Су тасқыны туралы жалған ақпарат таратқан қазақстандыққа айыппұл салынды

Қаракөз Амантай 02 мам. 2024 10:59 2215

WhatsApp арқылы жалған ақпарат таратқан Маңғыстау облысының тұрғынына 73 мың теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сотта анықталғандай, құқық бұзушыға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабының 3-бөлігі (көрнеу жалған ақпарат жариялау, тарату) бойынша әкімшілік іс қозғалды.

"А.-ның ұялы телефонынан WhatsApp қызметі арқылы Атырау облысында төтенше жағдай орын алғаны туралы жалған, дәйексіз ақпарат таратқаны анықталды.
Әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылған Ақтау қаласының тұрғынына 20 АЕК (73 840 теңге) көлемінде айыппұл салынды", – делінген сот хабарламасында. 

Қаулы күшіне енді.

Еске салайық, бұған дейін Республикалық штаб басшысының су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою жөніндегі орынбасары Қанат Бозымбаев су тасқыны кезінде дүрбелең тудыратын жалған ақпарат таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салған еді.

Оның айтуынша, мұндай жалған ақпараттар қоғамда, әсіресе зардап шеккен өңірлерде жиі дүрбелең тудырады.

"Осындай жалған хабарламалардың немесе Төтенше жағдаймен күрес жөніндегі штабтардың жалған аккаунттарының барлық авторларына бұл ақпаратты жариялаудағы жауапкершілік туралы ескерткім келеді. "Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы" заң бар, оған сәйкес пайдаланушылар орналастырылған және таратылатын мазмұнның дұрыстығын тексеруге, жалған ақпаратты таратпауға, сондай-ақ мұндай ақпаратты және кез келген заңсыз мазмұнды жоюға міндетті.

Тиісті құрылымдар мұндай жалған ақпаратқа талдау жүргізеді, қажетсіз дүрбелең тудырып, отандастарын алдаған кез келген азамат, өз әрекеттері үшін нақты ақы төлейтін болады", - деді Қанат Бозымбаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар