Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Нұрлан Сабуровтың ресей әскеріне демеушілік жасағанын тексеріп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы комитеттің баспасөз қызметі Tengrinews.kz редакциясының сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Редакция ҰҚК-ға Сабуровқа қатысты қылмыстық заңнаманы бұзу ықтималдығы, соның ішінде Қылмыстық кодекстің 170-бабы бойынша тексеріс жүргізіліп-жүргізілмегенін нақтылау мақсатында ресми сұрау жолдаған.
Аталған бап “Жалдамалылық” деп аталады. Яғни соғысқа, қарулы қақтығыстарға немесе мемлекеттің аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған әрекеттерге адамдарды тарту, қаржыландыру немесе дайындау қылмыс болып саналады. Мұндай іс-әрекет үшін заңда 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Комитет өкілдері қысқа жауап қайырып, “Ақпарат назарға алынды, тиісті тексеру шаралары жүргізіліп жатыр” деп мәлімдеді.
Айта кетейік, кейінгі күндері әлеуметтік желілерде Нұрлан Сабуровтың ресейлік әскерилерге материалдық көмек көрсеткені жөнінде бейнежазбалар кеңінен тараған еді.
Сондай-ақ бүгін Украинада әзілкешке қатысты қылмыстық тергеу басталғаны белгілі болды.
Тергеу амалдарын Украина Қауіпсіздік қызметіжүргізіп жатыр. Іс Украина Қылмыстық кодексінің 111-2-бабының 1-бөлігі «мемлекет-агрессорға жәрдемдесу» бабы бойынша қаралып жатыр.
Бұл туралы украиналық заңгер Андрей Пронин хабарлады. Оның айтуынша, тергеу аясында Сабуровтың Ресейдің қарулы құрылымдары өкілдеріне материалдық қолдау көрсетуі мүмкін деген деректер тексеріліп жатыр.
Сонымен қатар Украина билігі әзірге істің нақты мән-жайы мен егжей-тегжейіне қатысты ресми ақпарат таратқан жоқ.
