Орал қаласындағы көпсалалы балалар ауруханасында пациенттерге көгерген нан таратылғаны жөнінде шағым жарияланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Пациенттің айтуынша, ауруханада берілген нан бірнеше күн қатарынан көгерген болып шыққан.
«Берілген тілімдердің бәрін қарап шықтым – бәрінде көгерген із бар. Өзім жүкті болғандықтан, енді балам үшін алаңдап отырмын. Мұндай нанды үшінші күн қатарынан әкеліп жатыр. Шағым айтсақ, “бізге қалай жеткізсе, солай береміз” деп жауап береді. Бүгін де дәл сондай нан әкелді. Өнімнің бұзылғанын біле тұра, бәрібір балаларға беріп отыр. Бұл қалай болғаны?» – дейді басылымға жүгінген әйел.
Портал мәліметінше, әйел пульмонология бөлімінде баласымен бірге ем қабылдап жатыр. Оның сөзінше, көгеру белгілері бар нан пациенттерге үшінші күн қатарынан таратылған. Өнімді тұтынғаннан кейін оның іші өтіп, денсаулығы нашарлағанын айтады.
Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы жағдайға қатысты кейінірек түсініктеме беруге уәде еткен.
