Жаңа цех Айыртау ауданының орталығы Саумалкөлде орналасқан. Сүт өнімдерін өндіруге «Тезис» серiктестiгi 600 млн теңге инвестиция салғанын айта кетуіміз керек.
– Жаңа кәсiпорын жұмсақ iрiмшiктiң 25 түрiн шығармақ. Бұл моцарелла, гауда, сулугуни. Жылдық қуаттылығы — 700 тонна дайын өнiм. Қазiрдiң өзiнде 15 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды, оны 35-ке дейiн көбейту жоспарда бар, – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов цех жұмысымен танысқан сәтінде.
Естерiңiзге сала кетейiк, маусым айында Петропавлда жылына 2,5 мың тонна iрiмшiк өндiретiн «Eurasian milk» жаңа сүт зауыты iске қосылған болатын. Осылайша соңғы уақыттары өңірде сүт өңдеу саласы жоғары деңгейге жетіп отыр.
Дереккөздеріне назар аударатын болсақ СҚО жергілікті тұтыну көлемімен салыстырғанда ұн 59 есе, сүт 22 есе, макарон 20 есе картоп 9 есе, сұйық май 6 есе артығмен өндіріліп, Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен үлес қосып отырғанын атап айтуға болады.
СҚО әкімнің орынбасары Марат Тасмағанбетов ірімшік өндірісі бойынша өңір үлкен жетістікке қол жеткізгенін айтқан болатын. «Тезис» серіктестігінің ірімшік өндірісі іске қосылмай тұрған сәтте көрші Ресей мен Белорусь елінен жыл сайын 280 тонна ірімшік жеткізіліп келген еді. Енді олардың орнын отандық өнім алмастыратын болады. Тіпті, алдағы уақытта «Тезис» серіктестігі өндірген өнімінің жартысынан көбін көрші елдер мен іргелес облыстарға сататын мүмкіндікке ие болып отыр.