Қонаев қалалық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасы анафелогенді су қоймаларында безгек масаларына қарсы өңдеудің 1-кезеңін 05 сәуірде және 2-кезеңін 13 мамырда өткізді. Қонаев қаласының аумағында орналасқан жалпы ауданы 70,0 га болатын 60 анофелогенді су қоймалары бар. Қоймаларда безгек масалары өте көп шоғырланған. Өңдеу үшін Қазақстанда рұқсат етілген дәрілік заттар қолданылуда. Аталған шара энтомологиялық көрсеткіштер бойынша жүргізіліп, алдын ала белгіленген жоспарға сәйкес өтуде, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұдан бөлек, ТҮКШ бөлімі тұрғын үйлердің жертөлесін масаға қарсы өңдеуде. Қала әкімдігінің ТҮКШ бөлімінің мәліметінше, тұрғын үйлердің жертөлелерінде масаға, таракандарға, бүргелерге қарсы өңдеу жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі таңда мердігер компания 2 шағын аудандағы үйлерді дезинсекциялауда, жалпы барлық тұрғын үйлерді қамту жоспарланған. Улау жұмыстары жүретіннің алдында пәтер иелері және кооперативтердің басшыларына ескертіледі.
Сондай-ақ қамыс, ашық жатқан аумақтар, парктер, скверлер де назардан тыс қалған жоқ. Мұндағы дезинсекциялау жұмысымен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы айналысуда. Өңделетін аймақ 11 га-дан астам. Өңдеу жұмыстары кезең-кезеңімен жаздың соңына дейін жүреді.