Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы білім беру саласындағы әлеуметтік педагогтар мен техникалық қызметкерлердің жалақысына қатысты мәселе көтеріп, Үкіметке нақты ұсыныстар жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутаттың айтуынша, әлеуметтік педагогтардың жалақысы тым төмен. Олардың қазіргі айлығы 118 мың теңге. Ал атқаратын жұмысы үлкен жүктемені талап етеді. Мәселен, 1500-2000 балаға қызмет көрсету, құжат жинау, мектепке жол акциясын жүзеге асыру, ерекше білімді қажет ететін балалармен жұмыс, тіпті кей жағдайларда үйлерді аралау сияқты міндеттерді орындауға мәжбүр.
Сәрсенғалиев 2023 жылы әлеуметтік педагогтарды В3 санатынан В2 санатына ауыстыру туралы ұсыныс бергенін, бірақ Үкімет бұл мәселені әлі күнге дейін шешпегенін айтты. Оның есебінше, бұл өзгеріс олардың жалақысын 150 мың теңгеге дейін көтеруге мүмкіндік береді.
“Ұрпаққа білім мен тәрбие беретін мамандардың еңбегін лайық бағалау – қоғам алдындағы міндетіміз,” – деді ол.
Сонымен қатар, депутат білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін еден жуушы, аула сыпырушы, аспаз, электрик, вахтер сынды техникалық қызметкерлердің де табысы өте аз екенін айтты. Ресми деректерге сүйенсек, олардың жалақысы 2024 жылы 71%-ға, ал 2025 жылы 100%-ға өседі деп жоспарланған. Алайда бұл өзгерістердің өзінде олардың табысы елдегі орташа немесе медианалық жалақы деңгейіне жете алмайды.
“Бұл тек әлеуметтік әділетсіздік қана емес, жұмысшы мамандықтарына деген немқұрайлы көзқарас. Мемлекет басшысы 2024 жылды “Жұмысшы мамандықтар жылы” деп жариялады. Егер олардың еңбекақысын биыл көтермесек, қашан көтереміз?” – деп түйіндеді Сәрсенғалиев.
Осы тұста, депутат Үкіметке келесі ұсыныстарды жолдады:
1. Әлеуметтік педагогтарды В3 санатынан В2 санатына ауыстыруды қарастыру.
2. Техникалық қызметкерлердің жалақысын елдегі орташа жалақы деңгейіне жеткізу.
3. Еңбекақы төлеу жүйесіне өзгерістер енгізіп, техникалық қызметкерлерге еңбек демалысына төленетін жәрдемақы мөлшерін арттыру.
4. Бюджеттік мекемелердегі жалақы теңсіздігін зерделеу.
Депутат бұл шараларды жүзеге асыру үшін Үкіметтің 2015 жылғы №1193 қаулысына тиісті өзгерістер енгізуді ұсынды.
“Білім беру саласында еңбек етіп жүрген мамандар мен техникалық қызметкерлердің жағдайын жақсарту – қоғам алдындағы борышымыз,” – деді Сәрсенғалиев.