Жұмысымыз қауіппен байланысты болған соң, өзімізді қауіпке бейімдедім – өртсөндіруші

Сұхбаттасқан Қуаныш Ермекова 21 ақп. 2024 15:38 1604

Төтенше жағдай департаменті қызметкерлері күн сайын түрлі оқиғамен бетпе-бет келеді. Бұл саладағы мамандар жүректі болуымен қатар, тез шешім қабылдай білетін ұшқыр ойдың иесі болуы да керек. Осындай ұстанымдағы құтқарушылардың бірі – Тараз қаласы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Әлішер Жүкенов. Өртсөндіруші сұхбат барысында қызметінің қызығы мен қиындығы туралы әңгімеледі.

 

– Әлішер, төтенше жағдай қызметіне қашаннан бастап келдіңіз? Жалпы бұл саладағы еңбек өтіліңіз қанша жыл? Негізі қандай мамандықты игердіңіз?

– Өзім туралы қысқаша айтып өтейін. Мен 1991 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласында дүниеге келдім. 2007 жылы №51 қазақ орта мектебін тәмамдап, Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті жанындағы көпсалалы колледжге автожол құрылысы мамандығына оқуға түстім. Сол мамандықты 2011 жылы аяқтап, 2011-2012 жылдары Ақтау қаласы 2201 «А» әскери бөлімінде әскери борышымды өтедім.

2014 жылы төтенше жағдайлар саласына жұмысқа орналастым. Осы салада 2014 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатырмын. Қазір №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі лауазымында қызмет атқарамын.

– Бұл салаға өз қызығушылығыңызбен келдіңіз бе? Әлде бала кезден армандадыңыз ба? Жалпы төтенше жағдай қызметкері болуыңызға не түрткі болды?

– 2012 жылы әскерден келгеннен кейін жұмысқа орналасу керек болды. Сол кезде екі нұсқа болды. Біріншісі жол патрульдік полициясы болды, екінші нұсқа төтенше жағдайлар қызметі болды.

Ойлана келе төтенше жағдайлар қызметін таңдадым. Себебі төтенше жағдайлар қызметі нағыз батылдықты, адалдықты, күш-жігерді талап ететін мамандық болғаннан кейін осы саланы таңдадым.

Сонымен қатар, адам өмірін, адам мүлкін құтқаруға кішкентай болса да үлесімді қоссам деген оймен осы салаға келдім. Бұл мамандықты армандаған жоқпын. Ойда жоқта келдім. Жаңа айтқанымдай, алғашында кішкене халыққа көмегім тисін деген ниетпен келдім. Қазір осы мамандыққа сіңіп, осы мамандықты сүйіп кеттім десем де болады.

– Маман ретінде төтенше жағдай дегенді қалай түсіндіресіз? Шақырту түскенде сіздерге ең бірінші қандай ой келеді?

– Төтенше жағдай – адам өміріне, адам денсаулығына әсер етіп, тіпті адам өліміне әкеп соғатын, қоршаған ортаға зиян келтіретін белгілі бір жерде болатын оқиға. Ал төтенше жағдай бойынша шақырту түскенде, мысалы, өрт оқиғасы болса, ең бірінші ол жерде адам бар-жоғы, адам өміріне қауіп төндіретін газ балон, басқа да жарылғыш заттар бар-жоғын ойланасың. Барлау жұмысынан бастап өртті сөндіруге дейін осы ой болады.

– Қандай ірі төтенше жағдайлар есіңізде қалды? Бір-екеуін баяндап бере аласыз ба?

– 2014 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатырмын, биыл он жыл болды. Осы он жыл ішінде түрлі төтенше жағдайға қатыстым. Жамбыл облысында қыстыгүні Күйік асуында қар қатты жауып, жолда адамдар мен автокөліктер қалып қояды. Сол жерлерге қатыстық. Тараз қаласының ішінде болған ірі көлемдегі өрт оқиғаларына қатыстым.

2023 жылы Меркі, Луговое елдімекендерінде су тасу қаупі болды, сол жерлердегі төтенше жағдайлардың алдын алуға өз үлесімді қостым. Сол төтенше жағдайлардың ішінде бір оқиға әлі күнге дейін есімде.

Қарауыл бастығы еңбек демалысына кетіп, орнына қарауыл бастығы болып қалғанмын. Шөлдала деген сусыз аудан бар, сол жерде үй өртеніп жатқаны туралы хабар түсті. Ақпарат түскен бойда тез арада екі бөлімшемен сол жерге аттандық. Сол жерде өртті сөндіріп жатқан кезде ішінен адам шығыны болды, бір ер азамат қайтыс болды. Сол адамды алып шықтық және ішіндегі газ балоны жарылуға дейін барды. Соны алып шықтық. Ең есте қалған өрт оқиғасының бірі осы болды. Өйткені газ балоны жарылып кете ме деген қауіп болды.

– Осындай өрт оқиғалары кезінде көпшілік дүрбелеңге салынып кететіні жасырын емес. Азаматтарға қандай кеңес бересіз?

– Өрт кезінде ең бірінші кезекте дереу 101 немесе 112 нөміріне қоңырау шалу керек. Қазір өрт болса, өзіміз сөндіреміз деп әрекет жасайтындар да бар. Асқынып кеткеннен кейін ғана 101 немесе 112 нөміріне хабарласады. Ең бірінші 101, 112 нөміріне хабарласу керек, әрі қарай өрт сөндірушілер келемін дегенше қолдан келсе, қажет құжаттарды алып, сөндіруге беруге тырыса беру керек. Әрине, қолдан келсе ғана.

– Қызметіңіз, еңбегіңіз еленіп жатыр ма? Кейде бұл саладан кетемін деп ойламайсыз ба? Сонымен қатар, өзіңізден кейінгі жас буынға, жас құтқарушыларға не айта аласыз? Төтенше жағдай саласында еңбек етемін дейтін адамдар не білуі қажет?

– Өзім қатысқан ірі төтенше жағдайлардан кейін көптеген Алғыс хат алдым. Департамент бастығынан да түрлі Алғыс хаттар берілді.

Ал төтенше жағдайлар қызметкері болу мен үшін батылдық, күш-жігер береді. Өйткені төтенше жағдайлар қызметкері болу үшін де үлкен жүректілік, батылдық керек. Сол үшін қоршаған ортада да, жүрген жерімізде де төтенше жағдайлар қызметкеріміз деп мақтанып, марқайып жүретін жайымыз бар.

Төтенше жағдайлар қызметін таңдаған кезде алғашқы жылдары қорқыныш болды. Жалындап тұрған оттың ішіне кіріп, адамды алып шығуға немесе газ баллонын алып шығуға кірудің өзі басында қорқынышты еді. Уақыт өте келе батылдығымызды жинап, өз-өзімізді үйреттік.

Жұмысымыз осындай қауіппен байланысты болғаннан кейін өзімізді сол қауіпке бейімдедік. Төтенше жағдайға барған кезде ең бірінші адам өмірін ойлайсың. Қазір ондай қорқыныш жоқ.

Сондықтан төтенше жағдайлар саласынан бұйырса, Алла қаласа зейнетке шығып қана кетемін деген ой бар. Ал бұл саладағы қызметкер ең бірінші кезекте физикалық жағынан жақсы болуы керек, екіншіден, психологиялық жағынан мықты болуы қажет.

Үстіңе киетін жауынгерлік киімің, тыныс алатын аппараттарың бар, солардың салмақтарының өзі 30 келідей болады. Сондықтан физикалық жағынан мықты болу маңызды. Психологиялық жағынан мықты болу керек дейтініміз, жалынды көрген кезде ішінде адам барын, жарылу қаупі болып жатқанын байқағанда, мықты болуы керек деп ойлаймын. Бұл екеуі жақсы болса, төтенше жағдай қызметі – сол адамның мамандығы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар