Мәдениет және спорт министрінің бұрынғы орынбасары Ерлан Қожағапанов соттағы жарыссөз кезінде өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, тергеу барысын сынға алды. Ол тергеу ісінің қолдан құрастырылғанын, ал куәларға қысым жасалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz Bes.media-ға сілтеп.
Қожағапановтың айтуынша, оған тағылған айыптар куәгерлердің өз көрсетулерімен-ақ теріске шыққан, оның ішінде мемлекеттік айыптаушы тараптың куәлары да бар.
“Соңғы бес айдағы 50 сот отырысын елемегендей. Куәлардың көз жасын, ‘цирк’, ‘мазақ’ деген сөздерді ұмытып кеткендей. Прокурор ұсынған құжаттарға сіз де күлдіңіз, құрметті судья. (...) Куәлар шындықты айтты, ал ол шындық тергеу органдарының айтқандарын түгел жоққа шығарады,” – деді Қожағапанов.
Сондай-ақ, ол форум сметасын есептеген сарапшылардың бірі 1000 доллар алғанын, ал екіншісі бұған дейін мемлекеттік сатып алуларға қатысу кезінде адал емес деп танылғанын айтты. Бірақ бұл жайттар тергеуде ескерілмеген.
Қожағапановтың сөзінше, куәлар антикор қызметкерлерінің қысымы мен қорқытуына ұшыраған. Ол бұл қызметкерлердің жұмыстан босатылуын талап етті.
“Мен ешкімнің түрмеде отырғанын қаламаймын, бірақ бұл адамдар жұмыстан кетуі керек. Олар Антикордың беделіне нұқсан келтіруде. Олар – азаптау, бопсалау, пара беру мен алу, баланы қауіпке қалдыру, баспананың жеке қолсұғылмаушылығын бұзу сияқты алты бап бойынша жауапқа тартылуы керек,” – деді ол.
Қожағапанов 2,3 млрд теңге көлеміндегі жобаны қаржыландыруға қол қойғанын жоққа шығармайды, бірақ бұл тек формалды рәсім болғанын, барлық есептер профильдік комитетпен жасалып, министр мен Қаржы министрлігімен келісілгенін айтты.
“Егер вице-министрлер сметаны тексеруі керек болса, оны лауазымдық нұсқаулыққа енгізу қажет. Мен тек бекітілген құжатқа қол қойдым. Бұл – менің міндетім,” – деді ол.
Соттағы басты сұрақтардың бірі – Қожағапанов Success компаниясын форумы ұйымдастыру үшін лоббиледі ме? Бұған ол жауап берді:
“Мен бұл компанияны лоббилеген жоқпын. 14 мамырдағы жиналыста басқа баламалар қаралмады. Success жалғыз үміткер болды, оны комитеттің өзі ұсынды. Мен тек сол шешіммен келістім,” – деді ол.
Оның айтуынша, Success-тің қажетті тәжірибесі мен техникалық мүмкіндіктері болған. Ал компаниямен байланысты күдік туғызатын хат алмасуларда Қожағапановтың аты мүлде кездеспейді.
Қожағапановтың айтуынша, форумға бөлінген қаражатқа өтінім беру – оның міндеті болған, бірақ тек министр бекітіп, Үкіметке жолдаған соң ғана. Ал смета – профильдік комитеттің құзырында.
“Менде сметаны тексеретін құрал да, құзырет те болған жоқ,” – деді ол.
Қожағапанов соттан:
Айыптауды дәлелденбеген деп тануды;
Жуаспай мен Коккозова арасындағы хат алмасуды айғақ ретінде қабылдауды;
Тергеушілер, сарапшылар мен куәлардың әрекеттерін тексеруді сұрап, жеке қаулы шығаруды талап етті.
“Мен өз кінәсіздігімді толық дәлелдедім. Менің әрекеттерімде ешқандай өкілеттікті асыра пайдалану болған жоқ,” – деді ол.
Ерлан Қожағапанов – ҚК 361-бабы 4-бөлігі бойынша ("ауыр зардаптарға әкелген лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану");
Ляззат Көккөзова (Success компаниясының басшысы) – ҚК 189-бабы 4-бөлігі бойынша ("ерекше ірі көлемде сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ысырап ету").
2018 жылы Петропавлда Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумы өткен. Оған Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путин қатысқан. Форумға дайындық шеңберінде қалада Оқушылар сарайы мен Теннис орталығы салынған. Жобаға шамамен 1 млрд теңге бөлінген. Қожағапанов бұл іс бойынша 2024 жылы, форумнан алты жыл өткен соң ұсталды.