Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі ірі индустриялық және энергетикалық жобалардың дамуымен танысты. Сапар барысында өнеркәсіп кәсіпорындарын жаңғыртуға, алдағы жылыту маусымына дайындыққа, жылу энергетикасын дамыту мен газдандыру мәселелеріне баса назар аударылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Теміртауда Премьер-министрдің бірінші орынбасары Qarmet металлургиялық комбинатында болып, өндірістік процестермен және кәсіпорынды жаңғырту бағдарламасымен танысты.
"Домна пештерін табиғи газға көшіру мазут қолданудан толық бас тартуға мүмкіндік берді. Бұл агрегаттардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, қоршаған ортаға әсерді азайтты", – деді Qarmet Corporation басқарма төрағасы Петр Трушин.
Сондай-ақ Нұрлыбек Нәлібаевқа комбинаттағы жаңа өндірістік нысандар құрылысының барысы баяндалды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорын 3,8 миллион тонна болат өндірген. «5–9–5» стратегиясы аясында компания 2028 жылға қарай болат өндірісін 5 миллион тоннаға, көмір өндірісін 9 миллион тоннаға және темір кені концентратын 5 миллион тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Сапардың жеке бір бөлігі 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық пен Теміртау және Қарағанды қалаларының энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту мәселелеріне арналды.
"Алдағы жылыту маусымында ешқандай мәселе болмауы керек. 1 қыркүйекке дейін барлық нысан дайындық паспорттарын алуы тиіс. Жылыту маусымы кезінде ешқандай іркіліске жол беруге болмайды", – деп атап өтті Нұрлыбек Нәлібаев.
Вице-премьер сондай-ақ Қарағанды ЖЭО-3-тегі жөндеу жұмыстарының барысымен және станцияны кеңейту жобасымен танысты. Жаңа энергоблок электр қуатын 140 МВт-қа, ал жылу қуатын 180 Гкал/сағатқа арттыруға мүмкіндік береді.
"ЖЭО-3-ті кеңейту – өңірдегі ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Жоба аяқталғаннан кейін қосымша қуат резерві құрылып, 400-ден астам тұрғын үй мен әлеуметтік нысан жылумен қамтамасыз етіледі", – деді «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС бас директоры Флюр Гарипов.
Сапар барысында Қарағандыны газдандыру мәселелері де қаралды. Биыл жобаның бірінші кезеңін аяқтау жоспарланып отыр.
"Бірінші кезең аясында 10 мыңнан астам абонентке газ жеткізіледі. Осы жұмыстар аяқталған соң Пришахтинск, Майқұдық және Сортировка аудандарын қамтитын екінші кезеңге көшеміз", – деп баяндады Қарағанды әкімі Мейрам Қожухов.
Өңірдің индустриялық дамуы аясында Нұрлыбек Нәлібаев өңдеу өнеркәсібіндегі бірқатар кәсіпорынға барды.
ТЭМПО Қазақстан зауытында оған болаттан тік тігісті құбыр шығаратын жаңа өндірістік желі таныстырылды. Диаметрі 630 мм болатын құбырларды арнайы күйдіру және шынықтыру технологиясы өнімді −60-тан +60 градусқа дейінгі температурада пайдалануға мүмкіндік береді. Қазақстанда мұндай өндірістің баламасы жоқ.
Silk Road Electronics кәсіпорнында вице-премьер тұрмыстық техника өндірісімен және локализация бағдарламасымен танысты. Бүгінде зауытта кір жуғыш машиналар, шаңсорғыштар, бойлерлер, асүй плиталары, теледидарлар мен сорғыштар шығарылады.
"Қазір кәсіпорында шамамен 300 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын толық қуатында іске қосылғаннан кейін жылына 1 миллион дана өнім өндіріліп, қызметкерлер саны 800 адамға дейін артады", – деді компанияның операциялық директоры Талғат Әбдірахманов.

Сондай-ақ Премьер-министрдің бірінші орынбасары QazTehna және Tengri Tyres кәсіпорындарында болып, автобус, арнайы техника және автокөлік шиналарын өндіру жұмыстарымен және өндірістік қуатты кеңейту жоспарларымен танысты.
"Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тапсырмасы бойынша біз өңірлерді аралап жүрміз. Қарағанды облысында көптеген маңызды жоба жүзеге асырылып жатыр, жүздеген адам еңбек ететін ірі өндіріс орындары жұмыс істейді. Біз кәсіпорындардың толыққанды өндіріс жолға қойып, әрі қарай дамуды жоспарлап отырғанын көрдік", – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша вице-премьер өнеркәсіп пен энергетика саласындағы жобаларды іске асыру Қарағанды облысын дамытудың маңызды факторларының бірі болып қала беретінін атап өтті.