Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанға екі ірі қайғылы оқиға — Түркістан облысында болған өрт пен Астанадағы фельдшердің қазасына байланысты көңіл айтты. Ұйымның Еуропалық бюросының басшысы Ханс Клюге ресми хат жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz
«Астанада адамдарды құтқару міндетін орындау кезінде жас медициналық қызметкердің қаза болуына байланысты шын жүректен көңіл айтамын» – деп жазды ол Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға.
Хатта Алғабас ауылында болған қайғылы оқиға да атап өтілді: өрт кезінде екі отбасы, оның ішінде тоғыз бала қаза тапқан. Сонымен қатар, Ханс Клюге қажеттілік туындаған жағдайда ДДСҰ көмек көрсетуге дайын екенін хабарлады.
«Балалардың өрттен қаза болуы – үлкен трагедия, туыстарының қайғысын елестету мүмкін емес», – деп атап өтті Клюге.
