«Еңбек жастары» қозғалысы Қостанай облысында ауқымды экологиялық акция өткізді

«Еңбек жастары» қозғалысы Қостанай облысында ауқымды экологиялық акция өткізді

Қостанай облысында 2022 жылғы алапат өрттен зардап шеккен Аманқарағай орманын қалпына келтіруге арналған ауқымды экологиялық акция өтті. Іс-шара барысында AGROMASH және Allur машина жасау кәсіпорындарының 300-ден астам қызметкері 5 мыңнан астам қарағай көшетін отырғызды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Акция бастамашысы – жұмысшы жастардың күшімен құрылған «Еңбек жастары» қозғалысы. Шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

Аманқарағай орманы Қазақстандағы маңызды табиғи аймақтардың бірі саналады. Акцияға қатысушылардың айтуынша, орманды қалпына келтіру – тек экологиялық шара ғана емес, азаматтық жауапкершіліктің көрінісі.

AGROMASH зауытының президенті Динара Шукижанова 2022 жылғы өрт кезінде өңір тұрғындарына көмектескендерін еске алды.

– Аманқарағайда өрт болған кезде шетте қала алмадық. Бұл – менің туған жерім. Біз адамдарды эвакуациялауға көмектестік, алғашқы көмек көрсеттік. Қазір сол орманды қайта қалпына келтіруге атсалысып жатырмыз. Бұл – болашақ үшін жасалып жатқан маңызды іс, – деді ол.

Экологиялық акция барысында еріктілер қозғалысы мен жастардың табиғатты қорғаудағы рөліне ерекше назар аударылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар қоғамды ортақ құндылықтар төңірегіне біріктіріп, экологиялық мәдениетті қалыптастырады.

Allur зауытының дәнекерлеушісі Диас Бериков ағаш отырғызу арқылы әр адам табиғат алдындағы жауапкершілікті тереңірек сезінетінін айтты.

– Біз өндірісте тек техника жасап қана қоймай, туған жеріміз үшін пайдалы іс атқарғымыз келеді. Патриотизм – сөз емес, нақты әрекет, – деді ол.

«Семиозерное орман шаруашылығы мекемесі» КММ басшысы Ринат Серденбаев өрттен кейін табиғат біртіндеп қалпына келіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, екі жылдық қарағай көшеттері жергілікті топыраққа жақсы бейімделеді және олардың жерсіну деңгейі жоғары.

Еске салайық, 2022 жылы Қостанай облысында болған табиғи өрт өңір тарихындағы ең ірі апаттардың бірі болды. Салдарынан шамамен 25 мың гектар орман алқабы зардап шеккен еді.