Ведомство ақпаратына сәйкес елімізде қоқыс төгетін 3 мыңға жуық полигон бар. Алайда солардың 20 пайызы (630-ы) ғана министрлік бекіткен санитарлы және экологиялық талаптарға жұмыс жүргізіп отыр. Демек, еліміздегі 2400-ге жуық полигон табиғатты тұншықтырып, қоршаған ортаны улап отырған деген сөз.
Ал, бұл мәселені қалай шешеміз?
Сайтымызға пікір білдірген экобелсенді Айман Сексенқызының айтуынша, Қазақстанда қоқысты сорттау және өңдеу өндіріс шұғыл жүрде жолға қою қажет. Әйтпегенде, күллі ел қоқыс полигонына айналуы ғажап емес. Белсендінің пікірін Экология министрлігі де құптап отыр. Ведомствоның мәлім еткеніндей еліміздегі қоқыс өңдеу өндірісінің үлесі 20 пайыздың төңірегінде. Салаға жауапты мамандар алдағы уақытта бұл көрсеткішті 25 пайызға дейін көтеруге жоспарлап отыр. Ал 2050 жылға дейін қоқыс өңдеудің үлесі 50 пайызға дейін өсетін болады.
Бұл қаншалықты жүзеге асатын шаруа? Айтылған сөз, айтылған жерінде қалып жүрмей ме?
"Бұл көрсеткішке қол жеткізу осы бағыттағы жұмысты қоғам болып талап етуіміз қажет. Өкінішке орай, азаматтардың көпшілігі бұл мәселеге бас ауыртқысы келмейді. Қоқысты үй жанындағы жәшікке төгу салумен ғана шектеледі. Оның экологияға қаншалықты зардабын тигізетінін ойланып жатпайды.
Қоқыс топырақты, суды, тұтастай алғанды табиғатты тұншықтырады. Жаңбырдың суы қоқысты шірітіп, одан бөлінген улы заттар жерге сіңеді, әрі қарай суға араласады", – дейді Айман Сексенқызы.
Қазақстанда қандай қоқыстар өңдеуге жатады? Министрлік мәліметінше, бұлардың қатарына құрамында сынабы бар шамдар, ренгтген пленкасы, көлік аккумуляторлар және басқа да техниканың түрлері кіреді.
"Өкінішке орай, елімізде медициналық қалдықтар, трансформатордағы, радио-электрониканың құрамындағы сұйықтықтар, құрылыс материалдары, жиһаздар, текстиль мүлде өңделмейді. Олар сол күйінде жерге сіңіп, топырақты, жер асты суларын ластайды. Тұрғындар кейбір қоқысты суға ағыза салады. Қоқыспен күрес қоғами белсенділікті талап етеді.
Әрбір адам заңсыз қоқыс алаңдарын көзі шалған болса, құзырлы органдарға дереу хабарласуы тиіс. Дамыған елдерде мұндайға жол бермеу үшін "геосервис" қызметін ойлап тапқан. Мұндай технологияға біздер де мұхтажбыз. Елімізде жыл сайын 4,6 млн тоннаға жуық қоқыс жиналады. Жыл сайын қолдан жасалған "свалкілердің" саны өскен үстіне өсіп жатыр. Ең үлкен түйткіл - қоқыс шығаратын компанияларды бақылайтын нақты құрылымдардың жоқтың қасы", – дейді экобелсенді.
Айман Сексенқызының пікірінше бұл мәселеде азаматтардың жауапкершілігі бас орында. Қоқыс шелегінің ішінде түрлі заттарды бөлек-бөлек орналасатын мәдениет қалыптастыру қажет. Қоқысты сорттау әр пәтер иесінен басталады. Бүгінде "ЭкоNetwork" компаниясына жетекшілік ететін Айман қоқыс мәселесінде Норвегия секілді скандивания мемлекеттерінен үлгі алуға шақырып отыр.
"Мәселен, Швецияда пластик өнімдерді қабылдайтын арнайы автоматтар бар. Пластик бөтелкені өткізгенің үшін аз-мұз ақша саласыз. Бұл өз кезегінде адамның қоқыс сорттауға деген құлшынысын оятады. Мұндай тәжірибені біздің елде де ендіруге болар еді", – дейді белсенді.