"Алматы жастары" бағдарламасы қашан басталатыны айтылды

"Алматы жастары" бағдарламасы қашан басталатыны айтылды
Алматы әкімдігі

Алматыда "Алматы жастары" бағдарламасына өтініш қабылдау 1 маусымда басталады, деп хабарлайды dalanews.kz.

"Алматы жастары" бағдарламасы бойынша өтініш қабылдау биыл 1-15 маусым аралығында өтеді.  Өтініші kezekte.kz порталындағы "Тұрғын үй сервистері" бөлімінде орналасқан "Almaty Jastary" сервисі арқылы 1 маусым сағат 09:00-ден бастап 15 маусым сағат 18:00-ге дейін жолдауға болады. Жүйеге кіру үшін электрон цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет.

Бағдарлама аясында қатысушыларға мынадай шарттар ұсынылады:

  • несие көлемі 20 миллион теңгеге дейін;
  • жылдық мөлшерлеме — 5%;
  • бастапқы жарна — 10%;
  • бастапқы және қайталама нарықтан баспана сатып алуға мүмкіндік беріледі.

Жобаға Алматы қаласында тұратын 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады.

Қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар:

  • Алматы қаласында кемінде бір жыл тұрақты тіркеуде болу;
  • кейінгі бес жылда үміткердің және оның отбасы мүшелерінің атында тұрғын үй болмауы;
  • Алматыда кемінде алты ай ресми жұмыс өтілі мен міндетті зейнетақы аударымдары болуы.

Бағдарлама денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салаларының қызметкерлеріне, ЖОО мен ғылыми-зерттеу институттарының мамандарына, журналистерге, әлеуметтік сала өкілдеріне, құқық қорғау органдары мен коммуналдық қызмет қызметкерлеріне, сондай-ақ, "Жұмыс істейтін жастар" бағдарламасының жалға алушыларына арналған.