Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи кулуарда экс-президенттің қызы Әлия Назарбаеваның рейдерлік әрекеттеріне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Сасқан үйрек құйрығымен сүңгиді дей ме?! Соның кері ғой. Өз көзіммен Әлия Назарбаеваның қолы қойылған нотариалдық құжатты көрдім. Түпнұсқа. Әлия Назарбаеваның өзі қол қойған келісімшартты, компанияны өзіне алу жөніндегі құрылтайшылық құжатты көрдім. Рогованың қол қойған құжаттарын көрдім. Мұның бәрі мөрі соғылып, қолы қойылған құжаттар ғой. Аспаннан келген жоқ, біреу қолдан жасаған жоқ. Соны көре тұрып, біле тұрып, осындай қылмысты жасай тұрып, кезінде меншігінен айрылып қалған адамдарды қасақана, қитұрқылықпен қайта сотқа беру барып тұрып арсыздық деп ойлаймын", - деді Бапи.
Депутат "прокуратура, сот жүйесі Назарбаеваның ығына жығылып кетпей ме?" деген сауалға да жауап берді.
"Қазірдің өзінде жығылып жатқан сыңайы бар ғой. Мен өзім депутаттық сауал салдым. Оған жалтарма жауап келді. 160 миллион долларлық активі бар, бизнесінен айрылған жігіттер сотқа берді. Іс қозғау жөнінде прокуратураға берді. Ешқайсына дұрыс жауап жоқ. Барлығының жағында Әлия Назарбаева судан таза, сүттен ақ", - деді ол.
Айта кетейік, биыл 28 ақпанда "TPK Asia" ЖШС құрылтайшысы Нұрлан Бимурзин серіктесі Мегдат Қалиев екеуі Назарбаева мен Рогованың рейдерлік шабуылының құрбаны болғанын мәлімдеген болатын.
Бимурзиннің айтуынша, 2003 жылы Әлия Назарбаева өз ықпалын пайдалана отырып, құны 170 миллион доллар болатын (2003 жылғы есеп бойынша - еск.) жеті мұнай базасы мен 96 жанармай құю бекетін тартып алған.
"Басында қаржы полициясы қысым көрсетті. Сосын Әлия Назарбаеваның өкілі келіп, бізге қорған болуға шамалары жететінін жеткізді. Ол үшін бизнестің 50 пайызы берілуі керегін айтты. Бір жылдан кейін Әлия Назарбаева енді қалған үлесті де беру керегін ескертті. Сол жылы менің әкемді олар алып кетіп, Назарбаеваның кеңсесіне апарған. Әкеммен сөйлескен. Екі ұлың үшін алаңдасаң, бизнесіңді бер деген. Амал жоқ, әкем келіседі.
Келесі күні мен бардым. Ол жерде Әлия болған жоқ, бірақ оның орнына Рогова болды. Мен сол жерде үлесімді бар жоғы 18 125 теңгеге сатуға мәжбүр болдым", - дейді Нұрлан Бимурзин.
14 наурызда Бас прокуратура Назарбаеваның рейдерлік әрекеті туралы арыз тіркелгенін хабарлады. Алайда 5 сәуірде полиция экс-президенттің кенже қызына қатысты қылмыстық іс қозғаудан бас тартқаны белгілі болды.