"Жер..". Депутат "Қазақфильм" төңірегіндегі даудың астарына үңілді

Қаракөз Амантай 23 мам. 2025 14:03

Қазақстандағы ең ірі киностудия – Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ төңірегінде тағы да дау шықты. Ұлттық киноөндірістің қазіргі ахуалына алаңдаған Қазақстан кинематографистер одағы билікке арнайы үндеу жасап, саладағы жүйелі проблемаларға назар аударуды талап етті. Үндеуде әсіресе киностудия ішіндегі қысым, кәсіби ортадағы біліксіздік пен басқарушылардың жауапсыз әрекеттері сынға алынған. Осы мәселеге қатысты депутат Ринат Зайытов Dalanews.kz тілшісіне пікір білдірді. Ол дабыл қағылған даудың астарында шығармашылық мәселеден гөрі мүліктік мүдде жатқанын меңзеді.

Дау-дамайға не себеп болды?

Күні кеше билікке үндеу жолдаған кинематографистер кейінгі жылдары Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясында шығармашылық ортаға кедергі келтіретін жағдайлар белең алғанын алға тартты. Одақ өкілдері бұл мәселелердің түп тамыры Мәдениет және ақпарат министрлігінің бейжайлығында жатқанын ашық айтты. Студия басшылығының кәсіби деңгейі, мемлекеттік тілді елемеуі, қызметкерлерге қысым көрсетуі де сынға алынған.

Киногерлер бұл жағдайдың негізгі себебі – Мәдениет және ақпарат министрлігінің салғырттығы екенін ашық мәлімдеді. Одақ төрағасы Адай Әбелдиновтың айтуынша, студия бүгінде дау-дамай мен наразылықтың ошағына айналған. "Қазақфильм" президентінің міндетін атқарушы Айдар Омаровқа мемлекеттік тілді елемеуі мен кәсіби салғырттығы ерекше аталып өткен.

Мәдениет министрі Аида Балаеваның сала мамандарымен ашық диалогтан бас тартуы да кино қауымдастығының наразылығын тудырған. Олар министрлік тарапынан саланың дамуына мүдделілік жоқ екенін айтып, жемқорлықтың белең алғанын мәлімдеді.

Ринат Зайытов даудың астарына үңілді

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов «Қазақфильм» төңірегінде туындап жатқан даулардың бір ғана себебін атады. Ол аталған түсініспеушілктердің астарында мүліктік астары бар деп пайымдайды.

"Қазақфильм" АҚ-ға қатысты бір ғана пікір білдіре аламын. Менің түсінгімде, Алматы әкімдігінің тарапынан немесе министрлік тарапынан тек "Қазақфильмнің" орналасқан жерін тартып алуға әрекет жасалып жатқан секілді. Басқа "Қазақфильмнің" проблемасына құлақ асып жатқан ешкім жоқ. «Қазақфильмге» деп арнап ақша бөлу де қарастырылмаған. Мәселе онда емес секілді. Тек территорияның әңгімесі деп ойлаймын", - деді депутат.

Зайытов студияның бұрынғы президенті Азамат Сатыбалдының қызметтен кетуін де ойланарлық жағдай деп санайды.

"Негізі ол сұраққа дұрыс жауапты Азамат Сатыбалды беруі мүмкін. Өйткені шынайы ниетімен жұмыс істегісі келіп барған – сол. Бірақ неге екенін білмеймін, өзі аяқ астынан кетіп қалды", – дейді ол.

Кинематографистер қандай талап қойды?

Кинематографистер билік өкілдерімен тікелей кездесу өткізуді талап етті. Олар қазіргі жағдайда саланың дамуы емес, керісінше, күйреуі жүріп жатқанын алға тартып, билік өкілдерінен "Қазақфильмге" арнайы келіп, жағдайды өз көздерімен көруді сұрады. Айтуларынша, олар ашық кездесуге дайын.

"Осындай жауапсыздық салдарынан кино саласында жемқорлық өршіп, мемлекет бөлген миллиардтаған қаржы мақсатсыз жұмсалуда. Тәртіп орнатуды талап еткен кәсіби және адал кинематографистер арсыз әрі қатыгез басшылар тарапынан қудалауға ұшырап, "Қазақфильмнен" ығыстырылып жатыр", – делінген үндеуде.

Осы тұста, Dalanews.kz тілшісі жағдайдың мән-жайын сұрау үшін "Қазақфилм" АҚ директоры Айдар Омаровқа да сауал жолдады. Алайда ол әзірге кері байланыс бермеді.

Бұған дейін "Қазақфильм" төңірегінде қандай қауесеттер тараған еді?

Наурыз айында мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "Қазақфильмге" қатысты қауесеттерге жауап берді.

Бірінші. "Қазақфильм" жерінің сатылуы жөніндегі ақпаратқа қатысты.

"Бұл мәселе төңірегіндегі негізсіз қауесет біржола тоқтатылуы тиіс. "Қазақфильмге" тиесілі жерлер киностудия иелігінде қала береді. Жер сатылған жоқ және тек кинематография мүддесі үшін пайдаланылуда", дейді министр.

Екінші. Киностудияны жөндеуге қомақты қаржы салуға дайын инвесторлардың бар екені жайлы.

"Бұл ақпарат қоғамда кең тарап жүр, алайда мұндай мәлімдемелерді құжаттармен немесе нақты кепілдіктермен растай алмайтын адамдар жасап отыр. Мемлекет, яғни Мәдениет және ақпарат министрлігі нақты инвесторлармен жұмыс істеуге дайын. Дегенмен әзірге ешқандай нақты ұсыныс, бірде-бір кепілдік хаты жоқ. Барлығы тек әңгіме деңгейінде".

Үшінші. Киностудияны Астанаға көшіру туралы

"Бұл да ешқандай негізі жоқ қауесет. Қазіргі уақытта елордаға «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін көшіру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Мұнда маңызды жайт – «Қазақанимация» өндірістік база емес, анимациялық контент жасауға тапсырыстарды бөлетін құрылым. Сондықтан оның Астанаға көшуі саланың жұмысына еш кедергі келтірмейді.

Өкінішке қарай, кейінгі бес жылда елімізде сапалы анимациялық фильмдер түсірілген жоқ. Осыған байланысты анимациялық индустрияны Креативті индустриялар қорының аясында дамыту орынды болмақ. Қор құрылымында анимацияны дамытуға бағытталған креативті хаб жасақталуда.", дейді Балаева.

Бүгінде қазақстандық киноиндустрияда маңызды әрі оң өзгерістер орын алуда. «Қазақфильм» – жай ғана киностудия емес, бұл – қазақ мәдениетінің символы. Сондықтан оны дамыту – басым бағыттың бірі дейді министр.

"Президент қол қойған жаңа заңға сәйкес елімізде фильмдерді қаржыландырудың жалпы көлемінің кемінде 30%-ы жыл сайын тікелей «Қазақфильмге» бағытталатын болады. Бұл киностудия жұмысының тиімділігі мен қаржылық тұрақтылығын арттырады.Сондай-ақ мемлекеттік қолдауға ие болатын киножобаларды іріктеудің жаңа ережелері бекітілді. Биыл жаңа ережелер бойынша конкурс екінші рет өткізіліп отыр", дейді министр.

Аида Балаеваның сөзінше, киностудияны халықаралық ынтымақтастықсыз дамыту мүмкін емес. «Қазақфильм» шетелдік әріптестерімен бірлесіп бірқатар маңызды фильмдер түсіруді жоспарлап отыр. Бұл – қазақстандық киноны әлемдік нарықта таныту және отандық кинематографистердің позициясын нығайту үшін маңызды қадам.

"Сонымен қатар, демеушілерді тартудың арқасында киностудияда соңғы 15 жылда жүргізілмеген жөндеу жұмыстары басталды. Бұл – инфрақұрылымды жаңғыртудың алғашқы кезеңі. Осы орайда киностудия мен қазақстандық киноөндірістің дамуына үлес қосып жүрген жандарға алғыс білдіремін! Әрине, әңгіме әзірге күрделі жөндеу туралы емес, бірақ бұл – «Қазақфильмде» жұмыс істеу үшін қалыпты жағдай жасауға бағытталған нақты қадамдар.

Атап айтқым келетіні, «Қазақфильм» тек кинотуындылар ғана емес, ең алдымен – шаруашылық жүргізуші компания және бәсекеге қабілетті нарық қатысушысы. Ол жоғары кәсіби киноөнердің дамуына лайықты жағдай жасайды. Сондықтан Министрлік бұл кәсіпорынды режиссер немесе актер емес, киностудия қызметін табысты әрі тиімді жүргізуге қабілетті кәсіби менеджер басқаруы тиіс деген қағиданы берік ұстанады", деді министр.

"Қазақфильм" енді қаражатты бұрынғыдай таратпайды

Сонымен қатар жақында мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақфильмнің қазіргі қаржы саясатын түсіндіріп, тиісті заң қабылданғанын алға тартқан еді.

Оған сәйкес, "Қазақфильм" кино саласына арналған қаражаттың 30 процентін алуға құқылы.

"Ол дегеніміз, компания қаржылық жағынан өзінің дербестігін алып, кино жасауға өзі мүдделі болады. Қазір көбісі қаражаттың 30 пайызы келгеннен кейін Қазақфильм ақшаны бұрынғыдай таратады деп ойлайды. Ондай болмайды. Біз оның ережесін нақтыладық. Оған сәйкес, кино түсіремін деген кісілер 50 пайызын қосып, сценарий идеологиялық тұрғыда нәтижелі көрінсе, онда біз "Қазақфильмнен" қалған 50 пайызын қосуға дайын боламыз", - деді Балаева үкіметте өткен брифингте.

Министрдің айтуынша, ондай ережемен екі жақ та фильмнің сапалы, ал рейтингі жоғары болуына мүдделі болады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар