Дональд Трамптың билікке келуі Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді - сарапшылар пікірі

Кәмшат Тілеухан 07 қар. 2024 11:48 1274

Трам сайлауалды үгіт-насихат кезінде АҚШ нарығынан Қытайды тырқыратып қуып шығатынын, осылайша жергілікті тауар өндірушілерді қолдайтынын айтқан. Сондай-ақ ол Укринадағы соғысты тоқтататынын да жеткізді. Егер тараптар келіспей жатса, тіпті өзі Сауд Арабиясына ұшып барып, мұнай өндірісін ұлғайтуға қол жеткізу арқылы бағаны 40 долларға (!) құлатуды уәде еткен. Сөйткен Дональд Трамп сайлауда жеңіске жетті. Енді оның осы айтқандары орындалады ма? Егер солай болса, бұл Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді? Бұған жауапты Dalanews.kz сайтындағы мақаладан оқып-біле аласыздар.

Мұнай саласының сарапшысы Олжас Байділдиновтың болжамынша, АҚШ "қара алтынды" көбірек өндіре бастайды. Қазіргі уақыттағы өндіріс көлемі тәулігіне 10-11 млн баррелді құрайды. Шикізат импортының көлемі де осындай.

"Бағада қосу-алу тұрғысында аздап өзгеріс болуы мүмкін. Әрине, баға бірден құлдырай жөнеледі деп айта алмаймыз. Алдағы алты айда ол жағы белгілі болып қалады, өйткені өндіріс көлемін арттыру бір мезетте орын алатын нәрсе емес қой", - дейді Байділдинов LS-ке берген сұқбатында.

Оның айтуынша, Трамптың айтуынсыз-ақ Сауд Арабиясы мұнай өндірісін тәулігіне 2 млн баррельге арттыруға ниетті.  

"Араб елдері бұл көлемді кейіннен 3-тен 5 млн баррелге арттырулары мүмкін екенін де айтқан. ОПЕК+ келісімдеріне жүгінетін болсақ, бұл әбден мүмкін. Бірақ олар соңына дейін саудаласып, қандай да бір жаңа талаптарды алға тартатын болады", - дейді сарапшы.

Осы жағынан алғанда, алдағы бір жыл бойында шикізат табысына экономикасы байлаулы Қазақстанға үлкен қауіп жоқ деп айтуға болады.

Сондай-ақ қайтадан АҚШ билігіне келген Дональд Трамп мынандай екі нақты ұсынысты алға тартқнаны:

  1. АҚШ-тағы барлық импортқа 10%, тіпті 20% көлемінде әмбебап тариф енгізу;
  2. қолданыстағы тарифтерге қосымша Қытайдан жететін барлық импортқа 60% , тіпті 100% қосымша тариф енгізу.

Мұндайда америкалықтардың тұтынушылық қабілетінің жыл сайынғы көлемі  46-дан 87 миллиард долларға дейін төмендеуі мүмкін. АҚШ-тың Ұлттық бөлшек сауда федерациясы (NRF) жариялаған зерттеуде осындай  қорытынды жасалады. Зерттеуде енгізілетін мұндай тарифтер АҚШ-та сатылатын тұтыну тауарларының кең ауқымының құнына айтарлықтай әсер ететіні атап көрсетілген.

Зерттеу бұл тарифтердің АҚШ-тағы барлық дерлік үйде кездесетін тұтыну өнімдерінің алты санатына бағытталғанын нақтылайды: киім-кешек, ойыншықтар, жиһаз, тұрмыстық техника, аяқ-киім және саяхаттауға арналған тауарлар.

Нәтижесінде, барлық қарастырылған санаттағы тауарлардың жалпы орташа тарифі 50% - дан аса қымбаттайды.

"АҚШ-тың баламалы жеткізу көздері мен әлеуетті жаңа өндіріс ошақтарын есепке алғанның өзінде тек осы алты өнім санатына ұсынылатын тарифтер америкалық тұтынушылардың сатып алу қабілетін 46-78 миллиард долларға төмендетеді, ал тарифтер жылына бір үй шаруашылығына шаққанда 362-624 долларды құрайды. Яғни, ұлттық федерациядағылар бұдан кейбір америкалық өнеркәсіп ұтқанымен, тарифтен бюджетке кіріс түскенімен тұтынушылар шығындары арта береді, әсіресе ең осал топтарға оңай болмайды және АҚШ экономикасы таза шығынға ұшырайды деген сенімде" деп жазады экономист Ғалымжан Айтқазин өзінің Telegram-арнасында.

Ал бұл өз кезегінде Қазақстандағы импорт тауарлардың қымбаттайтынын, инфляциялық қысымның күшейе түсетінін, артылған тауарларды Қытай кез келген жолмен ашық жатқан біздікі секілді нарықтарға "төге түсетінін" байқата алады.

Сөз соңында желідегі "Неизвестный" дегеннің мына бейтарап пікірін қызықтаушылар көп екен, оны сол күйінде ұсына кетелік:

"Трамп жеңді, у-шу сап тыйылды, біртүрлі тыныштық орнады. Бәрі демін ішіне тартып, бір өзгерісті күтуде. Адамдарды айтамын, бала секілді, иә. "Аяз ата келеді, Санта Клаус сыйлық сыйлайды" дегенге сенеді. Ал шынтуайтында уақыт, минут, өмір қазір тура бәріміздің басымызда зымырап өтіп жатыр. Өз өмірінде өзгеріс жасау өз қолыңда. Ал ғарышта немесе мұхиттың арғы жағында болып жатқандарға алаңдаудың керегі жоқ. Өйткені оның бізге, біздің жемқорлыққа, өскен бағаларға еш әсер етпейді, маған сеніңіз...".


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар