Саясаттанушы Эдуард Полетаевтың пікірінше, одаққа біріккен мемлекеттердің арғы-бергі тарихы тамырласып жатыр. Ендеше, мәдени-гуманитарлық байланыстарды әрі қарай да дамытатын, жетілдіретін ортақ құндылықтар қалыптастырудың ешқандай әбестігі жоқ.
Ал «Литер» газетінің саяси шолушысы Олег Сидоров болса, мәдени-гуманитарлық бәсекелестікті жоғары деңгейге шығару үшін үкіметтік емес ұйымдар мен ақпарат құралдарының арасындағы байланысты жетілдіру керек деген пікірде.
Оның пікіріне қосылатынын айтқан, «Московский комсомолец в Казахстане» газетінің бас редакторының орынбасары Сергей Козлов: «Еуразиялық экономикалық одаққа біріккен елдерде ортақ құндылықтарды қалыптастыруға септігін тигізетін ортақ ақпараттық саясат жоқ» дейді.
Өз кезегінде жиынның шымылдығын жапқан Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығының бас ғылыми қызметкері Андрей Хан: «Еуразиялық құндылықтар туралы айтпай тұрып, бұл құндылықтардың ішіне не кіреді деген сауалға жауап бергеніміз жөн сияқты. Менің ойымша, дәл қазіргі күні осы Еуразиялық атты ұғымға Қазақстан мен Ресей белгілі бір мағына беруге тырысып жүр. Ал, айталық Өзбекстан мемлекеті мұны қолдамайды. Ашығын айтайын, еуразияшылдық Ресей үшін өзінің империялық амбициясын жүзеге асыру, ал Қазақстан үшін транзиттік мүдде ғана» деген пікір білдірді.