Жергілікті атқарушы орган тақалғанда "паникаға" салынады - депутат

Сағыныш Сардарова 02 мам. 2024 14:36 1443

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан су тасқынының алдын алмағандар қатаң жазалануы керек деген пікірде, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың айтуынша, биылғы су тасқыны Қазақстан тәуелсіздік алғалы оныншы ірі су тасқынына жатады.

"Осы кезге де дейін су тасқынының алдын алмағаны немесе салғырттық танытып, жол бергені үшін ешбір жоғары лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылмаған. Бұл жерде мен жергілікті атқарушы органның, яғни әкімдердің жауапкершілігі туралы айтып отырмын. Неге жергілікті атқарушы орган? Өйткені өзен бойындағы су жайылмаларынан жер берген, саяжайларды іс жүзінде тұрғын үйге айналдырған, яғни жарық, газ тартып, азаматтарды тұрақты тіркеуге рұқсат берген, ол Үкімет емес, басқа емес, жергілікті атқарушы орган, яғни әкімдіктер. Ал келтірілген шығындарды өтеу салмағы әркез мемлекет мойнына артылады", - деді ол.

Абзал Құспан биылғы су тасқынында мемлекет те, азаматтар да аса ірі көлемде шығынға ұрынғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, депутат БҚО және Атырау облысына аяқтай барғанын, бұл мәселеде тексерісті Бас прокуратура деңгейінде кешенді түрде ұйымдастыру қажет екенін айтты.

"Құлсарыға қатысты, жергілікті белсенділер, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары Жем өзені бойындағы заңсыз салынған бөгеттер туралы мәселені былтыр, 2023 жылы көтеріп, жергілікті әкімшілікпен прокуратура тарапынан ешқандай қолдау таба алмағаны себепті, оларға сенбейді. Барлық тиісті құжаттар, фактілер менің қолымда бар.

Біріншіден, су 2011 жылдан кем келмейтіні туралы сала мамандары дәл Құлсарыдағыдай, өткен 2023 жылдан айта бастады, биылғы жылдың қаңтар айында жергілікті "Надежда", ақпан айында Республикалық "Время" газеттерінде материалдар жарияланды, бірақ сол су келіп жеткенге дейін тиісті шаралар қолданбады, әбден тақағанда жергілікті атқарушы орган паникаға салынып, бүкіл республиканы дүрліктіріп, жан-жақтан техника мен еріктілерді алдыртты, су деңгейі 10 метрден асып кетеді деп бөгеттер соқты, адамдарды шұғыл эвакуациялады, Қазақстанды айтпағанда шетелден гуманитарлық көмектер алдырды. Нәтижесінде келген судың максималды деңгейі 8 метр 64 см құрағанын көріп отырмыз. Бұл салғырттыққа және келген шығындар үшін жауапты шенеуніктер заң алдында жауап беруге тиіс!" - деді депутат.

Сонымен қатар, Абзал Құспан бұрынғы төтенше жағдайлардан нәтиже шығармаған БҚО билігін сынап тастады.

"2011 жылы орын алған су тасқынынан БҚО билігі сабақ алмағанға ұқсайды, сол кезде де бүкіл мамандар өзен жағасынан үй салуға рұқсат бермеу керек деп дабыл қаққан болатын, енді сол кезде суға кеткен жерлер тағыда суға кетті. Сол уақытта мысалы, Самал ауданы саяжайының тұрғындарына деп мемлекет облыс орталығынан үй салып берді, алайда саяжай жерлерін мемлекет қорына қайтарып алған жоқ, енді сол саяжай тұрғындарына мемлекет тағыда үй салып беру керек пе? Үшіншіден, ол аз болғандай, 2011 жылдан кейін Орал қаласының төңірегінен көрінеу суға кететін жерлерден жаңа тұрғын үйлер, іс жүзінде жаңа мөлтекаудандар пайда болды, соның бірі толықтай суға кетіп қалған "Нұрлы жер" ауданы.

Схема өте қарабайыр, бірақ ол ондаған жылдар бойы еш кедергісіз жұмыс жасауда, әкімдікке жақын пысықтар мен пысықайлар гектарлап тегін жер алып алады да, қара халыққа он сотықтан бөліп сатады, болды. Нәтижесінде жергілікті әкімдік қызметкерлері сол жерді бөлу мен берудің "қызығын" көреді, қарапайым халық зардабын тартады, ал барлық шығынды мемлекет өз мойнына алады! Отыз жылғы ескі схема қашанғы жалғаса бермек?!" - деді ол.

Дерпутат жергілікті органдар бұл фактілерді объективті тергеп-тексере алатынына сенбейтінін жеткізді.

"Биыл қаңтар айында Орал қаласы әкімінің 2015 жылғы шешімдеріне қатысты сот актілерінің заңсыздығы туралы депсауал жолдағанмын. ...Нәтижесінде Венера саяжайындағы 700-ден астам жер учаскесінің әкім тарапынан заңсыз берілгені Жоғарғы Сотпен түпкілікті бекітілді. Егер осы жерлерге тұрғындар үй салып алса не болатын еді? Бүгінгі күні шатырына дейін су астында жатып, мемлекет оларға үй салуға тиіс болатын еді?! Ал, сол қаңтар айында БҚО прокурорының өзіне берген материалдарым бойынша ол жақтан күні-бүгінге дейін еш хабар-ошар жоқ. Мысалы, Бәйтерек ауданының прокуроры Жер ресурстарын басқару комитетімен анықталған заңбұзушылықтар бойынша әуелі сотқа талап арыз беріп, кейін сот шешім шығармай тұрып, еш себепсіз қайтарып алған.

Егер басқа меморган осындай әрекет жасаса, прокуратура коррупция деп айқай салар еді, ал БҚО прокуроры көзге анық ұрып тұрған осындай фактілерді жеке өзіне ұсынсам да аудан прокурорына да, жер бойынша Республикалық уәкілетті орган анықтаған заң бұзушылықтар бойынша да, еш шара қолданбай отыр!

Соңғы 2-3 жыл көлемінде облыста жерге қатысты жемқорлық фактілерімен әкімдіктің де, тіпті облыс прокурорының да лауазымды қызметкеріне сот үкімдері шықты. Ең соңғы факт төтенше жағдай деп бүкіл ел дүрлігіп жатқанда, Орал қаласының архитекторы пара алу үстінде ұсталды. Бұл фактілер тек БҚО мен Атырау емес, барлық өңірге тән жағдай", - деді депутат.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар