Ескі Қазақстанмен келісім жасалып жатқан секілді - депутат Бапи

Сағыныш Сардарова 30 мам. 2024 14:15 2802

Танымал саясаткер, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Назарбаевтың шеттегі "есепсіз байлығы", шетелдегі активтер, Ресейдің Қазақстанға ықпалы туралы ашық айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Саясаткер Қазақстанда активтерді қайтару жөніндегі комиссияны Үкімет құратынын, оның құрамын да Үкімет жасақтайтынын, бұл құрамда өзі жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, бұл құрамға мүшелердің ішінде қоғам өкілдерінен екі адам бар.

"Бұған дейін Жақсылық Күлекеев болып еді. Қазір орнына біреу келді, білмеймін. Олардың комиссия туралы айтып жатқанын естіген жоқпын. Парламенттен екі адам, Сенаттан бір адам бар. Мәжілістен Марат Башимов деген конституциялық заңгер бар. Бұл тұрғыда оның тәжірбиесі жетерлік азамат. Бірақ комиссияның жұмысы құпия жүретін болғандықтан, ол кісі де көп ештеңе айта алмайды.

...Алғашқы кезде активтерді келісімімен, өз еркімен қайтару жөніндегі жұмыстар жүріп жатыр. Бірақ ол кіммен, қалай жүріп жатқанынан хабарымыз жоқ. Себебі құпия болғандықтан, заңды қабылдаған депутаттардың өзі бейхабармыз. Бірнеше рет депутаттық сауал жолдадым. Әсіресе, халықты хабардар ету жөнінде (депутаттық сауал жолдадым - еск.). Халық активтерді қайтару мәселесінен көп үміт күтіп отыр. Сондықтан құрып кеткенде айына бір рет қоғамға бір ақпарат беріп отыру жөнінде бірнеше қайтара талап қойдық, ұсыныс жасадық. Бірақ әзірше анда-санда ақпарат әркімнің аузынан бір шығады. Бірде премьердің аузынан естідік. Өткенде ашық ақпаратқа шықты. Президент әкімшілігінің басшысы Дәдебаев мырзаның аузынан естідік. Сол сияқты активтерді қайтару мәселесінен терең хабардар емеспіз. Бірақ дегенмен жеке өзіме инсайдерлік ақпараттар келіп тұрады. Оның түп негізіне, ақиқаттығына, қауесет емес екеніне көз жеткізіп алу керек", - деді депутат "Адырна" ұлттық порталына.

Ермұрат Бапи шеттен қайтқан активтерді жинақтайтын жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар екенін, бұл 100 пайыз Үкіметтің қарамағында екенін жеткізді. Оның сөзінше, бүкіл актив осында келіп түседі.

"Бірақ ол жердегі ақпарат та жабық. Қанша түсіп жатыр, қайдан келіп түсіп жатыр, ол жағынан бейхабармыз. Депутаттар да бейхабар, қоғам да бейхабар, оны тек тиісті мемлекеттік органдар білсе білді. Бірақ оған түсіп жатқанын, түспей жатқанын тағы білмейміз.

Ең бастысы, менің ойымша, кезіндегі ұрлап-жырлап әкеткен, Қазақстанның активтерін сыртқа шығарған, талан-таражға салған негізгі тұлғалармен қазір келісім жасалып жатыр. Менің ойым - сол. Оларға "сендерге мұрша береміз, мүмкіндік береміз, осы уақыттың ішінде осынша көлемде қайтарасыңдар" деген әңгіме жүріп жатыр. Ал қайтармаған жағдайда "заң тетіктерімен жұмыс істейміз" деген сияқты мәміле ұсынылып жатыр. Соған байланысты кімнің қайтарғаны, кімнің қайтармағаны жөніндегі ақпаратты құпия ұстап отыр", - деді ол "Адырна" порталына берген сұхбатында.

Саясаткер Бапи Назарбаевтың активіне қатысты қандай деректер белгілі екенін мәлім етті.

"Бұл жерде (Назарбаевтың қанша активі бар екені - еск.) бәрі - болжаммен айтылатын сан. Барлығы ұрланып кетпесе де активтердің кейбіреуі компаниялардың құрамында кетті. Одан кейін компаниялар шетелдік ерікке өтіп кетті. Активтердің бәрін мөлшерлеп, соммасын есептей келгенде, қазір бір деректерде 200 млрд доллардың көлемінде деп айтылады. Кезінде Бекетаев әділет министрі болып тұрғанда, "160 млрд" деп айтқан сөзі бар. Бірақ оның сөзіне көп сеніңкіремеймін. Өйткені сол кезде ескі Қазақстанға мүдделілік тұрғысында айтқан. Жекелеген бір сарапшылардың пікіріне қарағанда, жарты триллион долларға дейін активтер бар деген бар. Енді экс-президенттің төңірегін түгелдей олигархтармен қосып әкелгенде, есептеп қарайтын болсақ, шынында да, сол мөлшерге тақап қалады. Бірақ нақты санын көзбен көріп, қолмен қойғандай айта алмаймыз", - деді Бапи.

Мәжіліс депутаты әлемдік аренадағы маңызды жайттарға қатысты да пікір білдірді. Бапидің сөзінше, бірінші кезекте Ресейдің Қазақстанға экономикалық тұрғыда мүдделігі Украинамен арадағы соғыстың салдары деп есептеу керек.

"2 жылдың ішінде Қазақстанда Ресеймен біріккен кәсіпорындардың саны 70 пайызға өскен. Бұл соғыстың салдары деп қарау керек. Оның үстіне Ресейге Украина тарапынан мұнай-газ өңдеу кәсіпорындарына шабуыл болып, Башқұртстандағы мұнай өңдеу зауыты істен шықты. Ресейде қазір жанар-жағармай бекеттерінде кезектер пайда бола бастады. Соған байланысты Қазақстанға мүделілік туды. Негізінде Қазақстанда шетелдік компаниялардың, азаматтардың қатысымен құралған 45 мыңға жуық заңды тұлға бар екен. Соның ішінде 20 мыңға жуығы Ресеймен жасалған. 50 пайызға жуығы. Бір деректерде үштен бірі дейді. ..."Қазфосфат" мысал үшін, оны былтыр Дмитрий Стрежнев деген Путиннің олигархы алды. Оның құрамында тыңайтқыштар өндіретін химия зауыттары бар. Оның ішінде теміржолдың желілері бар. Ішіне кіріп кеткендердің ішінде Нығматулиндер бар. Нығматулиннің екі баласы Қазфосфаттың иесі ретінде ресейлік компанияның құрамына кетіп қалды әлде сатып жіберді. Сол сияқты Қазфосфат кетті. Одан кейін уран өндірісі. Әлемдегі ең ірі уран кеніші кетті. Сол сияқты қазір Атырау мұнай өңдеу зауытына ауыз сала бастады деген сөз бар. Бірақ ол жөнінде келісім қандай деңгейде жүріп жатқанын білмеймін. Оның үстіне қазір Қазақстанда Ресейдің араласуымен ірі-ірі үш жылу энергия орталығын салу жөнінде келісімшарт жасалды. Сол үш жылу орталығын Қазақстанның құрылыс компаниялары салуға мүмкіндігі бар.

...Осы тенденциядан шығатын қорытынды: соңғы екі жылда Ресейдің қазақ экономикасындағы ықпалы мен үлесі 70 пайызға асып бара жатқанын есептесек, бұл - қауіпті стастистика. Ресей деген аю ғой. Ресейдің 140 миллионнан аса халқы бар, индустриясы дамыған, Қазақстанды бір қармақпен жұтып қоятын алып, аждаһа ел. Сондықтан осы тұрғыдан келгенде қоғамдағы айтылып жатқан дабылдың жөні бар. Бұған дабыра деп қарауға болмайды. ...Бізге қауіптісі соңғы үш жыл. ...Былтыр Буденновское уран кен орны Ресейге кеткеннен кейін Ұлыбритания санкция салды. АҚШ Ресейдің уранына санкция салды. Ресейдің ураны әлемдік нарыққа шықпайтын болды. Қазақстанның уран өндірісінің 80 пайыздан кем емес (бөлігі - еск.) - Ресейдің иелігіндегі дүние. Ол сыртқа шықпай қалса, әлемдік нарыққа сатылмайтын болса, жұмыс орындары қысқарады, халыққа әлеуметтік қиындықтар тудырады. ...Еуродақ пен Америка жаңа санкциялар дайындап жатыр. Ресейге екінші, үшінші жақтан көмектесіп жатқан елдерге санкция дайындалып жатыр. Қазірдің өзінде осыған екі компия ілініп кетті. Айналып келгенде Ресейдің кесірінен санкцияның тұзағына ілінуіміз әбден мүмкін", - деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар