Өткен аптада Қазақстан астығы мәселесі халықаралықтан бастап үкіметттік деңгейге дейін май шаммен мұқият қаралды. Абыр-сабыр кезінде диқаншылар қауымы да бір дүрлігіп басылды. Нәтижесі жаман емес секілді, өйткені кеше ғана отандық фермелердің БАҚ беттерінде Президентке алғыс хаты жарияланды. Негізі, бұл мәселенің әлқиссасы екі шептен бірден басталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Біріншісі, Қазақстан бидайының экспорт көлемі биыл күрт төмендеп кетті. Біздің астықты көп тұтынатын Ресей мен Ауғанстан тоң-теріс айналды. Екіншіден, күзде Қытай да арадағы келісімшарттардың күшін кілт тоқтата салды.
- 21 тамыздан бастап 31 желтоқсанға дейін Қазақстан астығының өз территориясына әкелінуіне тыйым салған Ресейдің өзінікі шаш етектен көрінеді. Құжатта шектеу мақсаты - ішкі нарықты қорғау деп көрсетілген.
- Экпортқа бағытталатын Қазақстан астығының басым бөлігін тұтынатын Ауғанстан да көлемді қысқарта бермек ниетте. Себебі мұнда бұрын көкнәр себіліп келген алқапқа бидай салына бастаған. Сондықтан жергілікті диқаншылар сырттан әкелінетін бидайға эмбарго жариялауды сұрауда. Оның үстіне биыл Ауғанстанда бидай мен ұнға салынатын баж салығының көлемі көтерілген. Мәселен, бұрын 1 тонна бидай үшін олар 25 доллар баж төлейтін болса, қазір ол 40 долларға жуықтапты. Ұн үшін 35 доллар төлеп келсе, ал баж салығы қосылса, ол 55 доллар болмақ. Сол секілді бұрын Ауғанстан Қазақстаннан алған астықты ары қарай Пәкістанға сатып, пайда тапқан. Қазір бұған да тыйым салыныпты.
- Ал Қытайдікі "темірді қызған кезде соқ" деген таза сауда айла-шарғысы. Олар ішкі нарық талаптарына өзгеріс енгізіп, арадағы келісімшарттарды уақытша тоқтатқан.
Әрине, бұл жаңалықтар диқаншылар қауымына бастан қойып қалғандай әсер етті. Сол себепті олар үдере түрегеліп, Үкіметтен көмек сұрады. Сондықтан Қазақстан Үкіметі осы үш тараппен өткен аптада белсенді келіссөздер жүргізуге мәжбүр болды. Тура осы тұста бәрінен, оң жамбасымызға келе кеткені, халықаралық нарықта бағаның көтерілгені.
2024 жылдың шілде айында егін жинау жұмыстары басталғаннан бері, Қара теңіздегі ресейлік бидайдың экспорттық бағасы Халықаралық астық кеңесінің мәліметі бойынша 216 АҚШ долларына бағаланды. Бұл логистика құнын ($90/т) алып тастағанда, қазақстандық бидайдың бағасы 61 мың теңге/т болды деген сөз. Алайда Қара теңіздегі бидайдың бағасы тоннасына 250 долларға дейін немесе теңгемен есептегенде 78 мың теңге/тоннаға дейін өсті.
Экспорттық бағадан кейін Ресей нарығындағы бағалар қымбаттады. Қазіргі уақытта Омбы облысында 23% клейковинасы бар 3-сыныпты бидайдың бағасы 14,5 мың рубль/т құрайды. Көлік шығындарын (2 мың рубль/тонна), кіріс ҚҚС төлеуді ескере отырып, Көкшетаудағы ресейлік бидайдың бағасы 84 мың теңге/тоннаны құрайды.
"Қазіргі қазақстандық баға 74-81 мың теңге/тонна кезінде, отандық өндірушілер қолайлы бәсекелестік жағдайға ие. Орталық Азия елдерінің сатып алушыларының ұсынысы қазір ресейлік баға деңгейіне негізделген 65-70 мың теңге/тонна деңгейінде. Бұл ретте, 23% клейковинасы бар бидай үшін 75 мың теңге/тоннаға дейін өсуге мүмкіндік бар, өйткені бұл нарықтар үшін мұндай бағадағы бидайдың балама жеткізілімі жоқ", - дейді ҚР АШМ баспасөз қызметі.
Бұл жаңалық, өз кезегінде уақытша тоқтап тұрған келіссөздерге жан бітірді. Қытай арадағы келісімшарттарды қайта жаңғыртатынын мәлімдеді. Үкімет күні кеше Мемлекет басшысының ҚХР-ға астық экспортының көлемін 2 млн тоннаға дейін ұлғайту туралы тапсырмасы аясында нақты шаралар қабылданып жатқаны хабарлады.
Ауғанстан мәселесі түйіні осы аптада Алматыда басталған бизнес-форум аясында сөгітіле бастады. Екі тарап та өз мүдделерін жариялап үлгерді. Мәселен, Ауғанстан өздеріне Қазақстан тек бидай мен ұн емес, автокөліктер жеткізсе дейді, сонымен қатар Қытайдан жүкті Қазақстан арқылы тасымалдауға ниетті екендіктерін жеткізді.
Ал Қазақстан Ауғанстанмен арадағы сауда-саттық көлемін 3 млрд долларға (бұрын 1 млрд доллар болған) ұлғайтуды көздеп отырғанын айтты. Соның ішінде астықта бар. Онда да ресми Астана Қазақстан – Өзбекстан – Ауғанстан – Пәкістан – ары қарай теңіз арқылы БАӘ маршрутына жол тапқысы келеді. Осындай тиімді шаралардан кейін диқаншылардың үрейі басылып, қабылданған шараларға көңілі толып Президентке алғыс айтып та үлгерді.
ҚР АШМ баспасөз қызметінің мәліметінше, дәстүрлі түрде қазақстандық астық пен оны қайта өңдеу өнімдері үшін негізгі өткізу нарықтары Орталық Азия, Ауғанстан, Иран және Қытай елдері болып қала береді.
Аз-кем статисика
2024 жылы Қазақстан 12 мемлекетке астық экспорттады. Сегіз ай ішінде астық экспорты 3,1 млн тоннаны құрады, бұл - өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6 есе аз көрсеткіш. Атап айтқанда, Өзбекстан (-29,7%), Италия (-1,9 есе) және Ауғанстан (-4,7 есе). Ал алдағы жылға жоспарланған болжамды экпорт көлемі оптимистік цифрды көрсетіп отыр: 7-7,5 млн тонна. Оның басым бөлігі Қытай мен Ауғанстанға бағытталмақ.