Наурыз – ізгілік пен игіліктің мерекесі

Dalanews 21 нау. 2018 04:47 669

Шуақты көктемнің келгенін білдіретін наурыз – халқымыз үшін мерекелі һәм берекелі ай. Қыстан шығып, көңілі көлдей шалқыған көшпелі жұрттың тұрмысында ерекше орын алған ұлттық мейрамымыз осы айдың еншісінде.

Ұлыстың ұлы күнінде жасалатын ұлттық әдет-ғұрыптардың ұрпаққа берер тәрбиесі мен тағылымы мол. Асыл дінімізбен үйлескен ұлттық мерекеміз адамзат баласын бауырмалдық пен татулыққа, мейірбандық пен достыққа үндейді.

Жас­­қа жақсылық тілеу – жаса­мыс­тың мызғымас міндеті. Үмбетей жырау: «Ақ­­сақалға жарасар, тілеуқорлық ай­­ласы», – деп жырлайды. Мерейлі мереке күндері абыз ақсақал мен батагөй қарияның: «Кө­­сегең көгерсін», «Жасың ұзақ бол­сын», «Қа­та­рың­ның алды бол», – де­­ген бата-тілегін алған бала «ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін» болады. Балаға бата беру, ол үшін Жаратқаннан жарылқау тілеу – пайғамбарлар заманынан бері келе жатқан сауабы мол сүннет амал.

Ақ самайлы дұғагөй әжелердің түрлі дән-дақылдан жасаған наурыз көжесі – мерекенің мәнін келтіретін нышан. Шын көңіл, шынайы ниетпен жасалған ас адамдар арасында мейірімділік пен кешірімділік сынды асыл қасиеттерді қалыптастырады. Садақаның абзалы – халыққа ас беру.

Көкпар тартып, жамбы ату, ат шаптырып, балуан күрестіру – наурыз мерекесінің сәнін арттыратын игі шаралар. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) баланы атқа мінгізіп, садақ атуға, суда жүзуді үйретіп, күрестіруді өсиет еткен. Өскелең ұрпақты батырлық пен батылдыққа тәрбиелейтін ұлттық спорттық ойындарымыз Алла Елшісінің сүннетімен үндесіп, көркем үйлесім тапқан.

Біз «Бір тал кессең, он тал ек» деген мақалды тіршіліктің қағидасына айналдырған халықпыз. Үлкеннен үлгі болып, ұрпаққа жалғасқан өнегелі өмірлік дағдыларымыздың бірі – ата мен баланың ағаш отырғызуы. Наурызда көрініс табатын осынау игі амалдың мәні ерекше. «Қиямет боларын біліп тұрсаң да қолыңдағы бір түп ағашты отырғызып қал», – деген хадистің тәрбиелік мағынасы тереңде жатыр.

Наурыз мерекесінде көрші-қолаң, құда-жекжат, ағайын-туысты аралап, аман-саулық сұрасып, мәре-сәре күй кешеміз. Ер кісілер төс қағыстырып, бір-бірімізге ізгі тілектерімізді айтамыз. Ренжіскендер татуласып, кешірім жолын ұстанады. Туысқанды зиярат ету, кешірім жасап, мейірбандық таныту – пайғамбар сүннетінен. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы», «араласпаса ағайын жат», – деген нақыл бар. Қасиетті Құран мен хадис ағайынға қарайласып, көршінің ақысын беруді, кешірім жасауды талап етеді.

Наурыз – қайырымдылықтың мерекесі. Бұл күндері халқымыз жетім мен жесірді жабырқап, кембағал мен мүгедекке қайырымдылық көрсеткен. Жұтқа ұшыраған жандарға жұмылып, жылу жинап берген.

Бүгінде еліміздің шығыс аймағында су тасқынынан үйсіз-күйсіз қалған бауырларымызға барынша қолдау көрсетіп, ата-баба дәстүрінен жаңылмай, мұсылмандық әрі азаматтық міндетін атқарып жатқан ағайынға Алла разы болсын дегім келеді. Осынау ортақ сауапты істе дін қызметкерлері де белсенділік танытуда.

Қадірлі бауырлар! Баршаңызды ұлтымыздың ұлық мейрамы – Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Күллі түркі жұртының төл тойы – әз Наурыз еліміздегі түрлі ұлтты ұйымшылдыққа ұйыстырып, кешірім мен мейірімнің мерекесіне айналып келеді.

Достық пен татулықтың, бауырмалдықтың, игілік һәм бірліктің, ізгілік пен ізеттіліктің мейрамы құтты болсын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

Алла Тағала халқымызға әрқашан амандық, жұртымызға тыныштық нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміз баянды болғай!

Баршаңызға Жаратқанның өзі жар болғай! Әмин!

 

Серікбай қажы ОРАЗ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти                             

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар