Жаңа Елтаңба идеясына қатысты қызу пікірталас басталды

Сағыныш Сардарова 18 нау. 2024 11:29 9248

Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елтаңабаны өзгерту керек екенін, ол Кеңес заманындағы Гербке ұқсап қалатынын мәлімдеді.

Бұл ұсыныстан кейін қоғамда Елтаңбаға қатысты қызу пікірталас басталып кетті. Dalanews.kz тілшісі сарапшылармен сұхбаттасып, әлеуметтік желідегі осы тақырыптағы жазбаларға да шолу жасады.

Президент Елтаңбаға қатысты пікірінде "эклетика" сөзін қолданады. Бұл сөздің ашық дереккөздегі мағынасына назар аударсақ, архитектура мен бейнелеу өнеріне алуан үлгідегі көркем өнер элементтерін тұтастай талғамсыз қолдану дегенді білдіреді екен.

"Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек.

Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады", - деді Тоқаев.

Ал тарихшы, профессор Берекет Кәрібаев Елтаңбада көңілге жақпайтын ештеңе жоқ деген пікірде.
"Жеке өз басым ҚР Елтаңбасынан сөкет, көңілге жақпайтын еш нәрсе көріп отырған жоқпын. Осы идеяны президентке ұсынған кеңесшілерден сұрау керек. Меніңше, Гербті өзгерткенмен ештеңе өзгермейді, оған кететін ақыл-ой мен күш- жігерді, барлық материалдық, қаржылай шығындарды басқа мақсатқа, бағытқа жұмсау керек", - деді профессор. 

Сарапшы Баяужұма Асылбек бұл таласқа пікір білдірді.

"Жалпы өзім Елтаңбаны өзгертуге қарсымын. Біріншіден, Елтаңбада 40-тан аса элемент бар. Уықтан, шаңырақтан бастап пыраққа дейін бүкіл ұлттық болмысымызды, қазақилығымызды, тарихты көрсетіп тұрған дүние. Бес жұлдыз Қытайдың да, Түркияның да, Американың да туында бар. Бес жұлдыз қазақтың жұлдызы жарқырай берсін, биікте тұрсын дегенді білдіреді. Темірқазық деген жұлдыз бар. Соны білдіреді. Сондықтан дәл қазіргі уақытта мемлекеттік рәміздерді өзгертудің ешқандай қажеті жоқ. 

1991 жылы бізді атамекенге сонау Моңғолиядан шақырып әкелген осы көк Ту мен Елтаңбамыз болатын. Елтаңба мен көк Ту жүрегімізге өте жақын.

Мамандар есептеп жатыр ғой, Елтаңбаны ауыстырудың өзінде миллиардтаған теңге қаражат қажет болады. Барлық балабақшадан бастап мемлекеттік мекемелердің Елтаңбаларын ауыстыруға тура келеді. Бұл да қиын экономикалық дағдарыс тұсында ешқандай пайдасыз дүние.

Біздің Елтаңбамыз Американың халықаралық зерттеуінде ең әсем Елтаңба ретінде 9-орынды алады. Сондықтан біз керісінше мемлекеттік рәміздерімізді жастарға насихаттауымыз керек. Елтаңба мен Туымыз бренд болып кеткен, осы арқылы бүкіл дүниежүзі таниды.

...Елтаңбаны өзгерту туралы бастамасын қолдамаймын. Бұл - Президенттің емес, оған айтып отырған бір топ адамның идеясы. Пайда көздеген де болуы мүмкін. Екінші жағы өздерінің абыройларын шығаруды көздеген болар", - дейді сарапшы.

Тарихшы Ханкелді Әбжанов та қазіргі Елтаңбаның мағыналық жағынан да, тарихи жағынан да көтерген жүгі мол екенін айтты.

"Тап қазір Елтаңбаны өзгертуге соншама қажеттілік туып тұрған жоқ. Алда одан да маңызды, одан да қажет, одан да кезек күттірмейтін мәселелер бар. Ал енді Елтаңба бүгін-ертең шешпесе де зиянын келтірмейді және Елтаңбамыз соншама жаман да емес. Онда тарихымыздың, тағдырымыздың белестері көрініп тұр.

Мемлекеттік рәміздерге өзгеріс енгізу керек болса, Әнұрандағы автор Назарбаев деген сөздің орнын ауыстыру керек.

Айтар едім, Әнұранға "Атамекен" өлеңін алсақ болар еді. Тұрған бойы патриотизм. Тұрған бойы өршілдік. Ал енді Елтаңбамыз біреудікінен ілгері, біреудікінен кейін. Жұрттың Елтаңбасында автоматтың да суреті тұр, ол ел соғысқұмар болып кетті деген сөз емес қой. Қайта біздің Елтаңбамызда тарихымыздың, сақ дәуірінің, одан бергі заманның көріністері бар. Жұлмалайтын, тап қазір ауыстыратын зәрулік жоқ.

Күте тұрайық, уақыт келеді. Бүгін-ертең тоналған, әділетсіздікке ұрынған, жемқорлардың мекеніне айналған Қазақстанды Әділетті, Жаңа Қазақстанға айналдыра алсақ, олжа болар еді", - деді ғалым.

Әлеуметтік желіде де Елтаңба төңірегіндегі пікірталастар көбейген. Мәселен, жазушы, баспагер Арман Әлменбет қазіргі Елтаңбада кеңестік стиль сақталғанын айтады.

"Елтаңбаны өзгертпеу керек деген пікір көп екен, қарасам. Мен өзгерту керек деп ойлаймын. Қазіргі елтаңбамыз жыпыр-жыпыр бірнәрсе, оның үстіне совет кезіндегі стиль. Нанбасаңыз, герб белосрусской сср, герб узбекской сср деп жазып көріңіздерші гуглға", - деді ол.

Ал жазушы, журналист Сәкен Сыбанбай Елтаңбада шамадан тыс элементтер қолданылғанын жеткізді.
 
"Бүгін Атыраудағы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Президент Қ.Тоқаев біраз мәселені айтыпты. Соның ішінде Елтаңбаны өзгерту туралы ұсыныс ел арасында бірден қызу талқыға түсіп жатыр екен. Қарасам, қарсы шығушылардың қарасы басым, дегенмен қолдаушылар да аз емес сияқты.
Әу баста бекітілген дүниені орта жолда "әрі тарт та бері тарт" жасауға мүлде құлықсыз адамның бірі – мен едім. Алайда тап осы Елтаңба мәселесіне келгенде елең ете қалғаным...
Өйткені жасыратыны жоқ, қазіргі Елтаңба маған ә дегеннен-ақ ұнамаған болатын, тіпті 1992 жылы бұл туралы пікірім "Алматы ақшамы" газетіне жарияланғаны есімде.
Біріншіден, баяғы кеңестік пошымнан алыс кете қоймаған. Өзбекстан мен Тәжікстанның қазіргі гербтері де сондай. Екіншіден, мемлекеттік рәміз секілді нақты да байсалды дүниеге "бәрін қамти берсем, ештеңе ұмыт қалмаса екен" деген (әрине, ізгі мақсаттан туған) ағыл-тегіл "максимализм" жараса бермейді. Шаңырақ, уық, пырақ, күмбез, күн, жұлдыз, т.б. бәрін қамти беруге тырысу – ақырында жыпырлаған быжырқай бейнеге ұласып кетуі мүмкін. Рас, кезінде оның әрқайсысын бізге қилы қисынмен қиыстырып түсіндірді, түрлі сараптау мақалалар да жазылды. Бірақ... сол күйі қабылдай алмай, іштей тынғанмын. Содан бергі қанша жылдан бері көпшіліктің көзі де үйренді, көзқарасы қалыптасты ғой, сондықтан "осы қалпында қала берсін" деген пікірлерге де түсіністікпен қараймын. "Бұдан басқа бас қатырар шаруа жоқ па?" деушілердің наразылығы да түсінікті.
Бірақ, менің аңғаруымша, Тоқаевтың сөзі Елтаңба міндетті түрде өзгертіледі дегенді білдірмейтін де секілді. Яғни, менің түсінгенім, алдымен түрлі пайымдар, пікірлер тыңдалуы керек. Содан соң да, ортақ шешімге келген жағдайда да, мәселе әбден жан-жақты қарастырылып, пысықталуы шарт. Егер Елтаңбаны ауыстырмасақ болмайды деген түбегейлі қорытындыға келген кезде ғана жаңа Елтаңбаның жобасын жасауға ашық байқау жарияланады. Демек, Елтаңба ауыстыру есік ауыстырғандай бүгін-ертең бола салатын шаруа емес. Әбден талданып-таразылануы керек, түрлі көзқарастар тыңдалып, ескерілуі керек", - деп жазды журналист.
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, саясаттанушы Қазбек Майгелдинов те әлеуметтік желіде Елтаңбада өзгеріс енгізу керек дүниелер бар екенін жазған.
 
"Елтаңба" қазақ тілінде мұра деген мағына береді. Елтаңбадағы екі қатені түзету қажет сияқты.
Біріншісі, Елтаңбамыздағы жұлдыз символизмін еліміздің Кеңес одағы кезіндегі елтаңбасының мұрасына жатқызуға болады. Әлбетте мұндай “бодандықтың” мұрасынан арылған жөн болар.
Ең қызығы, бастапқыда Елтаңбаның алғашқы эскиздерінде Қазақстанның үш жүзінің бірігуін бейнелейтін үш жұлдыз болған.
Кеңес Одағынан қалған тағы бір символизм - Елтаңба формасы. Салыстырып қарасаңыз ішкі құрылымы өзгергенмен, сыртқы формасы сақталған.
Екіншісі, Елтаңбада мемлекет атауының "Қазақстан" деген жазылуы геральдикалық тавтологияның бір түрі болып есептеледі. Елтаңба - бұл рәміздер түрінде көрсетілген мемлекеттің атауы. Яғни елтаңбаның ұранында ата-бабалардың ерлігі немесе олардың ұрпақтарға ұлағаты болуы керек. Мемлекеттің атауы Елтаңбаның ұраны бола алмайды (АҚШ, Түркия, Украина, Франция елдерінің және т.б. көптеген елдердің елтаңбасында мемлекет атауы жоқ).
Осы ретте аталған қателіктерді ұлттық болмысымыз бен дәстүрімізді ескере отырып түзету керек деп ойлаймын. Қазақи құндылықтарымызды тереңдетуді Елтаңбамызды қайта жаңғырту арқылы жалғастырғанымыз абзал болар", - деп жазды ол.
 
Ал Президент Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланатынын айтқан еді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар