Respublica партиясы ҚБ Алматы қалалық филиалының басшысы, кәсіпкер Шолпан Әбдіхалықова QazGranit гранит өңдеу зауытын сатылымға шығарды. Бұл туралы нысанды саудалаумен айналысып жатқан риэлтордың хабарламасында айтылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жылжымайтын мүлік агенттігінің мәліметіне қарағанда Алматыда орналасқан гранит зауыты толық дайын бизнес ретінде ұсынылған. Нысан 1 гектар жер телімінде орналасқан. Өндірістік ғимараттың аумағы 330 шаршы метрді, ал кеңсе ғимаратының көлемі 1 200 шаршы метр. Барлық нысан күрделі құрылыстан өткен және жұмыс істеуге толық дайын күйде, делінген жарнамада. Зауыт Алматының Алатау ауданында, Момышұлы мен Мөңкеби көшелерінің қиылысында орналасқан.

Редакция бұл зауыттың иесі кім және оны сатудағы мақсат қандай деген сауалға жауап іздеп көрді. Ашық дереккөздерінде, кәсіпорын контрагент деректеріне сәйкес "QazGranit" ЖШС 2023 жылы 07 тамызда қайта тіркеуден өткен. Құрылыс материалдарын көтерме бағамен сату қызметін көрсетеді. Ал оның иесі ретінде Әбдіғаппар Әсел Ержанқызы көрсетілген. Сондай-ақ Әсел Әбдіғаппардың атына "City Stone" ЖШС 16 тамыз 2018 жылы рәсімделген. Бұл компанияның Түркістан облысында филиалы тіркелген. Аталған мекеме тас өнімдерін кесу, өңдеу ісімен айналысады. Фирма 2021 жылы 8 млн., 2023 жылы 9 млн., ал 2024 жылы 14 млн. теңгеге жуық салық төлесе, 2025 жылғы салық түсімі 650 мың теңгеге дейін құлдыраған.
"QazGranit" ЖШС Әсел Әбдіғаппардың атына тіркелгенімен, негізгі иесі - Шолпан Асқарқызы Әбдіхалықова. Ашық дереккөздеріндегі контрагент деректерінде көрсетілген телефон номерлері осы адамға тіркелген. Ал Uchet.kz жүйесінде және мемлекеттік сатып алу порталында Әсел Әбдіғаппардың атына құрылыс монтаж жұмысын жүргізетін және басқа да бірнеше фирма тіркелген. Атап айтқанда "А7 Project & Construction" ЖШС, "Nova Estate" ЖШС, "Фокстрот консалтинг" ЖШС осы адамның атына жазылған.

Шолпан Әбдіхалықова кәсіпкер ретінде Бұқаралық ақпарат құралдарына ондаған сұқбат беріп, өзін көп жетістікке жеткен кәсіпкер ретінде көрсетеді. Алайда ол ешбір компанияны өз атына тіркемеген. Кәсіпкер әйел әр сұқбатында тас қашау "ер адамдар істейтін" бизнес екенін және оны дамыту оңай емес дегенді мақтанышпен айтады. Бір-бірінен айырмашылығы жоқ имидждік немесе жарнамалық мақсаттағы мақалалар мен сұқбаттардан Қазақстандағы тұңғыш гранит зауытының табысты иесі кім екенін байқау қиын емес. Шолпан Әбдіхалықованың бұған дейінгі өмірбаянында банк-қаржы саласында және AlmaTV компаниясында жұмыс істегені белгілі. Ал 2025 жылдың мамыр айынан бері Respublica партиясы ҚБ Алматы қалалық филиалының жетекшісі. Қарамағында ресми түрде бір адам ғана жұмыс істейтін қоғамдық бірлестік жанынан кәсіпкер әйелдер кеңесі құрылған. Алайда Шолпан Әбдіхалықованың жеке парақшасында партияның филиалында саяси-қоғамдық немесе мәдени-әлеуметтік салада атқарылып жатқан іс-шаралар туралы мардымды ақпарат жоқ. Негізінен әйел кәсіпкерлердің өңірлердегі форумдары мен жиындары туралы мәліметтерді көруге болады.

Гранит зауытының жарнамалық роликтерінде "Самұрық Қазына" ұлттық компаниясымен тығыз жұмыс істейтіндігі белгілі болды. Әсіресе мемлекеттік мектептерге қажетті қасбеттік және аулаға төсейтін тастақта өнімдерін жеткізеді. Кәсіпкерлер "City Stone" ЖШС-ін 2025 жылы атын өзгертіп, "QazGranit" ЖШС деген атпен ребрендинг жасаған. "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 15 құрылыс компаниясы 127 мың шаршы метр гранит өнімдерін сатып алған. Кәсіпорын жылына 183 мың шаршы метр гранит шығарса, оның едәуір бөлігін мемлекет қаражатына салынған білім мекемелерін жарақтандыруға жіберген. Компанияның әлеуметтік желіде жүктелген имидждік және жарнамалық роликтерінде 2025-2026 жылдарға үлкен жоспарлар қойып отырғаны айтылады. Онда әрбір аула, әрбір мектеп және әрбір қоғамдық алаң біздің өнімдермен көмкеріледі делінген. Кәсіпкер әрі партия қызметкері Шолпан Асқарқызы былтыр жылдың соңында Астанада өткен "Парыз" жүлдесін табыстау кезінде мемлекеттік телеарналарға берген сұқбатында гранит, жиектас және брусчатка өнімдерін Еуропа мен Дубайға сатуды жоспарлап отырғанын айтқан. Алайда арада бір ай өткенде зауыттың сатылатындығы туралы хабарлама беріліп жатыр.
Гранит зауытының құрылтайшысы мен кәсіпорынды сатылымға шығарған жылжымайтын мүлік агенттігіне редакция атынан сауал жолданды.
