Бұл жобаны бірлесіп қолға алған Қорғаныс және Ғылым және жоғары білім министрлігінің мақсаты – әскердің беделі мен жастардың ел алдындағы борышына адалдығын арттыру. Осылайша, 2023 жылдан бастап әскерге барып келген азаматтар ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесінсіз-ақ оқуға қабылдануға мүмкіндігі бар. Тіпті, ақылы негізде де білім алуына болады.
Қорғаныс министрлігінің кеңесшісі Айгүл Төлембаеваның айтуынша, қазірдің өзінде мұның ережесі қарастырылып жатыр.
«Жоба келесі жылдан бастап жүзеге асады. Алайда, бұл жеңілдік қазір әскерде борышын өтеп жатқан сарбаздарға арналады. Бұл жобаны Ғылым және жоғары білім министрлігі, жоғары оқу орындарының ректорлары қолдап отыр», – деді Айгүл Төлембаева.
Айтпақшы, әскери борышын бұған дейін өтеп келген сарбаздар күнтізбелік кезең бойынша, күзде запасқа ауыстырылғаннан кейін, яғни, әскерге барып келген екі жылдың ішінде әрекет етіп, оқуға түсе алады. Сондай-ақ, әскердегі борышын адал атқарып, қызметте жетістікке жетіп, әскери дайындық кезінде жоғары көрсеткіш көрсеткендер жоғары оқу орнының грантына ие болады.
Сондай-ақ, кеңесші Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың жоғары оқу орны ректорларына арнайы шығып, сарбаздардың жоғары білім алуына мүмкіндік туғызу жөнінде ұсыныс жасады.
Бұл бастаманы министр хабарласқан оқу орындарының бәрі бірауыздан қолдағанын жеткізді.
Айта кету керек, бұл ұсынысты республикадағы 40 шақты оқу орны құп көрген. Атап айтқанда, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Satbayev University, Astana IT University көш бастап тұр. Бүгінде қорғаныс саласына жауап беретін министрлік еліміздегі жоғары оқу орындары жылына 3 мыңнан кем емес грант ұсынады деп болжап отыр.
Нәтижесінже әскер қатарына алынған әрбір оныншы сарбаз жоғары білімді тегін алады. Бұл мүмкіндікке Қорғаныс күштерінің құрамасы мен бөлімдеріндегі сарбаздар ғана емес, Шекара қызметі, Ұлттық ұланда қызмет атқаратын жауынгерлер де ие болады.
Бұл тұрғыда министрлік олардың дайындық және қызмет барысындағы беталысын сараптап, жинаған ұпайын рейтинг бойынша есептеуге кірісіп, әдістемесін жасақтап жатыр.
«Бұл олардың әскер кезіндегі алған бағасының жинақ жүйесі. Ал сарбаз қалған қосымша баллды әскери тәртібіне қарай және әскери ұжымның қоғамдық өміріне белсенді қатысқанына орай алады», – деп түйіндеді пікірін ҚР Қорғаныс министрінің кеңесшісі А.Төлембаева.