Қарағандыда 22 жастағы Алика Мухамадиеваға қатысты сот процесі басталды. Оған әлеуметтік және ұлттық араздықты тудырды деген айып тағылуда, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қылмыстық іс бойынша басты сот отырысы Қазыбек би аудандық сотында басталды. Іс- сотқа 3 қазан күні түскен. Қарағандылық Алика Мухамадиеваға ҚР Қылмыстық кодексінің 174- бабы , 1 бөлігі- «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни араздықты өршіту» бойынша айып тағылып отыр.
Сот мәліметінше, Мухамадиева жүк тасымалдау және киім дүкені саласында кәсіппен айналысады.
Еске салсақ, 2025 жылдың жазында Threads әлеуметтік желісінде Алика Мухамадиева салған постардың қазақстандықтарға қатысты қорлайтын сөздер бар деген шағымдардан кейін тергеу нысанына айналды. Шілде айында ол қамауға алынып, іс материалдары тергеу органдарына жолданған болатын.
Кәсіпкер бұған дейін кінәсін ішінара мойындап, айтқан сөздері контекстен үзіп алынғанын мәлімдеген еді. Ол көпшіліктен кешірім сұрап, ешкімнің намысына тиюді мақсат етпегенін атап өткен.