Посткеңестік елдер арасындағы кәрістердің есімдері – Олег Ким, Владимир Нам болып кете береді. Әрине, орысқа сіңіп, күн көру үшін кәрістердің осындай қадамға барғаны белгілі.
Ойлаңызшы, кәрістен басқа қаншама халық ормандай орыстың езігісінде болды. Қазақ, ұйғыр, шешен, түрік, поляк, эстон дейсіз бе? Бірақ осы аты аталған ұлттардың ешқайсы есімін орысшалаған жоқ.
Тағы бір қызығы аты-жөндерін орысшалаған кәрістердің түп-тамырынан, салт-дәстүрінен басқа ұлттар сияқты қатты ажырғанын да шындық.
Бүгінде Қазақстанның қай қаласына барсаңыз да кәрістің сан түрлі тағамы бойынаш ас-су дайындайтын дәмхана алдыңыздан шығады.
Тіптен, қазір қазақтың тойы кәрістің салатынсыз өтпейтінін жұрттың бәрі біледі. Осылайша кез келген жағдайға бейімделіп, өзінің ұлттық тамырынан айырылмайтын кәрістерден қасиеті мені қайран қалдырды.
Шар тарпты шарласаңыз, кәрістей толерантты ұлтты таппайсыз. Сондықтан бір мекемеде бірге істейтін Олег Киммен соңғы кездері жиі араласа бастадым. Қазақстандағы кәрістердің тыныс-тіршілігі, ой-пайымы жайында біле түсуге ықыласым ауды.
Кимнің мерекелік кештерде, түрлі басқосуларда анау айтқандай көзге түскенін көрген емеспін. Қашан көрсеңіз жылы жымиып, жусаннан аласа, бетегеден биік қалпынан айнымайды.
Олег Кимнің әке-шешесі Қиыр Шығыста туғанымен өзі кіндік қаны Қазақстанда тамған, таза "қазақстандық" азамат.
Бірақ қазақ тілін білмейді. "Қалайсың", "жақсы", "жаман" деген төрт-бес сөзден кейін қазақшасы таусылады.
Онымен ашылып сөйлескенде "кәріс тілін білесің бе" деп сұрағанымда, ана тілін де білмейтін болып шықты. Содан кейін "Кореяға бардың ба?" деп едім. Ата-бабаларының кіндік қаны тамған коре еліне де ат ізін салмағанын білдім. Бұдан кейін тілімнің ұшына келіп қалған "Сен өзі – оңтүстіктің, әлде солтүстіктің кәрісісің бе" деген сұрақты қойсам, саяси қате болатынын түсіндім.
Осылайша Олегжанға біраз сұрақ қойғаннан кейін оның өз елімен болашағын байланыстырмайтынын толық көз жеткіздім.
– Олег, сенің атың орысша, тегің кәрісше, бұл қалай? Неге атыңды кәрісше қоймаған, – дедім.
– Білмеймін. Әке-шешем солай қойған. Олар кезінде Қиыр Шығыста тұрып әбден орыстанған ғой, – деді. – Бірақ
біз қазір Ресейде емес, Қазақстанда тұрамыз. Алдағы уақытта отбасын құрып, балалы болғанда ұлымның атын Қайрат Ким деп қоямын.
Кермет емес пе? – деді.
– Қайрат Ким, жақсы естіледі екен. Өте дұрыс, – деп кәріс досыма ішім жылып қалды.
Әне, өзге ұлт өкілдері қазақылануға дайын. Алдағы уақытта Болат Ивановтар, Қайрат Кимдер өмірге келіп жатса, ұлтаралық татулықтың нағыз белгісі болатыны анық. Болашағын Қазақстанмен байланыстыратын Олег Ким сияқты өзге ұлттар көбейсін, арамызда!
Нұрлан ЖҰМАХАН