– Мектеп қабырғасында жүргенде осы домбыраға аңсарым ауды. Қазақтың ұл-қыздары үкілі домбырасын құшақтап сахнаға шыққанын көргенде өте әдемі бір жарасымдылық есіп тұратын. Менде солардай болсам ғой, деп армандайтынмын.
Тіпті, түсімде домбыра ұстап, өзіме түсініксіз әлдебір күйлерді шертуші едім. Ол кезде мектепте би тобына қатысып жүргем. Анар деген өте кішіпейіл, жан құрбым менің ойымды түсініп, «онда сен де бізбен бірге домбыра үйрен» деді. Үйдегілер де домбыра үйренуімді құптады.
Серік Әбілханұлы алғашқы ұстазым. Сол кісіден жатпай-тұрмай үйрендім. Домбыра үйірмесінде ол кісінің айтқандарын үйге келген соң қайталайтынмын. Үйдегілер бастабында домбыраның әуезіне онша мән бермейтін.
Бірте-бірте мен түрлі күйлерді бабына келтіре орындай бастаған соң, күйдің құдіретіне олар да құлақ түре бастады. Негізі, музыка ұлттың жаны ғой. Бір ұлтты толық түсіну үшін міндетті түрде оның музыкасын зерттеу керек.
– Сөзіңізге қарағанда, қазақтың болмыс-бітімін жіті бақылаған сыңайлысыз?
– Әрине. Егер қазақты толық түсінемін десе, онын күйлерін білуі керек. Күй халықтың рухани тарихы. Онда өткеннің әрбір сәті сақтаулы.
Қазақта күй көп. Әр күйдің өз кезеңіне жауап берер тарихы, мұңы, қайғысы, куаныш-шаттығы сол ноталарда жазулы.
Егер қазақтың күйін шындап таныта алсақ, біздің рухани байлығымыздың тым терендігін айтқызбай-ақ түсінер еді.
Бізде қазір өзге ұлттар қазақ тілін білмейді деп байбалам саламыз ғой. Егер тілді үйреткіңіз келсе, алдымен күй үйреніңіз. «Қазақ нағыз қазақ емес, нағыз қазақ –домбыра» деген ақын сөзімен толық келісемін. Менің жаным күй болып күмбірлемесе, қазакқ тілін үйренуім қиын еді.
– Өзіңіз қай өңірдің тумасысыз?
– Батыс Қазақстан облысына қарасты Шолохов ауылында өстім. Біздің ауылда орыс отбасылары аз болатын. Қазақтар көп еді. Кішкентайымыздан бір үйдің баласындай тел өстік ауыл балаларымен.
Құрбыларыммен қазақша да, орысша да сөйлесетінбіз. Ауылда жалғыз мектеп болды. Аралас мектепте орыс тобында оқысақ та, сен қазақсың, мен басқамын деген бөлініс болған емес.
Кейде бала кезден бірге өскен құрбыларымды қатты сағынамын. Егер олар болмаса, мен домбыра үйренбек түгілі, қазақ тілінен де мақұрым болар едім. – Алғаш үйренген күйіңізді ұмытпаған шығарсыз?
– Қалай ғана ұмытайын. Халық күйі «Кеңесті» үйренген едім. Бұл күйдің философиялық ұжымы терең ғой. Қандай жағдайда болса да кеңесіп, ақсақалдардың ақылымен шешкен iс олқы болмайды, жұрт боп жұмылып, осы істің шешімін табалық деп тұрған сыңайлы.
Алғаш үйренген сәтім, әр пернені басуды, қағуды, кұлақ күйін келтіруді үйренген кезім осы күйді тыңдаған сайын есіме түсе кетеді.
– Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияны бітіріпсіз. Мұндағы ұстазыңыз кім болды?
– Бұл өзі мен үшін ең киелі мекен. Осы консерваторияда оқып жүріп көп дүниені үйрендім. Ұстазым елге белгілі ұстаз, домбырашы Біләл Ысқақов.
Ол кісі әр күйдін тарихын терең зерттеген кісі. Бір күйді үйретпес бұрын, оның тарихымен, аңызымен асықпай таныстырады.
Оның ішкі әлеміне кірмейінше, домбыраларыннаң күй емес, құрғак әуен шығады деп ескертетін.
Сол кісінің айтуымен талай күйді бойға сіңірдік. «Күй – рухтың тілі. Рухани тұрғыдан дайындалмасаңыз, домбыраны сабалағаннан түк шықпайды. Орындаушы болу бір басқа да, өз мәнерінде орындау бір басқа» деп үнемі айтып отыратын.
– Шертпе мен төкпенің қайсысына жақынсыз?
– Батыста өскендіктен, төкпе сарынына дайындығым жоғары болды. Бірақ шертпенің өзіндік жан езілтер сарыны да бар. Екеуін де қатар алып жүрмін. Мен үшін қазақ күй дәстүрінің әрқайсысы да ыстық. Бірінен бірін бөле қарамаймын.
– Жарыңыз Марат Сағындықов та музыка саласының маманы екен. Қалай таныстыңыздар?
– Сол консерваторияда жүріп таныстық. Менің домбыра класында оқитынымды білгесін, танысуға келіпті. Басында жай араласып жүрдік. Бірте-бірте махаббат ұшқыны оянды.
– Қазақ отбасына келін болу қиындық тудырмады ма? Ұлтымызда келінге қойылар талап пен ғұрып-салт көп қой...
– Жоқ. Жоғарыда айтқанымдай, кішкентай кезімнен қазақтың салт-санасына, әдет-ғұрпына қанық боп өскендіктен, түсінбестік болмады.
Бала күнімде көршілеріміз түгел қазақ болатын. Олардың үйіне еркін кіріп, құрбыларыммен бірге асыр салып жүретінбіз. Сондыктан болар, маған қазақылық ертеден дарыған.
Оның үстіне, домбырашы болып өстім ғой. Күй тілі – ұлттың жаны деп айтқаным сол, менің жаным да қазақы. Күйеуім де музыкант болғасын, екеуара түсініспеушілік мүлдем болған жоқ.
Ал ата-ене, қайынжұртым өте кішіпейіл, ақжарқын жандар. Олар үнемі – маған ақ тілегі мен батасын береді. Сыртқа теуіп, сыр жасырмайды.
– Отбасында қай тілде сөйлесесіздер?
– Екі тілде де бірдей сөйлейміз. Үш қызымыз бар, Алла берген. Олар қазақшаға да, орысшаға да жетік. Кенже қызымыз қазақ балабакшасына барды. Үлкен екеуі орыс мектебінде оқығанымен, ана тілдерін жөргектен үйренген.
– Бала тәрбиесінде отбасының маңызы зор ғой. Көп көңіл бөлетін шығарсыз?
– Екеуіміз де ерекше мән береміз. Кішкентай сәбиіміз жыласа, мен қолыма домбыра алып, «Балбырауынды» болмаса басқа бір күйді шертемін. Жылағаны сап тиылып, тәтті әуенге маужырап, ұйықтап кетеді. Күймен ержеткіздік десем де болады.
– Өзіңіз бүгінгі таңдағы қазақ күйшілерінен кімдерді жоғары бағалайсыз?
– Бізде дәулескер күйшілер көп. Ұстазым Біләл Ысқақовтың алар орны ерекше. Ол кісі әрбір қағысқа өзінше жан бітіріп отырады.
Қаршыға Ахмедияров ағамыздың алдын көрдік. Өзінің күйлерін де орындадық. Төлеген Момбеков, Таласбек Әсемқұлов, Жангали Жүзбаев, Секен Тұрысбеков, Рымхан Әлімханов секілді ағаларымыздың әрқайсысы бір-бір мектеп. Қазақ қоғамы осы кісілерге карыздар деп білем өз басым. Олар Тәуелсіздік үшін өлшеусіз үлес қосқан, қосып та жүрген кісілер.
– Өзіңіз қандай күйлерді жан-дүниеңізбен сүйіп орындайсыз?
– Өте көп. Домбыра күйлерінің қайсысын болса да сүйіп орындаймын. Құрманғазының «Адайы» мен «Сарыарқасы» күй өнерінің асқаралы шыңы ғой.
Сүгірдің «Бозінгені» мен. «Жезкиігін» тыңдаған жан домбыраға бас имесе, онда жүрек орнында тас жатқан болар. Тәттімбеттің «Сарыжайлауын» қаперге алып, сондағы иірімге бойлаңызшы, мына жалғанның жалған екенін ұмытып, өзге әлемде шарықтағандай боласыз.
Төлеген Момбековтың «Салтанатын» егілмей орындау мүмкін емес. Мұнда әр дыбыс пернеден құс болып ұшқан секілді, өзгеше мәнермен төгіледі.
Секен Тұрысбеков ағамыздың әр күйі бөлек симфония. «Көңіл толқыны» мен «Ақ жауын», соңғы жазған «Жазғы қар» туындылары тұтас тарихымыздың қойны-қонышын өрнектеген, арғы дәуірдегі рухты бүгінге жалғаған соны дүниелер. Қайсыбірін айтайын, әр күйдің өзіндік әлемі бар. Тағдыры бар. Ал ол әр орындаушыда жаңа деңгейге, өзгеше әлемге айналады.
– Ұлттық музыканың ұлықталуына көңіліңіз тола ма?
– Мен бір нәрсені түсінбеймін, осынша мол рухани байлығы бар бола тұра, оларды шаңға кеміп, өзгенің былдыр-батпағына неге әуес біздін халық?
Ия, өзгені үйрену керек, білу керек. Бірақ соншалықты көзсіз еліктеуге бола ма?
Әсіресе, телеарналарда таңның атысынан күннін батысына дейін эфирді арзан дүниеге толтырып, өзгенің көр-жерін тықпалап отырады. Бұл кімге керек өзі? Бұл кімге керек өзі?
Мәдениет министрлігі «Қазақтың 1000 әні» мен «Қазақтың 1000 күйін» дискі кылып шығарды. Бұл – өте ауқымды жұмыс. Енді соны іске жарату керек қой. Неге ұлттық музыканы дәріптейтін радио, телеарна ашпасқа? «Мәдениет» арнасы шындап кірісce, қолға алатын шаруа көп. Эстрадашыл желіктен көрермен де жалығып болды.
Бұрынғы кісілер, ежелгі дәуірлердегі қазақтар күй тілінде сөйлескен деседі. Күйді кәдімгі сөз секілді түсініпті. Ал бүгін ше? Кейде жұртшылыққа: «Күй тілінде сөйлеселікші» дегім келеді.
Әңгімелескен Ержан ҚАМАЛБЕКОВ