"5,4 млрд теңгеге субсидия алғандардың 3 мыңға жуығы тіпті агроөнеркәсіп кешенінің субъектілері емес". Бүгін Мәжіліс депутаттары алдына шыққан Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов осылай дей келе, көптің жүрегін ауыртатын - ауыл, онда да ауылшаруашылығы саласындағы түйіткілді мәселелерге, әсіресе субсидия жайына ерекше тоқталды, деп жазады Dalanews.kz.
Ауыл шаруашылығының экономикалық маңыздылығы жоғары бола тұра, өкінішке қарай, еліміздің жалпы ішкі өніміне қосатын үлесі аз, нақтырақ айтсақ, орта есеппен 5%-ға жуық. Смайылов ауылшаруашылығы саласының кегежесін керіге тартып жатқан басты бес себепті атады:
- өнімділіктің төмен болуы,
- суармалы жер көлемін ұлғайту қарқынының баяулығы,
- суды тиімсіз пайдалану,
- көлік-логистикалық инфрақұрылымның әлсіз дамуы,
- материалдық-техникалық жарақтандырудың жеткіліксіздігі және басқалар.
Осы проблемаларды шешуде, Үкімет субсидиялау үлкен рөл атқаруы тиіс деп санайды. Ал шынтуайтында, бұл құрал өзіндік мақсатын тиімді атқара алып отыр ма? Міне, осындай сипаттағы Мәжілістің тапсырмасына сәйкес, Жоғары аудиторлық палата аудит жүргізген болып шықты.
- Жалпы аудит нәтижелері бойынша 142 млрд теңге бюджет қаражатының тиімсіз жоспарланғаны және пайдаланылғаны, 2 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды.
- Экономикалық шығындар мен жіберіп алған пайда шамамен 5 млрд теңгені құрады.
- Бюджетке 2 млрд теңге өтелді және қалпына келтірілді.
- 4 факт бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберіледі. 322 материал әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жіберілді.
"Аудиторлық іс-шараның негізгі қорытындыларына тоқталып өтейін. 5 жыл ішінде субсидиялауға бюджеттен шамамен 2 трлн теңге бөлінді. Алайда бірқатар жүйелі проблемалар олардың әсерін шектеп отыр. Бірінші. Саланы дамытуда стратегиялық жоспарлаудың кемшіліктері мен сабақтастықтың болмауы. Ауыл шаруашылығы министрлігі соңғы 10 жылда бірнеше бағдарламалық құжат қабылдады. Олардың көбі соңына дейін жеткізілмеген. Іске асыру барысында мерзімінен бұрын күші жойылған. Басымдықтар үнемі өзгеріп отырады. Бұл саланы мемлекеттік қолдаудың тиімді жүйесін құруға кедергі келтіреді. Ал бұрмаланған ведомствалық статистикалық деректер нақты бағдарларды қалыптастыруға теріс ықпалын тигізді. Нәтижесінде жекелеген нысаналы индикаторлар тым жоғары деп танылып, соңынан төмендетілген. Бірақ бұл да Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тұжырымдамасының нысаналы индикаторларының 40%-дан астамының табысты іске асырылуын қамтамасыз ете алмады", - деді Әлихан Смайылов.
Субсидиялау жүйесінде кемшіліктер бары, оның түрлері мен бағыттары үнемі өзгеріп отыратыны белгілі болды.
"Оларды ұсыну тетігі де іске асыру барысында өзгереді. 5 жылдың өзінде 70-тен астам өзгеріс енгізілді. Ережелер жекелеген жағдайларда кешіктіріліп қабылданған. 5 жылдан астам уақыт өтсе де, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды ұлғайтуды субсидиялау жөніндегі ережелер әлі де жоқ. Бұл осы бастамалар ұсынылған уақытта субсидиялау тәсілдерінің пысықталмауы себебінен орын алып отыр. Мұндай жағдайда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жаңашылдықтарға бейімделуі қиын және мемлекеттік қолдау шараларына сенімсіздіктің туындауына әкеледі. Субсидиялау көлемі артып келеді, алайда оларды тиімді пайдалану мәселесі шешілген жоқ", - дейді бас аудитор.
Сондай-ақ субсидиялаудың нақты басымдықтары белгіленбеген. Бұл субсидия қаражатын көптеген бағытқа шашуға ықпал етеді.
"17 бағыт бойынша 67 субсидия түрі бар, ал олардың әсері шамалы. Сонымен қатар нақты нысаналы индикаторлар айқындалмаған. Сарапшылардың бағалауы бойынша, бағыттардың көптігіне байланысты субсидиялардың бірқатары 2 есе аз қаржыландырылады. Көп жағдайда субсидия алуға берілген өтінімдердің орындалуы 2 жылға дейін созылады. Субсидия алушыларға бағалау жүргізілмейді. Мұның бәрі өз қызметін субсидия алғанға дейін немесе одан кейін тоқтатқан 2,5 мыңнан астам субъектіге 5 млрд теңге субсидия төленуіне әкеліп соққан. 5,4 млрд теңгеге субсидия алғандардың 3 мыңға жуығы тіпті агроөнеркәсіп кешенінің субъектілері емес. Мұндай жағдайларда субсидиялаудың тиімділігі туралы айтудың өзі де қиын", деп өкініш білдіреді Смайылов.
Сондай-ақ, бұл арада қарсы міндеттемелердің болмауы келелі мәселе ретінде көтерілді. Өйткені субсидия алушылардың көпшілігі мұндай қолдау шараларын түпкілікті нәтижеге көздемей, өздерінің шығындарын өтеу бойынша мемлекеттің міндеті ретінде бағалайды. Субсидияларды төлеу "әлеуметтік сипатқа" ие болып отыр:
"Қарсы міндеттемелердің қажеттілігі Агроөнеркәсіп кешенін дамыту тұжырымдамасында белгіленіп, 2022 жылдың соңынан бастап енгізілуі керек болатын. Іс жүзінде олар 17 субсидия бағытының төртеуіне ғана енгізілген. Қарсы міндеттемелер нақты, оңай бақыланатын көрсеткіштер болуы керек және субсидиялардың нәтижелілігін көрсетуі тиіс. Ең алдымен, олар өнімділіктің жоғарылауына, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етуі қажет. Бірақ қарсы міндеттемелерді айқындаудың қолданыстағы тәсілдері мұны қамтамасыз етпейді. Олардың орындалуын тексеру алгоритмі құрылмаған. Субсидиялардың 15 бағыты бойынша міндеттемелердің орындалу фактісін растайтын есептілік нысандары жоқ".
Сондай-ақ Смайылов субсидиялардың әсерін бағалаудағы формализм мен субсидиялау процесін автоматтандыру мәселелеріне тоқталды.
Оның айтуынша, субсидиялаудың қарапайым және айқын алгоритмі қажет.
"Ісіңді тындыр – көмегіңді аласың" дегендей, шаруашылықтар түпкілікті нәтиже бойынша субсидияалуы тиіс. Сонда ғана субсидиялардың арқасында жұмыс істеп тұрған тиімсіз шаруалар одан әрі дамығысы келетін адал фермерлерге жол береді. Саланың стратегиялық құжаттарын іске асыруға бөлінетін қаражаттың әсерін барынша арттыратындай етіп субсидиялар тізбесін қайта қарау қажет. Субсидиялар өнімділікті арттыруға және озық агротехнологияларды енгізуге ынталандыруы тиіс. Сала субъектілеріне кредит беру, сақтандыру мүмкіндіктерін және басқа да қолдау құралдарын кеңейту қажет екені анық. Мысалы, фермерде кепіл мүлкі болмаған немесе жеткіліксіз болған жағдайда мемлекеттік даму институттары тарапынан кепілдік беру маңызды. Цифрландыру субсидияларды бөлудің ашықтығына және бюрократиялық жүктеменің төмендеуіне әкелетіні анық", - дейді ол.