Тараз қалалық сотында Жамбыл облыстық полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары мен Талас аудандық полиция бөлімінің экс-басшысына қатысты қылмыстық іс қаралуда, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сот алдында облыстық департамент басшысының бұрынғы орынбасары Жайдарбек Құттыбаев пен оның қарамағында қызмет еткен, Талас аудандық бөлімін басқарған Еркен Абаев жауап беріп отыр. Құттыбаевқа аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген айып тағылса, Абаевқа пара алу және қылмысқа қатысу баптары бойынша айыптар тағылған. Бұл іс бойынша жәбірленуші ретінде полицияның бұрынғы қызметкері Дархан Уәлиев танылған.
Істі тергеу барысында Ішкі істер органдарының өзіндік қауіпсіздік қызметінің өкілдері Құттыбаевтан қызметтен өз еркімен кету туралы баянат жазуды талап еткен. Алайда ол бұл талапқа келіспегеннен кейін, алаяқтық дерегі бойынша күдікке ілінген. Ал біраз уақыт бойы бой тасалап жүрген Еркен Абаев кейінірек бұрынғы әріптестеріне өзі келіп берілген.
Аталған сыбайлас жемқорлық дауы өткен жылдың күзінде өршіп, соның салдарынан Жамбыл облыстық полиция департаментінің сол кездегі бастығы Бақытжан Малыбаев қызметінен кеткен еді. Ол кезде ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, жүйеде «сатқындарға орын жоқ» екенін қатаң ескерткен болатын.
