Жетісуда агроөнеркәсіп кешенінің қайта өңделген өнімдерінің экспорты 25% өсті

Dalanews 10 қар. 2021 18:18 752

Алматы облысында агроөнеркәсіп кешенінің қайта өңделген өнімдерінің экспорты 25% өсіп, 97 млн АҚШ долларын немесе жалпы агроөнеркәсіп кешені экспортының 73%-тін құрады. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың Президент жанындағы Орталық коммуникация қызметі алаңында өткен брифингі кезінде белгілі болды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жетісу өңірінде өткен жылмен салыстырғанда мал мен құс саны орта есеппен 2 процентке өскен. Мал қыстату үшін облыс жем-шөппен толық қамтамасыз етіліп, 5,3 млн.тонна азық дайындалды. Жетісулықтар Маңғыстау облысының зардап шеккен фермерлеріне гуманитарлық көмек ретінде 54 вагон шөп жөнелткен.

– Барлығы 74,1 мың басқа арналған 117 мал бордақылау алаңы және 26,1 мың басқа арналған 84 тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді, соның есебінен ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 72%-ке, сүт зауыттарының жүктемесі 85%-ке жетті, – деді облыс әкімі Амандық Баталов.

Атап өтсек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында биылғы жылдың қыркүйегінде Үкімет қабылдаған 2021-2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы әрекет етудің кешенді іс-шаралары өңірде жүзеге асырылып келеді. Тұрақтандыру қорын құрып, жеңілдікпен кредит беру үшін жергілікті бюджеттен қосымша 1,7 млрд теңге бөлінді, оның жалпы сомасы 3,7 млрдтеңгені құрайды. Соның 3 млрд теңгесі – 0,01%-пен кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен несиелендіруге және 700 млн теңгесі  8,7 мың тонна өнім сатып алуға бағытталды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар