Сот бұра тартып кетеді деп ойламаймын - Бапи Бишімбаев ісі туралы

Сағыныш Сардарова 13 нау. 2024 12:55 1763

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мәжілісте журналистердің сұрақтарына жауап берген депутат сот әділ өтетініне сенімді.

"Бишімбаевтың ісін бақылап отырған адам емеспін. Бұл - тұрмыстық дәрежедегі оқиға. Әрине, адам өлді. Бұған алаңдаушылық бар. Сол тұрғыда заңды күшейту жөнінде талаптар болып жатыр. Әрине, бұл тұрғыда іс қозғалды, іс сотқа берілді, сот басталды.

Бүкіл қоғам алаңдап қарап отырған кезде сот бұра тартып кетеді деп ойламаймын. Сотты жүргізіп отырған судьяның да екі басы жоқ, прокурордың да екі басы жоқ. Сондықтан сот әділ шешім шығарады деген ойдамын", - дейді депутат.

Айта кетейік, бірінші алдын ала тыңдауда экс-шенеунік Бишімбаев Астана сотынан алқа билер, БАҚ өкілдерінің қатысуымен ашық сот өткізуді сұрады.

"Мен айыптаудың мәнін жан-жақты түсіндім. Алайда тағылған айыпты мойындамаймын", – деді күдікті сот залында.

Ал заңгер Тілеужан Кішкенебаевтың сөзінше, бұл - жазаны жеңілдету үшін жасалып жатқан әрекет.

"Ол "қасақана істеген жоқпын" деген уәж келтіріп отыр. Яғни ол өзінің жазасын жеңілдетудің әрекетіне көшті. "Өлтіретін ниетім болған жоқ, екеуміз жанжалдасқанымыздың салдарынан" деген секілді келтіргісі келіп жатыр.

Тергеуде сараптамалар жасалады. Ол жерде немен ұрғаны, қай жеріне ұрғаны, адам неден қайтыс болғаны сараптама қорытындысымен расталады, бәрі зерттеледі. Сараптама қорытындысына сүйене отырып, айып тағады. Қазір адам өлтіру дерегі бойынша тағылған айыпты ол "адам өлтіретін ниетім болған жоқ, абайсызда" дегенге келтіргісі келіп отыр. Өзінің басының амандығы үшін жазаны жеңілдету әрекеті. Кез келген сотталушының істейтін әрекеті ғой.

15 жылдан бері осындай қылмыстарды қарап келе жатырмыз. Көп сотталушы "абайсызда жасадық" деген секілді айтады. Ал шындығында ол қандай затпен ұрса, қай жерінен ұрса, жанды жерінен ұрса, адам өлетінін білді", - дейді ол.

Еске салайық, былтыр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен қамауға алынған еді. Оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар