Қарағанды облысында бұрынғы ауыл әкімі 23 жастағы қызды зорлады деген күдікке ілінді. Dalanews.kz оқиғаға шолу жасап шықты.
Ата-анасының үндеуі
Telegram арналардың бірінде ерлі-зайыптының Қарағанды облысы Шет ауданы Ақшатау ауылының әкімін "қызымызды зорлады" деп айыптаған үндеуі пайда болды.
Олардың сөзінше, Ақшатау ауылының әкімі Нұрлан Сейілбеков отбасылық достары болған. Ол 2023 жылы әкім қызметіне кіріскен. Сол уақытта ерлі-зайыптының қызы оқуын бітірген. Олардың айтуынша, Нұрлан Сейілбеков олардың қыздарына жұмыс ұсынған. Кейін Шет ауданы әкімдігі оның кандидатурасын қолдаған.
Қыздың ата-анасының айтуынша, оқиға 2024 жылы болған, экс-әкім қызға тиісіп, соққыға жыққан.
Полиция пікірі
БАҚ-та да ауыл әкімі қыз зорлады деген күдікке ілінгені туралы ақпарат пайда болды. Полицияның мәліметінше, Шет ауданының 23 жастағы тұрғыны арызды өзі жазған. Осылайша қылмыстық іс қозғалған.
"Сол күні полиция күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Сот санкциясы бойынша оған үй қамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қадағалау органы сот алқасына жеке апелляциялық өтініш берді. Нәтижесінде өтініш қанағаттандырылды, сондықтан қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазір тергеу жүріп жатыр", - деді полиция.
Әкімдік не дейді?
Шет ауданы әкімдігі мәліметінше, қылмыстық іс қозғалған кезде шенеунік әкім қызметін атқармаған.
"Қылмыстық іс қозғалған кезде ол ауыл әкімі қызметін атқарған жоқ. Бұл істің жеке сипаты бар", - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін БАҚ-та мемлекеттік органның ресми сайттарында күдікті әлі де ауыл әкімі ретінде тұрғаны айтылды. Дегенмен ресми сайтта өзгеріс болып, әкім міндетін атқарушы ретінде басқа тұлға көрсетілген.
Ашық дереккөз мәліметіне сүйенсек, Нұрлан Сейілбеков 1978 жылғы 7 шілдеде Қарағанды облысы Шет ауданы Ақсу-Аюлы ауылында дүниеге келген. 2018 жылғы мамырдан 2023 жылғы қыркүйекке дейін Ақсу-Аюлыда Шет ауданының жер қатынастары бөлімін басқарған. 2023 жылғы 20 қыркүйектен бастап Қарағанды облысы Ақшатау ауылының әкімі қызметін атқарған.