Қазақстан азаматтары алтын құймасын көптеп сатып ала бастаған. Бұл нені білдіреді

Кәмшат Тілеухан 22 қаз. 2024 11:49 3562

Қазақстан азаматтары көбірек алтын құйма сатып ала бастаған. Әсіресе, соңғы төрт жылда. Мәселен, биыл былтырмен салыстырғанда отандастарымыз бұл бағалы металға екі есе инвестиция жұмсапты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бірінші кредиттік бюро мәліметінше, қаңтар-қыркүйек айларында қазақстандықтар жалпы салмағы 2,1 мың келінің алтын құймасын сатып алды, бұл - 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 90%-ға артық көрсеткіш. Сұраныстың басым бөлігі (77%) алғашқы екі тоқсанға тиесілі: I тоқсан – 816,4 келі, II тоқсан – 779,2 келі, ал III тоқсанда тек 23% немесе 475,5 келі.

"Соңғы көрсеткіш аздау болып көрінгенімен, тарихи тұрғыдан алғанда бұл да жоғары мән. Салыстыру үшін, 2023 жылдың шілде-қыркүйек айларындағы көрсеткішке үңіліп көріңіз: 381,5 келі. Егер осы цифрларды алтынның тоқсан сайын белгіленетін құнына көбейтсек, тоғыз айдың ішінде халық осы бағалы метал түріне 68,6 млрд теңге инвестиция салған екен. Оның үстіне ағымдағы көрсеткіш былтырғыдан 2,2 есе жоғары", деп жазады DATA HUB.

Ұлттық банктің мәліметінше, қазақстандықтарды, неге екені белгісіз, шағын – 50 грамдық құймалар қызықтыра бастапты. ІІІ тоқсандағы сатылған құймалар ішіндегі оның үлесі 40 пайызды қамтиды, яғни 5,5 мың дана.

Жалпы, алтынға инвестиция жасау қаншалықты тиімді? Бұл бағалы металды жаппай сатып алу нені білдіреді? Бұл сауалды біз экономист Марат Смановқа қойып көрдік.

"Алтын, негізі ыңғайсыз әрі ақша шығынын қажет ететін валюта. Сондықтан оны көбіне қор ретінде, сақтық түрінде сатып алады. Ыңғайсыз дейтін себебім, оны үйде сақтай алмайсыз, ұрлану қаупі жоғары. Банкте ұстаңыз, оны сақтағаны үшін ақы төлеуіңіз тиіс болады дегендей", - дейді ол.

Сондай-ақ маман алтынға, көбіне геосаяси турбуленттік, экономикалық дүдамалдылық жағдайында сұраныс артатынын баса айтады.

"Ақшалы азаматтар жиған-тергенін инвестиция жасайды. Бәрінің де құнын жоғалту қаупі басым: жылжымайтын мүлік, ұлттық валюта, тіпті доллардың да. Ал биржалар индексінде өзгеріс тез-тез орын алуда. Өйткені инновация қазіргі әлемді жылдам өзгертіп жатыр. Ал алтын тұрақты валюта, ол қымбаттамаса қатты арзандамайды. Оның үстіне бүгіндері халықаралық нарықта алтын қымбаттап жатыр. Біздің өңірдегі геосаяси ахуал да оңып тұрған жоқ. Санкцияға ұшырап жатқан етек астында ел бар. Ұлттық валюта девальвациясына деген қауіп қою. Осының барлығы адамдардың таңдауына әсер етіп жатыр деп ойлаймын", - дейді Сманов.

 

Айта кетсек, дүйсенбіде NYC Comex биржасындаалтын қымбаттады. Желтоқсандағы алтын фьючерстерінің бағасы 4,4 долларға немесе 0,16%-ға өсіп, трой унциясы (31,1034768 грамм) 2 733,6 долларға жетті. Желтоқсандағы күміс фьючерстері де 2,15%-ға қымбаттады, оның бір унциясы 33,9 доллар деңгейінде бағалануда. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар