Алматы қаласы әкімдігі жаңа оқу жылында қашықта тұратын оқушыларды тасмалдау үшін 100 автобус сатып алды

Dalanews 01 қыр. 2023 03:15 1101

Жаңа оқу жылында Алматыда 31 мың бала бірінші сыныпқа барды. Қала мектептерінде өткен салтанатты жиынға қала әкімінің орынбасарлары Әсем Нүсіпова, Арман Қырықбаев, Әлішер Әбдіқадыров, сондай-ақ аудан әкімдері қатысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Білім күні Алматыда 323 мектеп есігін айқара ашты, оның 215-і мемлекеттік, 108-і жекеменшік мектеп. Биыл Түрксіб ауданындағы «Қайрат» ықшамауданындағы №211 жаңа мемлекеттік мектеп оқушыларды қабылдаса, қала бойынша 3000 орындық 9 жекеменшік мектеп те жұмысын бастағанын айта кетуіміз керек.

– Жаңадан ашылған 1200 орынды мектеп заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Химия, биология, физика пәндері бойынша төрт кабинет, сонымен қатар алты информатика кабинеті бар. Технологияға арналған кабинеттер де бар – қыздар мен ұлдар үшін бөлек. Жеке медиатека, 280 орындық асхана, акт залымен біріктірілген спорт залы бар. Мектеп бір ауысымда 1500 балаға білім бере алады. Қазір білім ордасына 1500-ден астам бала қабылданды, ал бірінші сыныпқа барған баланы 285-ті құрайды, – деді Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.

Бүгінде қаладағы №48 мектеп-лицейі мен №9 мектеп-лицейге жапсарлана салынған қосымша нысандардың құрылысы аяқталып, білім алатын оқушылардың санын 420 орынға арттыруға мүмкіндік туғанын да айта кетуіміз керек. Білім басқармасы жыл соңына дейін №148 мектеп-гимназияның сыйымдылығын 300 орынға кеңейту жоспарлап отыр. Бүгінде Алматы қаласындағы білім беру ұйымдарында 301 мыңнан астам оқушы білім алуда.


Биыл Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша бастауыш сынып 133 мыңнан астам оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтылады.

Ал жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын «Всеобуч» қорынан оқу жылының басында берілетін көмек көлемі бір балаға мектеп формасы мен кеңсе тауарларын алу үшін 43 мың теңгені құраған. Бұл қордан халықтың әлеуметтік осал топтарындағы 15 мыңнан астам алматылық мектеп оқушылары көмек алды.

Сонымен қатар, жаңа оқу жылында әкімнің тапсырмасымен Алматыда алғаш рет мектеп жасындағы балаларды тұрғылықты жерінен білім ошағына дейін тегін тасымалдау ісі жолға қойылды.

«Мектеп автобусы» жобасы мектептен қашықта тұратын кіші мектеп оқушылары мен студенттерге бағытталған. Автобустар 30 мемлекеттік мектепті қамтып отыр.


Алматы қаласының автопаркі Білім басқармасымен бірлесіп 100 мектеп автобусын сатып алған. Су жаңа автобустар халықаралық қауіпсіздік стандарттары мен техникалық талаптарға толықтай сәйкес келеді. Қоғамдық көліктің апаттық шығу, қауіпсіздік белдіктері, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған пандус, өрт қауіпсіздігі жүйесі орнатылған.

Балаларды тасымалдау ілеспе педагогтың қатысуымен және балаларды тасымалдаудың әзірленген ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар