Алматыдағы DoubleTree by Hilton қонақүйі төңірегінде тағы да үлкен дау шықты. Бұл жолы мәселе тек қонақүйдің өзіне емес, оны мемлекет меншігіне өткізу кезінде болуы мүмкін заңсыздықтарға байланысты болып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Exclusive.kz басылымының мәліметінше, оқиға бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Қонақүйдің заңды иесі саналатын алматылық кәсіпкер Шолпан Қаранеева нысанның өзінен заңсыз тартып алынғанын айтып, құқығын қайтаруға әрекеттеніп жүр.
Істің мән-жайына сүйенсек, кәсіпкер DoubleTree by Hilton Almaty қонақүйін банк несиесіне салып, Hilton франшизасын сатып алған. Алайда пандемия кезінде қонақүй жұмысы тоқтап, қаржылық қиындықтар басталған. Кейін Capital Bank лицензиясынан айырылып, қарыздарды өндіру процесіне коллекторлық агенттік араласқан.
Осыдан кейін қонақүйдің тағдыры күрт өзгерген. Басылым дерегінше, құны 9 миллиард теңгеден асатын нысан әлдеқайда арзан бағаға сатылып кеткен. Кейін ол Қайрат Сатыбалдыға қатысы бар компаниялардың бақылауына өткен.
Материалда коллекторлық агенттік қонақүй мүлкін өте төмен бағалап, кейін Baidala V компаниясына өткізгені айтылады. Ал бұл компания кейін нысанды Қайрат Сатыбалдының иелігіне рәсімдеген. Бұдан соң қонақүй мемлекетке “қайтарылған активтердің” қатарына енген.
Алайда кәсіпкер Шолпан Каранеева мен оның адвокаттары бұл процестің бәрі заңсыз жүргенін айтып отыр. Олар қонақүй рейдерлік жолмен тартып алынған деп санайды. Осыған байланысты қылмыстық іс те қозғалған. Бірақ 11 ай бойы тергелген іс кейін күтпеген жерден тоқтатылған.
Басылым тағы бір даулы жайтқа назар аударады. Мәліметке сәйкес, қонақүй мүлкін бағалаған сарапшы бірнеше күн ішінде 400 беттен тұратын есеп дайындаған. Сонымен қатар, нысанның тозу деңгейі нақты құжатсыз, “көзбен шамалап” анықталғаны айтылған.
Материалда “Зангер” коллекторлық агенттігінің әрекеттері де күмән тудыратыны жазылған. Астана соты кейін бұл агенттіктен мемлекет пайдасына 4,2 миллиард теңгеден астам қаржы өндіру туралы шешім шығарған. Соған қарамастан, қонақүйдің қалай және қандай жағдайда сатылғанына қатысты сұрақтар әлі де жауапсыз қалып отыр.
Даудың тағы бір тұсы – Hilton брендіне байланысты. Кәсіпкердің адвокаттары халықаралық Hilton атауын пайдалану құқығы әлі де заңды франшиза иесінде қалғанын айтады. Олардың сөзінше, қонақүй мемлекетке брендпен бірге берілгендей көрсетілгенімен, мұндай құқықты ешкім заңды түрде өткізе алмаған.
Exclusive.kz бұл оқиғаны “Ескі Қазақстанның” әдістері әлі де жойылмағанының көрінісі деп бағалайды. Басылымның жазуынша, бизнеске қысым көрсету, мүлікті күмәнді жолмен қайта бөлу және қылмыстық істердің аяқсыз қалуы қоғамда көптеген сұрақ туғызып отыр.