Жеңің құрғақ болсын! Өрт сөндірушінің бір күні қалай өтеді?

Dalanews 16 қар. 2023 03:22 1696

Петропавл қаласының 2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі қызметкерлерінің тәулік бойы жұмыс істейтін ауысымы сағат 8.30-да басталады. Осы сәттен бастап өрт сөндіруші қатаң кесте бойынша іске кіріседі. Осылайша, күн сайынғы қарбалас басталып сала береді. Біз фильмдерден көретіндей, атлетикалық өрт сөндірушілер қоңырауды күтіп, кофе ішіп отырмайды, иә, дабыл қаққанда екінші қабаттан бірінші қабатқа жылдам жүгіріп түсе салмайды. Шын мәнінде, өрт сөндірушінің күнделікті өмірі әлдеқайда күрделі.

Барлығы ауысымдардың қалыптасуы мен берілуінен басталады. Олар жабдықтарын, құрал-саймандарын және инвентарьды тексереді. Жұмысты бастамас бұрын барлық ақауларды анықтап алу керек.

Содан кейін сабақтар басталады. Иә, әр ауысым сайын – үш күн сайын өрт сөндірушілер оқиды, білімдерін шыңдайды. Олар конспект жазып, практикалық дағдыларын жаттықтырады. Сабақтар мектептегідей бір жыл бұрын жоспарланған әрі уақыттың, заманның талабына сай жаңарып, жаңғырып отырады. Осы уақытта өрт туралы қоңырау түссе, барлығы сақадай сай қалпында төтенше жағдай орын алған мекен-жайға асығады.

Олар тілсіз жаудың аптығын басып, орала салысымен, қайтадан жаттығуларын жалғастыра береді. Жұмыс тәртібінде спорттық жаттығулар міндетті болып табылады. Өрт сөндіру бекетіндегі демалыс бөлмесі - уақытша дамылдайтын орын. Онда диван мен теледидар тұрғанымен, өрт сөндірушілердің бос уақыты іс жүзінде жоқ десе де болғандай.

«Біздің өрт сөндіру бөлімінде 62 адам жұмыс істейді. Бір ауысымда 12-13 адам бар. Ауысымнан өтіп жатқандар кезекші күннің қорытындысын шығарады, ал кезекшілікке қабылданғандарға осы уақытта қауіпсіздік техникасы тексеріліп, нұсқама беріледі. Осыдан кейін топтасу шаралары жүргізіледі», - деді №2 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Айтуған Бекенов.


Қанша машақаты мол шақырудан оралса да бөлімшеге аман-есен келген өрт сөндіруші құрал-жабдықтарын ретке келтірмейінше, тыным таппайды. Жеңдерін ауыстырып, ылғал тартқандарын кептіргішке жібереді. Себебі, келесі сынаққа бәрі дайын болуы тиіс. Сонда ғана өрт сөндіруші біршама тыным алып, демалуы мүмкін. Мұндай кезде ұйқы туралы айту, тіпті артық. Үзіліске бір минут та уақыт таптырмауы мүмкін.

«Әсіресе, өрт қауіпті кезеңде – ауа райының ыстығында құрғақ шөп жануы жиі кездеседі, ал жылыту маусымының басталуында біздің өрт сөндіру бөліміне күніне 15-ке дейін шақырту түседі. Біздің ауданан күніне орта есеппен 2-5 қоңырау қабылдаймыз. Бүкіл қала 5 бөлікке бөлінген, әрқайсысында өрт сөндіру бөлімі бар», - деп түсіндірді А.Бекенов.

Бұл №2 өрт сөндіру бекеті 19, 20 шағын аудандарға, Заречный кентіне және басқа да көшелер мен саяжайларға бекітілген. Қабырғада үлкен карта ілулі тұр, онда гидранттар аймақтары мен орналасқан жері көрсетілген. А.Бекенов қалада жұмыс істейтін гидранттар жеткілікті дейді.

Сонымен қатар, күшейткіш сорғы станциялары бар. Гидранттан су өрт сөндіру машинасын 15 минутта, ал станцияны бес минутта толтырады. Құрылғыда 70 литр су бар, бұл ақпаратты машинаның өзінен де көруге болады. Арнайы техникадағы қарапайым адамға түсініксіз цифрлар мен жазулар өрт сөндірушілерге ол туралы толық ақпарат береді.

Біз өрт сөндірушілер сусыз келді деген шағымдарды жиі естіп жатамыз. А.Бекенов бұл жағдай құтқарушылар кезекті өртті сөндіргеннен кейін дереу шақыртуға келгенде ғана болуы мүмкін екенін жеткізді. Мұндай кезде, адам өмірін құтқару бірінші орынға шығуы керек. Олар жанып жатқан бөлмеден адамдарды іздеп жатқанда, жүргізуші көлікке су толтырып келіп үлгереді. Барлық басқа жағдайларда өрт сөндірушілер толық резервуармен келеді. Тап қазірдің өзінде оларда суға толы көлік гаражда сақадай сай әзір тұр.

Өрт сөндірушілер оның ішіндегі судың салдарынан көлікті тот басатынын айтады, сондықтан ол суды үнемі ауыстырып тұру қажет деген ақпарат аңыздан басқа, ештеңе емес. Өрт сөндіру бөлімі барлық қоңырауларды 101 қызметінен қабылдайды. Олар алғашқы ақпаратты, алғашқы эмоционалды хабарламаларды Петропавл тұрғындарынан алады.

– Бәріміз жұмыстың басында дайын тұрамыз. Кейде келіп жатқан ақпарат мүлдем басқаша болып шығады. Өйткені, көбінесе адамдар психологиялық тұрғыдан қорқып қалып, мүлде басқа дерек ұсынып жатады. Ал бізге жүйелі дерек ұсыну, психологиялық тұрақтылық, қай кезде де байсалды жауап беру аса маңызды. Бізге тек өрттер туралы хабарламалар келіп түседі. Мәселен, үйде жалғыз қалған балалар есікті аша алмай қалады. Егер бала мекенжайды білмесе, тым болмаса шамамен үйді сұраймыз немесе телефон нөмірі арқылы орналасқан жерін анықтаймыз, – дейді өрт сөндіру бөлімінің радиотелефоншысы Райхан Нұтпаева.


Өрт сөндірушілер қоңырауларға міндетті түрде жауап қатады. Өтірік болып шықса да, олар үнемі айтылған мекен-жайға жол тартады. Олардың сөзіне қарағанда, әзілкештер де аз емес. Жылына бірлі-жарым жағдайлар болып тұрады. Бүгінде адамдар жауапкершіліктен қорқа бастады, себебі қазір қоңырау шалушының орналасқан жері мен жеке басын анықтау оңайлап кетті.

Кабинетте өрт деңгейі мен оқиға орнына баруға тиіс күштер мен құралдардың көлемін сипаттайтын арнайы белгі ілулі тұр. Қоңырау қабылданған сәттен бастап құрылғыдан шыққанға дейінгі стандартты уақыт бір минутты құрайды. Оқиға орнына мүмкіндігінше тезірек жету керек. Өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі әрбір көшені, ауланы, гидранттардың орналасқан жерін - ұсақ-түйекке дейін білуі керек. Кезекші өрт сөндіру қызметі қозғалысты қадағалайды, болжалды уақыттан асыруға болмайды. Өрт сөндірушіге дайындалу үшін 19 секунд жеткілікті. Жабдық ерекше назар аударуды қажет етеді, құрғақ кезде оның салмағы 7-8 кг.

Сонымен қатар, құрылғылар бірдей салмаққа ие. Егер форма қыста суланып, мұз басып қалса, онда өрт сөндіруші кем дегенде 30 килограмм жүк көтереді. «Бұл өрт сөндірушілер үшін соншалықты проблема емес. Ешкім құрал-маймандарының ауырлығына байланысты шағымданған емес. Өрт сөндірушілер қандай мамандықты таңдағандарын жақсы біледі. Біз үнемі тактикалық, арнайы және физикалық дайындық сабақтарын өткіземіз. Психологиялық тренингтер ұйымдастырамыз, біз жолақты өртеп жіберіп, қызметкерлерімізді оттың арасынан өткіземіз. Бізде жылу және түтін камерасы бар. Қараңғыда толық құрал-жабдықтары бар қызметкерлер кедергілерден қиналмай өтеді», – дейді А.Бекенов.

Өзі өрт сөндіруші болуды бала кезінен армандағанын айтады. Сол кезден өрт шыға қалса, сол өртті сөндіретін ержүрек жігіттердің бірі болғысы келетін. Егіз ағасымен бірге осындай қиын да жауапты мамандықты таңдаған. «Алғаш рет өрт сөндіру үшін Зайсан шағын ауданына бардым. Үй жалынға оранып жатыр. Ал оның жанында жарқыраған ашық сымдар болды. Электромонтерлер электр қуатын өшірмейінше, жалынды сөндіруге кірісе алмадық. Әйтпесе, бәрі жай ғана күлге айналар еді. Бірінші рет қорқынышты күйді басымнан кешірген шығармын. Оқыған кезде бәрі тек теорияда болады. Енді мен бәрі басқаша екенін түсініп тұрмын. Сіз өмір бойы өрт сөндіруші болып жұмыс істесеңіз де, төтенше оқиғаның барлығы ешқашан бірдей болмайды. Ахуал қай кезде де әртүрлі. Алайда, шешім бірден қабылдануы керек», - деді А.Бекенов.

Өрт сөндірушілердің өзіндік белгілері бар, кейбіреулері жылдар бойы интуицияны дамытады. Кейбір қызметкерлер өрт болатынын сезетін сияқты. Көбінесе солай болады. Жас өрт сөндірушілер белгілерге сенбейді, бірақ олар үлкендерді тыңдайды. Мысалы, ауысымдағы жаңа форма – өрт болады дегенді білдіреді. Яғни, киімді ауысым алдында немесе жұмыс кезінде жууға болмайды. «Тыныш қызмет» және «құрғақ жең» деген тілектер шынайы қабылданады. Ал олардың өздері де қайғылы оқиғалар орын алмаса деген ниеттен танған емес.

Нұрлан ӘУБӘКІР

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар