Ақпараттық кеңістікте Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның денсаулығына қатысты түрлі болжамдар тарай бастады. Кей дереккөздер мемлекет басшысының жағдайы нашарлауы мүмкін екенін алға тартып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қауесетке не түрткі болды?
Мұндай әңгімелерге президенттің соңғы уақытта көпшілік алдында көрінбеуі және жаңа ресми фотосуреттердің жарияланбауы себеп болған. Қолда бар мәліметке сәйкес, соңғы ресми суреттер 2026 жылдың қаңтар айының соңында түсірілген.
Бейресми нұсқалар мен расталмаған ақпарат
Бірқатар БАҚ пен Telegram-арналар президенттің ем қабылдау үшін шетелге, нақтырақ айтқанда Еуропалық одақ елдерінің біріне кеткенін жазды. Жарияланымдарда микроинсульт немесе микроинфаркт болуы мүмкін деген жорамалдар да айтылған. Дегенмен бұл ақпараттардың ешқайсысы ресми түрде расталған жоқ.
Биліктің үнсіздігі және бейнеүндеу
Тәжікстан президенті әкімшілігі бұл мәселеге қатысты әзірге түсініктеме бермеді. Соған қарамастан, 15 ақпанда Эмомали Рахмон бейнеүндеу жасап, Си Цзиньпинді Қытайдың жаңа жылымен құттықтады. Ол құттықтауында екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтіп, халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберіндегі өзара үйлестірудің маңызын ерекше атап өтті.
Бұрын да болған жағдай
Сарапшылардың айтуынша, мұндай қауесеттер алғаш рет туындап отырған жоқ. 2023 жылдың қазан айында да Эмомали Рахмон біраз уақыт бойы ақпараттық кеңістіктен тыс қалып, Швейцарияда ем қабылдаған. Ол кезде де президенттің денсаулығы күрт нашарлады деген пікірлер тарағанымен, кейін бұл болжамдар расталмаған.
Оппозиция факторына назар
Сонымен бірге медиакеңістікте шетелдегі оппозициялық құрылымдардың белсенділігі де сөз болып жатыр. Атап айтқанда, Шарофиддин Гадоевпен байланыстырылатын «Тәжікстанның қуғындағы үкіметі» туралы жиі айтылады. Президенттің денсаулығына қатысты ақпарат таратқан кейбір ресурстар осы топпен байланыстырылып отыр. Бұған дейін Тәжікстан билігі бірқатар ұйымдарды экстремистік деп танып, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді деп мәлімдеген.
Ресми мәлімдеме жоқ
Қазіргі сәтте Тәжікстан президентінің денсаулығына қатысты ресми ақпарат немесе арнайы мәлімдеме жарияланған жоқ.
