– Еркінтай Маралбайұлы, соңғы кездері «Отандас-ел» республикалық қоғамдық бірлестігінің жұмысы жандана бастағанын байқадық. Естуімізше, бұл бірлестік 2009 жылы құрылған екен. «Отандас-ел» нақты қандай жұмысты қолға алуды көздеп отыр?
– «Отандас-ел» республикалық қоғамдық бірлестігі туралы айтпас бұрын, сөзді алдымен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын және бірлестікті құруға ұйтқы болған Мұқан Мамытхан ағамыздан бастаған дұрыс болар. Өздеріңіз білесіз, қауымдастық төрағасы жазушы, қоғам қайраткері Қалдарбек Найманбаев болатын. Ал Мұқан ағамыз сол Қалекеңнің қасында, қауымдастықта қызмет атқарды. Ол – қазақ көшінің бір қарқындап тұрған кезі еді ғой, алыстан келген ағайынды атажұртына орналастыруда қауымдастықтың атқарған жұмысы ұшан-теңіз.
Жуырда қауымдастықтың 20 жылдығына орай шығарылған «Қазақ көші – қазақтың қауымдасуы» деген шежіре кітапты ақтарып шықтым. Қалдарбек Найманбаевтың кезінде Үкімет деңгейінде бекітілген қауымдастықтың арнайы бағдарламасы болыпты. Оның сыртында, қауымдастық көші-қонға байланысты жұмыстардың жай қатысушысы емес, ұйтқысы, ұйымдастырушысы, керек болса, реттеушісі ретінде алғы шепте жүріпті. Көші-қон саясатымен байланысы бар барлық министрлікпен тығыз байланыста болыпты және оларға сөзін өткізе білген. Алыстағы барлық ағайынға қатысты мәдени шаралардың жоғары деңгейде өтуіне, оның дүбірінің алыс-жақын шетелдегі бар қазаққа жетуіне барын салған. Мысалы, ақиық ақын Таңжарық Жолдыұлының 100 жылдығы... Елге әлде неше мәрте концерттік бағдарламалармен қандас өнерпаздардан ұйымдасқан делегациялар шақырыпты. Сосын қауымдастық қасынан ашылған баспадан шыққа кітаптардың сапасын айтыңыз...
[caption id="attachment_30379" align="alignleft" width="470"] Мұқан Мамытхан[/caption]
2005 жылы Қалекең дүние салды. Мұқан Мамытхан ағамыз қауымдастық төрағасының жаңа орынбасары Талғат Мамашевтың кеңесшісі, қауымдастық қасынан ашылған «Мекен» бизнес орталығының атқарушы директоры болып, жұмысын жалғастырады. Бірақ 3-4 жылдан соң, ол жұмыстан кетіп, 2009 жылы осы «Отандас-Ел» республикалық қоғамдық бірлестігін құрған екен.
Міне, содан бері де сегіз жыл өте шығыпты. Бұл аралықта көші-қон саясатында күрделі өзгерістер болды. Тіпті, көш тоқтап қалуға дейін барған кездердің куәсі болдық. Сондай бір қиын шақта жекелеген тұлғалар болмаса, қандастарымыз есебінен құрылған бір де бір қоғамдық ұйым үн шығара алмадық. Бір «Отандас-ел» ғана емес, барлық ұйым суырылып шығып, ашық пікір білдіруге жараған жоқ. Тек, бірді-жар азаматтар шығып, қатаң қабылданып кеткен «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының қалпына келуіне ықпал етті.
Енді сіздің «Бірлестік нақты қандай жұмысты қолға алуды көздеп отыр?» деген сұрағыңызға келсек, қазір, Құдайға шүкір, Елбасымыздың арқасында көші-қон заңы өз орнына келді. Саябырлап қалған көш қайта жанданды. Дегенмен, бұрынғыдай ағылып жатқан жоқ. Заңнамалардағы түбегейлі өзгерістерді көшіп келген ағайын жетік түсініп жатпағаны белгілі. Атқарушы билікте де түсінбестіктердің болып жатқанын жасыруға келмейді. Сондай-ақ, көшіп келушілер мен қоныс аударушыларды Үкіметтің арнайы белгіленген жеті облысқа көшіру саясатының да маңызы өте зор екенін біреу білсе, біреу білмейді. Бұл саясат қандастарымызға тіпті пайдалы. Тәуелсіздіктен бері Отанымызға алыс-жақын шетелден ұлтқа керек қаншама мамандар мен қайраткер тұлғалар оралды. Солардың бәрі өз деңгейінде бағаланып, Отанынан марапатын алған жоқ. Оның үстіне, шетелдегі бес миллион қазақтың тағдыры қыл үстінде тұрғаны анау. Тіпті, Елбасымыздың бастамасымен елімізде әлемдік деңгейдегі жобалар өтіп жатыр, тың бастамалар көтеріліп жатыр, сондай тарихи кезеңде, қуанышты сәтті құттықтап, қолдап, елдігімізді көрсететін, ықыласымызды білдіретін, рахмет айтатын жөніміз бар ғой... Осы секілді толып жатқан жұмыстарды бір-екі кісінің мойнына артып қойып, қарап отыру жараспайды. Біз арғы беттен оралған бір топ жігіт соның бәрін ойласа келе, осы шаруалардың бір шетінен шығайық, билік пен халықтың арасына дәнекер болайық, қандастарымыздың өтініш-талабын билікке жеткізейік деген мақсатпен, жаңа бір ұйым құрғымыз келді. Ойда жоқта Мұқан Мамытқан ағамыз кездесіп, «Дайын тұрған бірлестікті қайта жандандырайық та!» деді. Біз Мұқаңмен қуана-қуана келістік. Осылайша жұмыс жүргізе бастадық.
[caption id="attachment_30386" align="alignright" width="410"] Ауыт Мұқибек[/caption]
– Бірлестікте қанша мүше бар?
– Жиырмадан астам мүшеміз бар. Жұмыстың барлық ауыртпалығын өз мойындарына алған негізгі топ 9 адамнан тұрады. Өткеде «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары М. Құл-Мұхаммедтің атына жазған хатымызда да айттық, Бірлестік мүшелерінің қай-қайсысы да біреуден бірдеме дәмететін, атақ пен абырой қуған жігіттер емес. Бәрінің мұнда өз тіршілігі, күнкөріс көзі бар. Оның сыртында, ол жігіттердің бәрі арғы бетте оқыған, жауапты қызметтер атқарған. Мысалы, бірлестіктің құрушысы, заңды төрағасы Мұқан Мамытхан ағамыз туралы айтар болсақ, ол кісі – біріншіден, белгілі қаламгер-жазушы, зерттеуші. Екіншіден, Қытайда Іле қазақ автономиялы облыстық жер қатынастары басқармасының төрағасы болып қызмет атқарған. Атажұртқа оралған соң, Қазақстанның саяси өміріне белсене араласты. Жоғарыда айттым ғой, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында жұмыс істеді деп. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көші-қон комитетінің төрағасы Хабылсаят Әбішев болып тұрған кезде Мұқан Мамытханұлының комитеттің Қытай бағытындағы қызметіне қолғабыс еткенін де айта кеткен жөн шығар. Екі елде бірдей дүркіреп өткен Таңжарық ақынның 100 жылдығының мемлекет деңгейінде өтуіне ықпал еткен кісі – осы Мұқан аға. Тіпті, Қалдарбек Найманбаевтың қасында жүріп, Алматыдағы қауымдастық үйінің ірге тасының қалануына, қаржы тапшы кезде қалталы азаматтардан қаржы жиып, осы күнгі көргеніңіздей көркем ғимаратқа айналуына зор еңбек еткені тағы бар. Бір сөзбен айтқанда, Мұқан аға үлкен қоғам қайраткері.
[caption id="attachment_30380" align="alignleft" width="233"] Нұрбосын Ысқақ[/caption]
Бірлестік төрағасының орынбасары қызметіне сайланған Нұрбосын Ысқақ және бір мүшеміз Жұбан Оралбай деген екі азамат бар. Екеуі де Іле қазақ автономиялы облыстық партия комитетінің органы «Іле» газетінде қызмет еткен. Екеуі де ысылған журналист. Өзім болсам, бірлестіктің атқарушы төрағасымын. Іле облыстық кадрлер басқару мекемесінде басшылық қызметте болғам. Хатшымыз Жанболат Құрман да ақын. Осында келіп, ЖОО-нан білім алды. Ол да арғы бетте Іле аймақтық уәли мекемесінде қызмет еткен азамат. Сосын, Шыңжаң университетін қызыл дипломмен тамамдаған, Шынжаң ғылым академиясында жемісті еңбек еткен, Қазақстанға келіп химия ғылымынан бірінші болып орыс тілінде кандидаттық қорғаған Райыс Әріпжан ағамызды мүшелікке өзіміз аттай қалап шақырып алдық. Рекең біздің ортамызда өте білімді, беделді тұлға. Мұқатай Абдолла ағамыз Қытай қазақтарына танымал тіс дәрігері. Ол кәсібін осында да өркендетіп жатыр. Тағы бір белсенді мүшеміз Тұрғанжан Кахап. Ол Шыңжаң өлкелік өлшем бірліктерді стандарттау мекемесінде қызмет еткен, осында келген соң оқып, Алматыдағы Қазақ аграрлық ұлттық универсететтің магистратурасын бітіріп алды. Нұртұрған Нұрданбек деген білімді де, кішіпейіл азамат бар. Арғы бетте есімі ұстаздықпен танылған. Елге келген соң өз кәсібін бастап, ортасына сыйлы азаматқа айналды. Еркін Сәрсенбай болса, милиция болған. Өзі білімді отбасында өскен зиялы азамат. Жоғары жалақысы бар қызметін тастап елге келді.
Қысқасы, бұл жігіттердің бәрі Қытайда жоғары білім алып, қызмет атқарумен бірге нарықтық экономиканың қыры мен сырына қаныққан. Елге келген соң, Мұқан ағадан басқасы дерлік кәсіпкерлікпен айналысты. Қазір бәрінің жағдайы жақсы. Бірлестіктің жұмысын дөңгелетіп әкетуге қарымы да, қауқары да жетеді.
[caption id="attachment_30381" align="alignright" width="290"] Жанболат Құрман[/caption]
Осы жерде тағы бір есімді ерекшелеп айта кеткім келіп отыр. Ол – Ауыт Мұқибек. Ауытты өзіңіз де жақсы білесіз. Соңғы бес-алты жылдың көлемінде тек қана көші-қон саясатымен айналысып келеді. Хат жазып, көштің қиын тағдырын Елбасына дейін жеткізді. Мәжілістегі жұмыс тобының құрамында болып, «Көші-қон» заңының айтарлықтай толықтырылуына, өзгеруіне ықпал етті. Сөйте жүріп, өзі де заңгер болып кетті. Елбасының көші-қон саясатын қазақ билігінің қаперіне салуда, жүрек түкпіріне терең орнатуда Ауыттай еңбек еткен ешім жоқ бізде. Қытайдан келген қандастарымыздың тұрақты тіркеуге тұруына ең бір қырсық кедергі – «Соттылық туралы» анықтама еді, алысып жүріп, оның да күшін жойды, Демек, Ауыт Мұқибек бұл күнде өзіміз бағалай алмай жүргеніміз болмаса, қазақ көшінің ең бір жанашырына, тізгінұстарына айналды. Қысқасы, «көші-қон» заңының 2013 жылғы тоқырауынан бастап, қазіргі кемелденген тұсына дейін ол жігіт бір сағат дамылдаған жоқ, Елбасы саясатын жан-тәнімен қолдап келеді...
Жасыратыны жоқ, «Отандас-ел» РҚБ-ын қайта жандандыру кезінде біз бірден Ауыт Мұқибекке сүйендік. Ол бізді қуана-қуана қолдады. Бізге «Бірлестіктеріңіздің экономикалық жағында жұмысым жоқ, ал саяси, ақпарат, байланыс жағына, өзіміздің билікпен жұмыс істеу жағына көмектеуге дайынмын!» деді. Осылайша жұмысты бастап кеттік. «Отандас-ел» РҚБ-нің бірден жұрт назарын аударуы, елдің бізге еліктеп шыға келуі содан. Біз қазір Ауыт Мұқибекке «Біздің Бірлестікке кел!» деп, қолқа салып жатырмыз. Егер ол жігіт келісім беріп жатса, тең төрағаның бірі етіп аламыз, бір-бірімізді қолдап, қуаттап жұмыс істемекпіз. Қаржысын бірлестік атынан төлеп, оны арнайы заң мамандығы бойынша оқытсақ деген де ойдамыз. Құдай қаласа, болашақта бірге жұмыс атқарсақ деген үлкен жоспарларымыз бар...
– «Болашақта бұдан үлкен жоспарларымыз бар» деп жатырсыз. Әрине, жоспарсыз жұмыс – бос әуре-сарсаңға ұрындырады. Кейде қоғамдық ұйымдардың ұстанымы биліктің кейбір саясатымен келіспей қалуы да мүмкін. Бұл – азаматтық қоғамның табиғатына жат емес жағдай. Жалпы, «Отандас-ел» РҚБ-нің ұстанымы, жұмыс бағыты қалай болады?
[caption id="attachment_30382" align="alignleft" width="279"] Райыс Әріпжан[/caption]
– Дұрыс сұрақ қойып отырсыз. Жасыратын ештеңесі жоқ, «Отандас-ел» РҚБ Елбасымыз жолға қойған көші-қон саясатының шуағында атажұртына оралған жігіттер жағынан құрылып отыр. Алдағы атқарайын деп отырған жұмысы да сол көші-қонның төңірегінде болмақ. Демек, отан үшін қызмет етуді көздейміз. «Келіспеу» қайдан шығады? Әділетсіздік пен Заңның дұрыс қабылданбауынан! Бұл жағынан келгенде, қазіргі таңда билікпен біз келіспейтін дәнеңе жоқ. Жоғарыда айттық қой, «Халықтың көші-қоны туралы» заңы біз армандағандай болып қабылданды. Кедергілер жойылды. Міне, екі жылға таяды, атқарылу үстінде. Тек сол заң мен қаулы-бұйрықтардың өз деңгейінде атқарылуы ғана қалды. Біздің жұмыс – соны қадағалау, орындалмай жатқан жерін билікке жеткізу, мәселені шешу. Қалай жеткіземіз? Қалай шешеміз?
Мен жаңа өзіңізбен осы сұхбатқа отырғанда сөзді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығынан тегін бастағам жоқ. Биыл 23 маусымда Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Елбасы «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының кеңсесін Алматыдан Астанаға көшіретін уақыт келді. Ол басшылардың жанында болуы керек» дей келіп, алдағы уақытта құрылатын «Отандастар» қоры Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен бірлесіп, отандастарға жан-жақты қолдау мен көмек көрсету іс-шараларын анықтап, кешенді бағдарлама әзірлеуі керектігін атап айтты. Өзіңіз білесіз, сол құрылтайда қауымдастыққа жаңа басшылар сайланды. Зауытбек Тұрысбеков мырзаның өте ықпалды, іскер, дипломат тұлға екенін бүкіл қазақ біледі. Дау жоқ, енді бұл ұйым жаңа заманға сай жоспарлы, ауқымды жұмыс атқарады. Біз сол Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен Мұқан Мамытхан ағамыздан басталған селбестікті қайта жаңғыртуды ойластырып, соған талпынып жатырмыз. Ұсыныстар түсті, келіссөздер басталып кетті. Сөйтіп, қауымдастық арқылы көші-қон мәселелері жөніндегі ұсыныс-өтініштерімізді әкімдіктерге, министрліктерге, үкіметке жеткізіп отырсақ дейміз. Сол мақсатта жұмыс жасау үшін ұйым мүшелерімен жиналыс та аштық.
[caption id="attachment_30383" align="alignright" width="219"] Тұрғанжан Кахап[/caption]
Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының бүгінгі таңда атқарып отырған ауқымды жұмыстарына халық риза. Соңғы жылдары rөші-қонның көп мәселесі осы ,ас партия арқылы шешіліп жатыр. Қазақстан халықтарының ассамблеясы да ықпалды ұйым. Оның үстіне бұл үш ұйымның да төрағасы Елбасының өзі. Біздің илегелі отырған пұшпағымыз да сол Елбасының көші-қон саясаты және оны қолдау. Ендеше, ең бірінші кезекте осы үш ұйымға сүйенеміз деген ойдамыз. «Нұр Отан» партиясымен қазірдің өзінде байланыс орнатып, қодау таба бастадық. Жіберген өтініштерімізді партия мұқият қарап, құзырлы орындарға жіберіп, тиісті жауаптар алып беруде. Жуырда ғана Алматы облысы Еңбекпен қамту басқармасының шақыруымен Павлодар облысы мен Шығыс Қазақстан облысы Еңбекпен қамту басқармасының өкілдері Алматы облысына келіп кетті. Аудан, ауыл әкімдері бастаған топтың қатысуымен «Еңбек күшін тарту» жобасы аясында ұйымдастырылған басқосуға шетелден келген ағайындар көп жиналды. Солтүстікке көшкісі келетін отбасылардың өтінішін «Нұр Отан» партиясы арқылы «Отандас-ел» РҚБ ұсынған болатын.
Қысқасы, заман талабына сай, өздеріңіз секілді беделді ақпарат құралдарына сүйене отырып, Қазақ көшіне қатысы бар Ішкі істер, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Сыртқы істер, Әділет, Денсаулық сақтау, Дін істері және азаматтық қоғам министрліктерінің бәрімен жұмыс істеу керек бізге.
– Соңғы айларда Қытайдағы қазақтарға түрлі қысым жасалып жатқаны жайында ақпарат жиі жарияланып жатыр. Қазақтардың паспорттарын жинап алғаны туралы бірнеше мәрте айтылды. Осы мәселе төңірегінде Қытайдан арнайы делегация да келіп кетті. Еліміздегі ҚХР-ның елшілігінде сол делегациямен өткен басқосуларда сіздердің де төбелеріңіз көрініп қалды...
– Қытай біздің көршіміз. Өзіміз сол елдің қармағындағы қазақ жерінде туып өстік. Туысқандарымыз сонда тұрып жатыр. Шеттегі қазақтың қомақты бөлігі сонда қалып отыр. Соңғы кездегі жағдай қиындап кетті. Ондағы қандастарымыз соңғы қырық жылда болмаған қысымды бастан кешіріп жатыр.
[caption id="attachment_30384" align="alignleft" width="268"] Еркін Сәрсенбай[/caption]
Жалпы өзіңіз білесіз, Ата заң бойынша сыртқы саясатты Президент жүргізеді. Құдайға шүкір, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы бұл жағынан Қазақстанды келісім мен достықтың алтын ұясына айналдырды.
Азамат болған соң, бір себі тиіп қала ма деп ҚХР-ның осындағы елшілігінде өткен басқосуларға барғанымыз рас. Қытайдан делегация келіпті десе, біз кәдімгідей үміттеніп, алашақпын болып жүріптік. Жұлқынып жарыссөзге шықтық, жазып апарған өтініштерімізді қолдарына ұстаттық. Тіпті Пекинге барып келдік... Бірақ шындығын айтсам, әзірге оң шешілген ештеңе жоқ. Қарап отырсақ, соның бәрі бос сөз, бос далақтау болды. Бірдеңе істегенсіп, күйбеңдегеніңмен, халықты алдай алмайсың ғой, жұрт бәрін көріп отыр. Қытай билігі Шыңжаңдағы қазақ мәселесін Қазақстадағы қытай елшілігінде екі-үш қоғамдық ұйым мен бір топ қазақты жиып алып, шешкелі келіпті десе, айтыңызшы, ақылға сыя ма!? Сол кездесулерден кейін жұрт бізді күлкіге айналдыра бастады. Қытай мемлекеттік Мұғажырлар ұйымының қазақ мәселесін шешкісі келсе, Қазақстанда несі бар? Шыңжаңға бармай ма?! Одан қала берді, тіпті күйініп бара жатса, Қазақстанның құзырлы орындарымен сөйлеспей ме?!
Есіңізде болса, Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында осы мәселені көтерген Өмірхан Алтынға Елбасы «Бүгін Қытаймен қазақ елінің қарым-қатынасы өте жақын. Үлкен түсіністікте. Ол жердегі Синьцзянда болған неше түрлі жағдайлар бар. Терроризм де, сепаратизм де бар. Бірақ та қазақтарға жасалып жатыр деген қиянат менің құлағыма келген жоқ. Бар болса, елшілік арқылы біліп, Сыртқы істер министрлігі арқылы оған біз тиісті көңіл аударатын боламыз», – деген жоқ па?!
[caption id="attachment_30385" align="alignleft" width="166"] Нұртұрған Нұрданбек[/caption]
Демек, бұл мәселе елшілік пен қоғамдық бірлестіктердің кездесуімен, «келіссөзімен» бітпейді. «Үй ішінен үй тігіп» желпілдегеннен гөрі біз Қытайдағы қандастарымыздың мәселесін нақтылы фактілермен ҚР Сыртқы істер министрлігіне сауатты етіп жеткізе білсек, ол мәселенің Елбасы назарына ұсынылары сөзсіз. Сөйтіп, көрші, дос екі ел басшыларының кезекті кездесуінде бұл түйін ортаға түседі, шешіліп қалады деген сенімдеміз. Одан басқа механизм жоқ. Біз осыған тоқтадық.
Алдағы жерде «Отандас-ел» РҚБ-ін шетел елшіліктері жиналысқа, қонаққа шақырған жағдайда, тек қонақ ретінде барып, тең дәрежеде сөйлесіп, өтініштерін айтуы мүмкін. Бірақ екі ел арасында болатын саяси жұмысқа ешқашан араласпайды. Ешбір елшіліктің осындағы өкілі де, қолғанаты да болмайды. Есесіне өзіміз кәсіпкер болғандықтан, шетел кәсіпкерлерімен сауда-саттық байланысты күшейтуге күш шығарамыз.
– Сұхбатыңызға көп рахмет!