Қазақстанда мопед иелеріне салық салу мәселесі талқыланып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазір мопедтер көлік салығынан босатылған. Иесіне салық туралы хабарлама келсе, оны даулауға мүмкіндік бар. Алайда бұл тәртіп қайта қаралуы мүмкін.
Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі Әсет Есенжігітовтің айтуынша, мопедтер де жол қозғалысының толыққанды қатысушысы болғандықтан, оларды салық жүйесіне енгізу әділ шешім болады. Қазір бұл мәселе Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп пысықталып жатыр.
Салық органдарының мәліметінше, шағымдардың бір бөлігі кәдімгі мопедке емес, техникалық сипаттамасы әлдеқайда қуатты көліктерге түседі. Мәселен, кейбір екі дөңгелекті көліктердің техникалық құжатында А1 санаты көрсетілгенімен, қуаты 45 кВт-қа дейін жетіп, сағатына 80 шақырым жылдамдықпен жүре алады.
Мамандар мұндай техниканы қарапайым мопедке жатқызу қиын екенін айтады. Осыған байланысты салық салу кезінде түсініспеушіліктер туындап отыр. Әзірге нақты шешім қабылданбаған.