Қазақстанда әскери қызметшілер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау жағдайларының алдын алу үшін арнайы ведомствоаралық бағдарлама қабылдау қажет. Мұндай бастаманы Сенат депутаты Андрей Лукин көтерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сенатордың айтуынша, бұл мәселені шешу үшін қолданыстағы заңнаманы күшейтіп, әскери құрылымдар арасындағы өкілеттіктерді нақты ажырату қажет.
"Әскери полиция, басшылық және құқық қорғау органдарының міндеттерін нақтылау, тәртіп бұзушылықтарды тіркеуге арналған цифрлық мониторинг жүйесін енгізу маңызды. Сондай-ақ әскери бөлімнен өз еркімен кету жағдайлары үшін жауапкершілікті күшейтіп, қызметтен “теріс себеппен” босату мен әлеуметтік жеңілдіктерді теріс пайдалану мәселелерін реттеу керек. Бұдан бөлек, әскери психологтарды даярлау мен сертификаттаудың бірыңғай стандарттарын бекітіп, суицидтің алдын алу бойынша ведомствоаралық бағдарлама қабылдаған жөн", - деді Лукин.
Ол атап өткендей, әскердегі құқықтық тәртіп пен тәрбиелік жұмыстардың сапасы заңнаманың заман талабына сай болуына тікелей байланысты. Қазіргі кезде әскери полиция мен басшылық қызметін реттейтін бірқатар ереже ескірген және цифрландыру мен ведомствоаралық өзара іс-қимылды толық қамтымайды. Соның салдарынан әлі күнге дейін әскер қатарында әлімжеттік, өкілеттікті асыра пайдалану және психологиялық дағдарыс жағдайлары кездесіп отыр.
"Қолданылып жатқан шараларға қарамастан, әскерде жүйелі проблемалар сақталып келеді. Әскери бөлімнен өз бетінше кету, жарғыға қайшы қатынастар, жемқорлық және тәртіп бұзушылық фактілері азаймай отыр. Алдын алу жұмыстары әлсіз, әскери полиция, прокуратура және командование арасындағы өзара іс-қимыл тиімсіз. Бұл қолданыстағы құқықтық жүйенің ашықтық пен жауапкершілік қағидаттарын толық қамтамасыз ете алмай отырғанын көрсетеді", - деді сенатор.
Андрей Лукиннің пікірінше, мұндай шаралар тек әскердегі тәртіпті нығайту үшін ғана емес, сонымен қатар қоғамның Қарулы күштерге деген сенімін арттырып, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де ықпал етеді.
