Сот шешімі бойынша Қазақстан пайдасына 2-4 миллиард доллар сома аударылуы тиіс еді. DALA INSIDE дереккөзі KPO мен Қазақстан тарапы жүргізіп жатқан келіссөздердің 3 миллиард доллар төңірегіне тоқтағанын айтады. Бұл шамамен 1,5 триллион теңге. Егер осы сома Ұлттық Қорға түсетін болса, ол биыл республикалық бюджет Қордан алуы тиіс 2,77 триллион теңгенің жартысынан астамын жаба алады.
Есіңізде болса, биыл Қазақстан Қарашығанақ бойынша халықаралық арбитражда жеңіске жетті. Даудың мәні қарапайым тілмен айтқанда мынада. Қарашығанақ жобасы өнімді бөлу келісімі арқылы жұмыс істейді. Бұл жүйеде инвестор алдымен “шығын жұмсадым” дейді, сол шығынды өндірілген мұнайдан қайтарып алады, содан кейін ғана мемлекетпен пайданы бөліседі. Егер инвестор шығынды көп көрсетсе мемлекетке тиесілі үлес азаяды. Қазақстанның күдігі де осы болды.
«Қазақстан атынан өкілетті PSA командасы тәуелсіз аудит шақырғанда, консорциум ұсынған кейбір шығындардың біздің тараппен келісілмегені анықталған. Нақты фактілерден Қарашығанақ инвесторлары бұлтара алмады. PSA осы манипуляциялар кесірінен мемлекет үлесінің қысқарғанын дәлелдеп, халықаралық арбитражға шықты. Екі жылға созылған жабық сот процесінде Қазақстан жеңіп шықты», - деп түсіндіреді, дереккөз.
Қазір төленетін өтемақының формасы келісілуде. 3 миллиард доллар Ұлттық Қорға тікелей түсуі де мүмкін, немесе PSA есептері қайта қаралып, бірнеше жыл ішінде мемлекетке көбірек үлес түрінде келуі мүмкін. Бізге бірінші сценарий қолайлы. Ақша бірден Қорға түссе, қор оны тиімді инвестициялап, үстінен пайда әкеліп, қазынаны толтыра алады.
Жалпы, бұл бірінші жеңіс емес. 2012 жылы Қарашығанақ дауы нәтижесінде консорциум Қазмұнайгазға жобаның 10% үлесін сатуға мәжбүр болды. Ал 2020 жылы тағы 1,3 миллиард доллар өтемақы төледі.
Қарашығанақтан бөлек, Қазақстан Қашаған жобасы бойынша NCOC акционерлерінен күкіртті нормадан артық сақтау фактісі бойынша экологиялық айыппұл өндіріп алуы тиіс. Қазір оның сомасы 2,3 триллион теңге айналасында болып тұр. Бірақ бұл дау әлі толық аяқталған жоқ. Кей сот шешімдері оператор пайдасына шықты, кей процестер жалғасуда. Сондықтан 2026 жылы Қашағаннан Ұлттық қорға нақты ақша түсетінін болжау қиын. Себебі апелляция, келісім, қайта есептің барлығы уақыт уақыт алады.
