңартылып, іске қосылған. Өткен жылы перзентханаға құны 350 миллион теңгенің жаңа жабдықтары сатып алынған болатын. Еуропаның жетекші медициналық орталықтарында қайта даярлаудан өткен перзентхана дәрігерлері шала туылған сәбилерді өмірін сақтап қалуда тиімді жұмыстар атқарып келеді.
Сонымен қатар, Асқар Мамин өңірге жасаған жұмыс сапарында Өскемен қаласындағы облыстық балалар ауруханасына барып, онда реанимациялық және операциялық блоктардың жұмысымен танысты. Мұнда мамандар Үкімет басшысына COVID-19 індетіне шалдыққандарды иммундық плазма арқылы емдеуге қатысты ғылыми жоба жайында кеңінен әңгімелеп берді.
Өткен жылдың аяғында ашылған балалар ауруханасы 200 орынға арналған, онда бір мезетте науқастарды емдеп, реабилитациядан өткізетін болады. Озық заманауи қондырғылармен жабдықталған медициналық нысан балалар ауруын бастапқы кезде анықтауға мүмкіндік беретінімен де ерекшеленеді.
Шығыс Қазақстанда медициналық кадрларды даярлаудың аймақтық бағдарламасына сәйкес, үш жыл ішінде облыстың 9 мыңға жуық дәрігері қайта даярлаудан өтетін болатын. Бұған бюджеттен 3,5 млрд теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ, ШҚО дәрігерлері Италия, Ресей, Израиль, Ұлыбритания, Корея, Украина және Литвадағы дәрігерлердің шеберлік сабақтарына қатысып, кәсіби біліктіліктерін барынша көтергенін айта кетуіміз керек.
Алдағы үш жыл ішінде медицина қызметкерлері педиатрия, акушерлік білім мен гинекология, онкология, жедел медициналық көмек, нейрохирургия және неврология, кардиология және жүрек хирургиясы, травматология мен оңалту бағыттары бойынша оқытудан өтеді деп күтілуда.
Әсем ЖЫЛҚЫШИЕВА, Шығыс Қазақстан облысы.