Қазақстандықтардың есепшоттары енді ескертусіз бұғатталмайды

Қазақстандықтардың есепшоттары енді ескертусіз бұғатталмайды
gov.kz

Енді Қазақстан азаматтарының банк есепшоттары алдын ала ескертусіз бұғатталмайды. Азаматтарға бұл туралы eGov порталы мен SMS арқылы алдын ала хабарлама жіберіледі, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мәжілісте есепшотты бұғаттау немесе шетелге шығуға шектеу қою алдында міндетті түрде ескерту тетігін енгізу ұсынылды. Қазір көптеген азамат мұндай шектеулер туралы тек есепшоты бұғатталғаннан кейін ғана біліп жатады.

Жаңа жүйе пилоттық режимде іске қосылып үлгерген. Енді атқарушылық жазба рәсімделген кезде борышкерге автоматты түрде SMS-хабарлама жіберіледі.

Сонымен қатар нотариустардың жұмысына қатысты заң жобасында мүдделер қақтығысы болған жағдайда, оның ішінде жақын туыстарға қатысты қызмет көрсетуге шектеу енгізу қарастырылған.

Мәжіліс депутаты Нурсултан Байтелесов заң жобасы жекеменшік сот орындаушыларымен, микроқаржы ұйымдарымен және өзге де мүдделі тұлғалармен байланыс фактілерін болдырмауға бағытталғанын айтты.

– Заң жобасында аффилирленген байланыстардың алдын алу үшін қосымша шектеулер енгізу ұсынылады. Атап айтқанда, жақын туыстық немесе өзге де тәуелділік болған жағдайда нотариалдық әрекеттер жасауға тыйым салу қарастырылған, – деді депутат.